Кітап үзіндісі
28/03/2022, 16:11

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Бірақ өмірдің аты – өмір. Біреу саған қатты сөйлесе, не жамандық істесе, саған да жауап қайтаруға тура келеді. Тек ақылым: айтар сөзің, істер жамандығың оған қалай тиеді, алдымен соны ойла.

Ілияс Есенберлин "Махаббат мейрамы"

 

Осы жұрт философ Гегельді біле ме екен? Оқығандар ғой, білетін шығар. Білсе, сол кісі айтыпты: "Өз ана тілін менсінбейтіндер – өз ұлтын үш рет өлтіргендер", – деп. Орысшасы: "Трижды убивает свою нацию тот, кто игнорирует родной язык". Ол философ Гегель қазір тірі болса, біздің Қазақстанның, өз отанында айдың-күннің аманында өмір сүріп жатқан қазақтардың, әсіресе қала қазақтарының, оның ішінде билік басында отырғандардың хал-жағдайын білсе, әлгі айтқаны – айтқан ба!.. Не деп айтарын, не нәрсеге теңерін де білмей қалар еді-ау. Қайран Гегель! Сенің шәкіртіңбіз деп жүрген философсымақтардың өзі дәл қазір де ана тілін сен сияқты қорғай алмай, көкезу болып жүр-ау.

Шерхан Мұртаза "Бір кем дүние"

 

Сен өмірді жаңа бастағалы отырсың. Сен мені түсінер деп ойлаймын... "Әр жүректің түбінде ақауы бары" рас... Бірақ жастыққа тән – ізгі арман мақсат ұмытылмауы керек! Уайым деген – у. Ол өзіңді де, өзгені де улатуы мүмкін! Сонатаң тула бойы тұнып тұрған сарыуайым екен, бұл болмайды! Қара басқа қайғы қандай жау болса, пессимизм искусствоға сондай жау. Онымен уланған.

Мұқағали Мақатаев "Қош, махаббат"

 

Адамның өзін-өзі аяғанынан өткен құнсыз сезімнің жоқ екенін біле тұра айнадағы бейнемді аяп кеттім. – Құрысын, бұдан былай айнаға қарамаймын, – дедім. – Неге қарамайсың? – деп сұрады Бәкең. – Көз тоқтатар түрім қалмапты, шашым ағарған, оның үстіне сиреп құйқам көріне бастапты. Бетімді әжім айғыздап, ұртым солып, ішіне қабысыпты... – деп тағысын-тағыларды тізіп жатырмын. Сонда ол: — Ой, мамасы-ай, соның бәрін көріп тұрған көзің қандай керемет еді! – деп мені жұбатты.

Зейнеп Ахметова "Әзіліңді сағындық"

 

Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі — жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар.

Абай Құнанбайұлы "Қырық екінші қара сөз"

 

Түн ортасына қарай үй ішіндегі у-шу бір қалыпқа түскен секілді болды. Қайта-қайта шай келді. Шалдар әкем туралы әңгіме бастады. Сөздерінде ешбір реніш-күйініш жоқ. Осылай болуы заңды да, тіпті осынысы дұрыс болғандай, емін-еркін қалжыңдасып, ендігі өлімнің кезегіне дауласып, әңгіме-дүкенмен үй ішіндегі өлім елесін бірте-бірте сейілте берді.

"Әке" Төлен Әбдік

 

Мен малға барғым келмейді, Рапыш!.. Бұл сөзді, әшейін малдың зары өткен соң айтып отырсың ғой! Әйтпесе, бұл сенің маған айтар сөзің бе еді?.. Қатыны өліп, үйінде жылап отырған жетім балалары бар, сақалы күйектей, қарашұбар Боранбайдың баласына мен теңмін бе?.. Сенін де көкейіңді мал тесіп отыр ғой! — деді.

Сәкен Сейфуллин "Айша"

 

Ораза — денсаулық кепілі. Ораза — рухтың тазалығы. Ораза — тозақтан қорғайтын қалқан. Ораза — тілектің қабылдануы. Оразада — ауыз берік. Ауру — астан, дау — қарындастан. Ораза — аштықтың не екенін білу. Ораза айында дау-дамайдан, ұрыс-керістен, қиянаттан, зорлықтан, дөрекіліктен, ұрлық-қарлықтан тыйылған жөн. Әлдекім киліксе: "Аузым ораза", — де. Ораза тек ашығу емес. Ораза — жақсы мінез қалыптастыру. Тәрбиелі тақуа болу.

Шерхан Мұртаза "Бір кем дүние"

 

Көктем кешікті.

Көңіл жабырқау.

Көктайғақ.

Көше талдары – көкке қол жайған көп бейбақ.

Көп керек емес, Алматыға да, маған да

Сәл ғана мейірім, аз ғана шуақ жетпейді-ақ.

Есенғали Раушанов

 

Тағдыр деген – өмiрiмiз алдын ала жазылып, сызылып қойды деген сөз емес. Сондықтан, "не iстей аламын, тағдырыма осылай жазылған" деп шарасыз күйге түсу надандықтың белгiсi. Тағдыр жолдың барлығын емес, тек қана жолдың басты айырықтарын көрсетедi. Жүрiлетiн жол белгілі, бірақ барлық бұрылыс пен қалтарыс жолаушының өзіне байланысты. Сондықтан "Өмiрге толықтай сөзім жүреді" деп айтпа, не болмаса "Мүлде шарасызбын" деме.

Қайрат Жолдыбайұлы "Кемел адам"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 161 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: