Кітап үзіндісі
16/05/2022, 13:35

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Өткен жылы Гитлердің аз уақыттың ішінде Москваны, Ленинградты алып Оралға өтем, Азия ұрыссыз бас иеді деп көпіргені есіңде ме? Ол ақымақ бізді адамға санады ма екен? Ол Азия ұлдарының алып қимылын көріп қана мойындаған жоқ па? Кеше ғана бізге күлген немістер енді қара шашты, қара көзділерден өлердей қорқады.

Отан бізге қолымызға қару, бойымызға қуат беріп, өзіңнің сүйікті Арқаңды, сұлу Шығысыңды, қонақжай халқыңды қорға деді. Сол Отан, бүгін менің тағдырым сенін қолында, жауынгер, деп отыр. Ойлашы, Шығыс ұлы, біз ел сенген ерміз, қалайша неміске туған жерді қолдан береміз? Ел намысы үшін, ер намысы үшін жан қиятын шақ бұдан артық болар ма?

Сен еркіндіктің туын көтерген азат елде өстің. Сен езің сүйген Шығыстың бір сұлуына үйленіп едің, сен өзінше, менің әйелімнен сұлу, сүйкімді жан жоқ деп ойлап едің. Ендеше ордаң бүлінбесін, сүйген сұлуың күң болып зарламасын десең, өлтір жауды, өлтір фашисті! Өлімнен қорықпа, екі өлмек, екі тумақ жоқ, ұмтыл ілгері...

Баубек Бұлқышев "Шығыс ұлына хат"

 

Міне, тап бүгінгі түнде, таңертеңгі ұрыс алдында, туған елім мен барлық халқыма, тіпті барлық адам баласына: «Мен өмірден алатын еншімді әлі алғаным жоқ, мен өмірді қатты сүйемін, менің өмір сүргім келеді», — деп бар даусыммен айғайлағым келеді.

Менің өмір сүргім.келеді. Жанна, білемісің, соғыста өлу деген қиын жұмыс емес. Көп адамдар: «Отан үшін өлеміз», — дейді. Керек болса, Москваны қорғап өлген біздің 28 бауырлар сияқты өлеміз Отан үшін. Бірақ біз, оған солдаттары: «Отанымыз үшін өмір сүргіміз келеді!» «Фашистерді қырғымыз келеді!» — дер едік.

Менің өмір сүргім келеді. Бірақ фашист неміспен бірге өмір сүре алмаймын. Фашисі бар дүние тар мен үшін. Адам мен аң бір бөлмеде тұра алмайды. Бір жердің үстінде фашист неміспен бірге жасай алмаймын мен. Біз Шиллерді, Гетені сүйетінбіз, біз оларды қазір де жақсы көреміз. Біз қанқұмар емеспіз. Бірақ мен Германия жастарының арасында Вертер сияқты біреуін де таба алмадым. Оларда жүрек жоқ.

Фашист немістер тіпті солдат та емес. Суворов «Солдат — талаушы емес», — депті. Мен мұны азырақ қана ауыстырып: «Талаушы — солдат емес», — дер едім.

Баубек Бұлқышев "Өмір сүргім келеді"

 

Олар да бір кезде шыр етіп анадан туды, тәй-тәй басты, ата-ананың қуанышы болды, қайғысы болды, біреуді ұнатты, біреуді жек көрді, өмірден бірде жақсылық, бірде жамандық көрді, өмірдің бір сәтінде тентек болды, бірде ақылды болды, сөйтіп, "тіршілік" деп аталатын мына жалғанда көзі жұмылғанша тырбанып өтті.

Қазір оларды ешкім білмейді. Бір кезде осы өмірдің қожасы боп, жер сарайын дүрілдетіп жүрген жандар қазір жым-жырт, өздері туылған кезге дейін қалай белгісіз тозаң боп ұшып келсе, енді сондай белгісіз, тылсым тозаңға қайта айналған. Күні кешеге дейін, кеудесінен жан шыққанша жер үстіндегі алдамшы тірліктің қызығына шынымен сеніп, мәңгі жасайтындай шынымен алысып-жұлысып келген екі аяқты жұмыр басты аңғал пенделер қазір қайда кетті? Олар кімге айналды, неге айналды? Ешкім де білмейді...

Дулат Исабеков "Тыныштық күзетшісі"

 

Бойдағы қадыр тұтар қасиетіміз қалғып кетсе болғаны, арамза әзәзіл мен пасық пиғыл, нәкәс ниет қараңғыны малданған қандаладай өре түрегелетінін қайтерсің?! Күн мен түннің, өмір мен өлімнің, қарын мен дарынның... адам бойындағы айқасы мен шайқасы ақырзаманды жеделдетпегенде қайтсін...

Исраил Сапарбай "Бір тамшы көздің жасындай"

 

Әмсе жаңсақ баспау мүмкін емес, ұлым. Тіпті өзің біліп тұрсаң да солай. Бірақ кейде өмір сонысымен қызықты. Ұқтың ба?

Эрих Мария Ремарк "Аманат өмір немесе Тәңірі алдында теңбіз"

 

Осы күні адамдардың бәрі білгіш‚ бәрі ақылды секілді көрінеді. Бірақ бетпе-бет келгенде кез келген мәселеде өз пайдасына қарай ойысып кете береді. Тіпті‚ ақындар да өлең шіркінді алға сап‚ арнау оқып‚ полковниктер мен генералдардың жүрегіне жол табу үрдіске айналып барады.

Қуандық Түменбай "Түрмедегі торғай"

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 148 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: