Кітап үзіндісі
25/04/2022, 13:30

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Адамға құдай бейнет берерде алдымен сол адамның қасында жүретін жақсы адамды алдын ала сайлап қоятын болу керек.

Бибігүл Иманғазина "Тауқымет"

 

Жел өтіне көк байрағымызды қанша желбіреткенімізбен, ондағы бәдізделген Қыран кейпіне жан бітірмесек, ұранымыз да, “жұмағымыз” да жалған әуезеге айналады.

Исраил Сапарбай "Бір тамшы көздің жасындай"

 

Адамға нысап керек. Нысапсыз болсаң, налаға қаласың. Құдай нысапсызды қаламайды.

Шерхан Мұртаза "Соғыстың соңғы жесірі"

 

Мысықтың тілеуі – өлім. Осы үйдің баласы өлсе, сүтін мен ішер едім деп күндіз-түні тіленіп тұрады дейді. Біздің үйдің мысығы да сондай тілеуі зор мысық болды‚ бірақ мысық тіледі екен деп торғай торға‚ балапаны ауызға түсе беруі керек пе. Олардың да пешенесіне бейқам өмір сүруді жазған шығар. Әлсіздің әлдіге жем болуы өмірдің ережесі емес қой?!

Қуандық Түменбай "Түрмедегі торғай"

 

– Шырақ,— деді маған тура қарап,— соғыстың иттігінен қара танымай қалған мені, жаман ағаңды былай қойғанда, өзің... білім, атақ, дәреже қуып, жер-жаһанды аралаған мына өзің... іздегеніңді таптың ба? — деп, орнынан атып тұрып кетті...

Ал, ағайын, сіздер ше?.. Таптыңыздар ма?!

Оралхан Бөкей "Іздегенін тапты ма?"

 

– Жаңа сен "жеті қазына" деп қалдың, оның не екенін өзің білесің бе?

– Е-е, білмегенде ше! Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қақпан, алмас кездік, сұлу әйел, – деп Нәбиден аға тоқтамай санап шықты.

– Сандырақ! – деді ата. – Бұлар бүкіл халыққа қалай қазына болады? Мұны "ер жігіттің жеті қазынасы" деп анықтап айту керек. Бұл ер-азаматтың жеке басына, тұрмыс-тіршілігіне қажетті бағалы дүниелеріне байланысты айтылған. Жүйрік ат – жігіттің қанаты. "Ат – ер қанаты" дегендей, атсыз жігіттің күні қараң болған. Қыран бүркіт – жігіттің алғырлығы, бүріп түсер күш-қуаты. Құмай тазы – сенімі, досқа адал беріктігі. Берен мылтү – оты, қаһары. Қақпан – серті, бірсөзді мәрттігі. Алмас кездік – сұсы, айбыны. Сұлу әйел – елдің бәріне сұлу қайдан табыла берсін, бірақ сұлу болсын-болмасын, ол – ер-азаматтың артындағы қамалы, отының берекесі. Сұлу әйел дегенде тек бет көркі емес, оның жан тазалығы, ақыл-парасатын айтқаны. Беті жылтыраған ұрғашының бәрі қазынаға жатпаса керек. Сөздің қысқасы, ер жігіттің басындағы осы жетеуі түгел болса, таршылық көрмейді депті бұрынғылар. Бұлайша тарқату қазақ халқының сонау бір кездегі өмір-тіршілік, тұрмыс-салттық қасиетінен туындаған. Бүгінгі заман жігіттерінде бұлар қазынаға жатпайды. Әр кезеңнің өлшемі сол өмірге сай болатыны заңды. Жүйрік ат мініп, қыран бүркіт ұстап, құмай тазы ертіп, берен мылтық асынып, қақпан бөктеріп, кісесіне қынға салған асыл кездік байланып жүретін заман келмеме кеткен. Тарих болып қалған. Ауылды жерлерде саятшылықпен айналысатын бірен-саран ғана адамдар бар. Енді осы "жігіттің жеті қазынасымен" сабақтас "жігіттің жеті өнері" дейтін де ұғым болған. Әнші, күйші, ақын, палуан, аңшы, атбегі, құсбегі – қазақ осының бәрін ер жігіттің басына місе тұтпай, "жігітке жеті өнер де аз" депті. Көрдіңдер ме, ер-азамат атына сай болуы үшін жігіттерге қандай талап қойып, міндет жүктегенін, – деп ата сөзін аяқтады.

Зейнеп Ахметова "Жетілік ұғымы"

 

Не ғажабының барын білмейді, сыртта жүрсе өз-өзінен арқаланып, иығы биіктеп тау секілденіп сезінеді де, туған жеріне жақындаған сайын – төмендегеннен төмендеп баяғы бала қалпына қайта түседі. Сыртта "пәленшекең, түгеншекең" деп дабырайтып көрсететін жұрт аулына тақаса болды, көлденең көк аттыға дейін "о, өзіміздің бала ғой", – деп кішірейтуге құмар.

Дүкенбай Досжан "Жүрек шамы"

 

Осы жолда — жас адамға өнеге көрсетем, тәлім берем деген ұлы ниет жолында өзің де тәрбиелене береді екенсің. Адам тәрбиелеу, естіп отырсыз ба, Ақмоншақ, адам тәрбиелеу! Бұдан ардақты, бұдан қызық не болсын дүниеде! Мүмкін, сізге бұл сезім онша таныс болмас. Әттең, оқытушы болсаңыз, білер едіңіз, ұғар едіңіз бұл жайды.

Мұқан Иманжанов "Ақмоншақ"

 

Бір көршіден бір көрші:

— Адамдарға деген қайыр-мейіріңді соншама аста-төк еткенің не? –деп сұрапты.

 — Жаңа үйге көшетін адам әуелі ескі-құсқысынан құтылып алмайтын ба еді?! – депті анау.

Исраил Сапарбай "Бір тамшы көздің жасындай"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 138 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: