23/05/2022, 15:54 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Үйге келдім. Анам осы жолы асықпай, мауқын басып тұрып бетімнен сүйді. Және сол бойда жарты кесе сүт берді. Әскерге кетіп бара жатқанда да жарты кесе сүт берген еді. Құпиясын енді түсіндім. Бұл да бір қазақтың жақсы ырымы екен ғой. Кетерде жарты кесе сүт беріп, қалған жартысын ауылға келіп ішуін маңдайына жаз деп екі жыл Құдайдан медет тілеген екен ғой. Анамның тілегі қабыл болыпты. Тұрар Шапқара "Әскер – менің мектебім!"
Қызық-ау, табиғат-ананың саналы һәм санасыз етіп жаратқан екі аяқты және төрт аяқты жан иелерінің қайсысын алып қарасаң да ашкөздік пен жемқорлық еш уақытта жақсылыққа апарып соқтырмаған ғой. Төрт аяқты аңның ішіндегі айлакері түлкі десек, кейде оның өзі де қу құлқынының қамын ойлаймын деп, сақтықты ұмытып, қақпанға түсіп қалатын кезі болмаушы ма еді? Болат Бодаубай "Қарт тергеушінің әңгімелері"
Пенде шіркін асығын күнде алшы түсірсе де, басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Ауырмайтын адам жоқ. "Аурудың емі – саудың сәлемі" дейді. Ең бір сауабы үлкен сәлем – сырқат адамның қолын алып сәлемдесіп, көңілін сұрау. Жаны мен тәні бірдей қиналып, "әлдеқалай болам" деп көңілі күпті, жүрегі қаяу тартып жатқан кісіге жылы-жылы сөз айтып, рухын көтеру ауру адамның көңіліне - медет, бойына қуат береді. "Жақсы сөз – жарым ырыс" деп тегін айтылмаған. Сол ауру адам Алла емін салып жазылып кетсе, сенен жәрдем көргендей кездескен жерде ықыласы ерекше болады да жүреді. Неге десең, жайшылықтағы сәлемнен науқас кездегі сәлемнің орыны өзгеше, жөні бөлек сезіледі. Жаман айтпай жақсы жоқ, бұл дүниедегі татар дәмі таусылып, қазаны төңкерілсе, тірі кезінде сәлем беріп, көңілін сұрап тұрғаның үшін, тірлігінің соңғы күндерінде тілдесіп қалғаның үшін өзіңе риза боласың. "Әттеген-ай, сонда неге бармадым" деп өкініштің уыты жүрегіңді езбейді. Сәлемдесу – әрбір саналы адамға парыз. Әйтсе де сәлемдеспейтін, сәлемдескеннің мін болмайтын, қайта жөн болатын кезі бар. Өмірден сыбағасын ойып алып, төрт жағы түгел құбыла болып жүрсе де, өзекті жанға – бір өлім. Біреуге ерте, біреуге кеш, әйтеуір, қайтпас жолға бір кетеміз. Өлім айналасына қашанда ауыр тиеді. Асарын асап, жасарын жасап, әбден қартайып қайтыс болса да, артында қалғандарды бір сілкінтіп кетеді. Әрбір адамға жақынынан айырылу – мына жалған дүниенің өлшемімен алғанда, қайғылы жағдай. Сондай адамы қайтқан қаралы үйге келгенде сәлемдеспейді. Сәлемдесу – амандық сұрау. Ал адамы өлген үйде қайдағы амандық. Өлімге келгенде, қазақ дәстүрі бойынша, дауыс шығарып жылап кіреді. Көңіл айтады, тоқтау, басу айтып, үй иелерінің көңілін демейді. Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты"
Өзінің ішкі әлемінен пана таппаған адам басқаны іздейді. ⠀ Таласбек Әсемқұлов "Абайдың ұлы жұмбағы"
— Жас болыппын, табысқа мас болыппын де онан да. Өмірдегінің бәрін біліп алдың деп кім үйретті саған! Соғыс мектебінен тәрбиеленіп өстің, сол да жетеді деп кім үйретті саған! Отанға еңбек сіңіріп біттің, енді қызмет етпесең де болады деп кім үйретті саған! Айтшы, айтшы қане! Айта алмайсың. Сенімге семіріп, азаматтық борышыңды ұмытайын деген екенсің! Омырауыңдағы мынау ордендер мен медальдардың неге міндеттейтінін ұмытайын деген екенсің! Жауды құртуда қандай батыр болсаң, бейбіт еңбекте де сондай батыр бол деп тұрған жоқ па бұлар біле білсең? Сынаған құрбыларың саған осыны ескертеді. Сен соғыста қан кешкенде, олар елде сенің қамың үшін миллиондардың бірі болып жан аямай еңбек етті. Қорлама олардың ерлік еңбегін! Анау мұғалім, сен тіл тигізген мұғалім — Сталинградты қорғасқан ерлердің бірі. Ел үшін қан төккен ерлердің бірі Бораш та, елгезек, кішіпейіл. Бораш та сондай. Көрмеймісің, олар сендей көкірегін көтермейді. Сендей асқақтамайды... Мұқан Иманжанов "Ақмоншақ"
Қашан шәлі астына түскенге дейін қыз байғұс төсін жан адамға көрсету түгіл, барын білдірмеуге тырысып, кеудесін тақтайдай тегіс қып таңып тастамайтын ба еді?.. Сонда да сезіліп қалар дегендей, төсегіне жатқанда ғана болмаса, төсі білінген қыз, жеңсіз төс қамзолын үстінен тастаушы ма еді?.. Ендеше, мына қыздардың төстерін едірейтіп көйлекшең отырғандары несі?.. Әлде бұл, мен көру түгіл естімеген жаңа тәртіп пе екен?.. Не тәртіп болса да, мен мұндай ұятсыздыққа көне алман!.. Сәбит Мұқанов "Мөлдір махаббат"
Тағдырдың әр адамға дайындаған талай сыны бар. Білгенге: байлық та – сын, кедейлік те – сын, қуаныш-қайғы да – сын. Алма Қыраубаева "Мыңжылдық жолаушы"
Ұлға тентектік, қызға еркелік жарасушы еді... Қызым, сен тентек болып барасың. Ұлым, сен ерке болып барасың. Ерке ұл ержетіп жарытпайды. Тентек қыз бойжетіп жарытпайды. Ұлым, сен есіңді жи да тегіңді ойла. Қызым, сен ертеңгі барар еліңді ойла. Исраил Сапарбай "Бір тамшы көздің жасындай"
Шарапты сүйіп ішсең де мас етеді, сүймей ішсең де мас етеді. Әйел заты тап сол секілді — жолап кетсең қауіп. Бердібек Соқпақбаев "Өлгендер қайтып келмейді" Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 157 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |