04/04/2022, 13:42 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Eci дұрыс адам елдің қамын жеу керек. Жас болса қырықтан асып кетті. Қартайып барамыз. Өлгенше бір істі тындырып кету қажет. Жастардың ерік-жігері мықты, жаңа буын жасап шыққым келеді. Жоспарын миымда түзіп қойдым. Қазір қоғам қараңғы. Танымал адамды ғана тыңдайды. Көрмейсің бе, қалың бұқара ғалымға емес, атағы шыққан әуесқой дилетант әншіге табынады. Бұл қауіпті – тенденция. Санжар Керімбай "Бейсен және Болмыс"
"Адам аласы ішінде" дегенді бір сәт жанымен сезінген кілең ақ желеңді шешіп‚ сот залына келгендер қыбырлаған құмырсқаның ішінде де у жатқанын сезгендей іштен тынып ызаланып отыр. Жылан – медицина қызметкерлерінің эмблемасы. Ал у дегенің бірде зиян да‚ бірде пайдалы. Жыланның да бәрі улы емес. Жер бетінде жыбырлаған құмырсқа уын шашып‚ Адамды шағады деп кім ойлаған. Адам залым‚ адам аңқау. Қуандық Түменбай "Түрмедегі торғай"
Ақтық сағатыңда мойнына асылып, еңіреп жылайтын адамыңның жоғы... тіпті жаман екен. Тахауи Ахтанов "Шырағың сөнбесін"
Адам – үмітпен ғана адам. Үміті жоғалған адам жер басып жүре алмас еді. Қуандық Түменбай "Түрмедегі торғай"
– Мен көп нәрсені түсінбеймін, – деген ойға берілді қарт. – Адамның аспандағы күнді, айды, жұлдызды құлатып түсіруге ниет қылмайтыны қандай жақсы. Біз қорегімізді теңізден зорлық қып тартып алып, өзіміз секілді тіршілік иелерін өлтіріп жатамыз, адамға осы да жеткілікті ғой... Эрнест Хемингуэй "Шал мен теңіз"
Әжесі тірі болған күн Қасымның көңілінен сұлу сағымдай, жазғытұрғы мамық түсті бұлттай болып, қайта оралмастай боп жоғала бастады. Әжесінің мұны уатып айтатын ертегісі, кешкі мезгілде алдына алып күпісіне орап отырып, тербетіп айтатын сезімді қоңыр әні де жоғалды. Өшті. Қасымның үмітті жарық күні де батты. Мұхтар Әуезов "Жетім"
— Сөз дейтін не сөз бар, біз баладан айырылсақ, мына алдарында тұрған — атадан айырылған жетімдер. Екі жарты — бір бүтін… - Даусы жарықшақтанып, мұрты селтеңдеп, бұдан ары сөйлей алмады. Мұхтар Мағауин "Бір атаның балалары"
Біз төбеміз көкке жеткендей қуанып қалдық, бір-бірімізге жымыңдаса қарап, шылым тартуды үйренетінімізге мәз боп тұрмыз. Шылымды құшырлана тұрып сорып, оның түтінін мұрыннан, көзден, құлақтан шығару деген керемет қой! Сайын Мұратбеков "Жабайы алма"
Үлкендердiң әңгiмесi әр саққа соғып кеп, бiр кезде заман мен заман арасын салғастыруға ауысты. Қаратай өздерiнiң жас кезiн айтып, әкелер заманын еске алып кеп, бүгiнгi заманның азғанын, бүгiнгi адамның құнарсыз боп, жұтаң тартып бара жатқанын айтты. Абай осы тұста мырс берiп күлдi де, қиғаш сөйледi. – Бұрынғы заманның жақсылығы сол ма, қатар отырған бiр туысқан елдер бiрiн-бiрi шауып, шаншып, сойқаннан арылмаушы едi. Кемпiр-шал қатын-бала тыныштықпен ұйқы ұйықтап, түгелiмен асын iше алмаушы едi. Осы тұрған Сыбан мен Тобықты арасында, Тобықты мен Семей арасында жалғыз-жарым қатнаса алмаушы едi. Алып кетедi, жұлып кетедi деп, ылғи ғана жасанып жүрушi едiңдер. Сол заман да жақсы ма екен? – деген. Қарттар көнген жоқ. Ол күндерден әр түрлi қасиеттер тауып: барлықты, байлықты да санады. Бұрынғы адамның бiтiмдi келетiн, iрiлiгiн де айтты. Көпшiлiктiң сөзiне Құнанбай қосылып кеп, тағы бiр салмақты дәлел тастады: – Дәурен ұзаған сайын, ақыр заман белгiсi айқындай бермек. Адам құлқы өзгерiп, азғындай түседi. Бiздiң заманымыз өзге, өзгенi қойғанда, пайғамбар заманына жақынырақ. Бiр табан жақын болса, iлкiм артық та болар! – деген. Абай осы сөзге iле жауап бердi. Қазiргi күйде бұның көңiлi, шабыты келген ақындай боп, шарпысуды, қаржасуды тiлеп отыр. Жайнап сергiген ойы да қиынға, биiкке мегзегендей болатын. – Жақсылық пен игiлiкке алыс-жақын жоқ. Алатаудың басы күнге жақын. Бiрақ басында мәңгi кетпес мұз жатады. Ал, бауырында неше түрлi гүл, жемiс, неше алуан нәубеттер өседi. Жан-жануарлардың баршасы содан қуат алады. Сiздер пайғамбарға Абуталыптан жақын емессiздер. Ол әкесi едi. Бiрақ Абуталып кәпiр болатын! – дедi. Мұхтар Әуезов "Абай жолы" Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 173 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |