Кітап үзіндісі
11/04/2022, 13:42

 Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Адам қадірін адам ажырасқанда біле ме, қалай...

Тахауи Ахтанов "Шырағың сөнбесін"

 

Адам болу үшін көп көру керек.

Таласбек Әсемқұлов "Талтүс"

 

Зат екеш затқа да, шырағым, күтім керек!

Зейн Шашкин "Сенім"

 

Кісі қараңғы түнде жалғыз аяқ соқпақты сипалап жүріп шыңырау құздың шетінен өтіп кетеді, жарық түскесін артына қарап, "нағып аман өттім" деп зәресі ұшады. Содан кейін тағдырды екінші қайыра сынауға жүрегі дауалай бермейді.

Тахауи Ахтанов "Боран"

 

— Өсек деген — осы күнгі фольклор, оның да өмірде өз рөлі бар. Мен әзірге өсектің емес, өзімнің күйеулік рөлімді есіңе салайын деп тұрмын. Меніңше, әйел шіркіннің ылғи болмаса, анда-санда күйеуінің сөзіне құлақ асып қойғаны дұрыс. Әйелдің әйел екенін ұмытпай жүруі де жауапкершілік.

“Күләштің соңғы көктемі” Бексұлтан Нұржекеұлы

 

Адам дүниеге келген кезде не бай не кедей болып тумайды. Ол адам болып туады және адам болып өледі. Бірақ осы өмір мен өлім арасындағы ғұмырын ол өзі жасайды. Себебі ешкім сізге бәрін дайындап бермейді. Ал жақсы өмір сүру үшін жақсы адам болу ғана жеткіліксіз. Жақсы адамның да жақсы жұмысы, табысы, еңбегі болу керек.

Дәулет Төлеутайұлы "Бизнеске бағыт"

 

Екі сөйлеген сөз құнын түсіреді. Екі жүрген жол да елеңдетпейді. Екінші үйлену де, онша құштарлық туғызбайды. Қайталай берген сырлы, сұлу, әйгілі ән де құлақты мезі етеді. Екінші оқылған ұлы классиктердің кітабы алғашқы әсерінен айрылады. Қысқасы, кейде екінші рет қайталап өмір сүрер ме еді деп, армандаймыз, сол екінші өмір де жоғарыдағыдай сүреңсіз болар-ау.

Аманжол Жақыпов "Жасырын жазбалар"

 

Кітапты дұрыс таңдау

 Кітап таңдау өзіңізге киім таңдаумен бірдей. Өзіңізге тар киімді, не өте кең киімді киіп жүре алмайтыныңыз анық. Немесе өз стиліңізге сай болмаған киімді де ыңғайсызданып кие алмайсыз. Сол сияқты кітапты да таңдағанда өзіңіздің стиліңізге, санаңызға сай кітапты таңдаған дұрыс. Әйтпегенде кітапты соңына дейін оқып бітіре алмайсыз. Мысалы, әріпті енді үйренген адам ғылыми кітаптарды оқи алмайды, ересек адам ертегі кітаптарды оқи алмайды. Кейбір адамдар мотивациялық кітаптарды оқығанды жақсы көреді, ал кейбіреулер тек әдеби жанрдағы кітаптарды оқудан рахаттанады. Өз қызығушылығыңызға сай дұрыс кітап таңдап үйреніңіз. Қазір “Кітап оқып отыра алмаймын. Ішім пысады” деп жүрген адамдар шын мәнінде кітап оқи алады, олар тек өзіне сай кітапты таңдай алмай жүр. Сіз де сол қатардан болмаңыз. Егер бір кітапты бастап, ол оқу барысында сізді қызықтырмаса, оны соңына дейін оқу міндет емес. Кітаптың бетін дер кезінде жаба білу керек. Мүмкін, ол сізге келесі қызықты кітаптың жолын жауып тұрған болар.

Әділбек Исламбек "Оқырман әліпбиі"

 

Міне, бұған Қамардың көзі жеткені секілді, Ахметтің де көзі жетіп, әйтеуір түпкілікті бола алмайтынымыз анық, олай болғанда нақақ біреуді қаралауда қанша пайда деп, олай-былай құмартып құрыстап келгенмен, ақылға жеңдіріп тоқтала беруші еді.

"Қамар сұлу" Сұлтанмахмұт Торайғыров

 

Ерлі-зайыптылардың көбісі екібасты жылан сияқты. Екі басқа бір құйрық. Иә, Алланың бұйрығы солай!.. Екі бастың біреуі айыр тілді айдаһарға, екіншісі кобраға көбірек ұқсайды. Айдаһарда айбар, кобрада cес басым. Біріншісіне жолау қиын, әрі қауіпті. Тілінің уы, тісінің суы қосылса, шаруаңыз бітті — сеспей қатасыз. Ал кобраңыз сесті болғанмен есті. Қыбын тауып басынан сипасаңыз болды – сылқ ете қалады. Әйелдің арбағыш, еркектің алданғыш келетіні осыдан.

Исраил Сапарбай "Ойтұмар"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 169 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: