21/03/2022, 11:32 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Шіркін, дүниеде достан артық, қоң етіңді кесіп берер жолдастан артық не бар?! Сәкен Жүнісов "Жапандағы жалғыз үй"
— Шырағым, сенің жат жұрттық жан екеніңді мына анаң екеуміз туғаныңда-ақ білгенбіз. Жасыңның келіп қалғанын өзің де түсінерсің. Бұрынғылар айтады екен: "Ұшы қайрылған біз қорлық, отырып қалған қыз қорлық" деп. Енді мұнан былай қарай отырып қалар болсаң ең әуелі бізге батады. Мұндай түзік адам да кездесе бермес... Сайын Мұратбеков "Махаббат"
Солардың ішіндегі жылт етіп, ойына қона қалғаны: адам өз болашағына өзі қалай тапсырыс беретіні туралы еді. Кімді жек көрсең, нені ұнатпасаң, алдыңды кес-кестейді де, керісінше, біреу үшін барыңды беруге даяр болсаң, аяқ-асты содан айырыласың. Алдағы өміріңді өзің абайсызда таңдап аласың... Төрткүл дүние сана шыңырауында бұқпантайлап жүрген сұрақтарыңа өз жауабын береді. Алишер Рахат "Махаббатым – constant"
– Балалыққа салынба, қырағы бол. Бой көтерген соң қыз балаға әркімдер әуес болады: біреулер ашығын айтып сөз салады, енді біреулер сырттай иектейді, тағы біреулер уақытша ермек етіп, көңіл көтеруге құмартады. Жыбырлап келіп ішке кіріп, жылан боп шағатындар да бар. Ондайлар жақындайтын кезде пиғылын білдірмейді. Тор құрудың сан алуан жолдарын іздестіреді. Сол үшін айналаңа сақтықпен қара, сіңілім. Есентай Омар "Әкеден қалған мұра"
— Е, адам басына түскен ауырлықтың бәріне көнуге де тиіс, оны көтеруге де міндетті ғой. Әйтпесе оның несі адам?! - дедім өзімді-езім қайрағандай болып. Әзілхан Нұршайықов "Махаббат, қызық мол жылдар"
Өзінің ашытқысынан айырылып қалмау үшін екі елі балық бір елі балықты жұтады. Өз күшін сақтап қалу үшін күштілер әлсіздерді жейді. Кімге сәті түссе, сол өмірді көбірек сүреді. Бар болғаны осы! Қысқасы, тірі жанның бәрі өзінің қу тамағы үшін өмір сүреді, ал қу тамақ оларға өмір береді. Ұшы жоқ, түйіні жоқ шеңбер. Оның шетіне, шегіне жете алмайсың. Джек Лондон "Теңіз қорқауы"
— Марқұм апам, Зейнептің анасын айтам, сол кісі: "Адам ешқашан тәубесін ұмытпауы керек. Мысалы, қолың шығып кетсе тәубе, сынып қалуы мүмкін еді де, қолың сынып қалса тәубе, өліп қалуым мүмкін еді де", — дейтін. Мен жас кезімде "Зейнептен қалай құтылсам екен" деп ойлайтынмын. Қазір "Тәубе! Тәубе! Бұдан өткен заржақ біреу кездессе қайтер едім" деп, бұрынғы райымнан қайтып, шүкіршілік етіп жүрмін, – деді. Зейнеп Ахметова "Әзіліңді сағындық"
Патшаның тарихта қалу-қалмауы халқына байланысты, халықтың тарихта қалу-қалмауы салтына байланысты. Исраил Сапарбай "Ойтұмар"
Менің білгенім де, көргенім де о дүниеде ешкімге керек емес. Оны оған ала кетудің де керегі жоқ, одан да осы дүниеде қалдырып кеткенің оңды. Бәлкім, біреу-міреуге кәдеге жарар. "Жылтыр моншақ жерде қалмас". Сондықтан да мен көбірек еңбектенуге үнемі асығамын. Бауыржан Момышұлы "Куба әсерлері"
Сексендегі қарт Хайролла жырау айтып еді: "Әйелді баладай маңдайынан сипаған еркектің әйелі – әйел болады", – деп. Жоғары оқуы жоқ қазақтың қара шалының осы сөзінде қаншама ой жатыр. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
– Сен адам болмайсың, миыңа еш уақытта сабақ қонбайды! – деген сөзден кейін, ол балаға шынымен сабақ қонбайтынына кепілдік беруге болады. Емшінің ауруды жазып жіберетін қасиеті сендіру мен көмектесемін деген шын ниетінде екенін мұғалімнің де есте ұстағаны жөн-ақ болар еді. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Қыздардың отбасылық өмірде жолы болмауының бір себебі өз мінезін тани білмеуінен. Шәкірттерімнің тағдырына көз сала жүріп, мынандай қорытындыларға келдім: Мінезінде кісіге деген аяушылық басым, ұяң жан болсаң, дұрыс тәрбие алмағандықтан, өмірін дұрыс құра алмайтын, сондықтан жолы болмайтын жігітке тек аяғандықтан күйеуге шығудан сақтан. Сен өзіңнің ұяң мінезіңмен оны "жөндеп алуың" екіталай. Іштей қайғырумен өзіңді жоғалтуың мүмкін. Оқуда да, күнделікті өмірде де қиындықтарды алғырлығыңмен, табандылығыңмен жеңіп үйренген болсаң, ұнаған жігітті өз белсенділігіңнің арқасында тез игеріп алудан сақтан. Өйткені алғырлықпен мұнда да "жеңіске" жетуің мүмкін. Бірақ күн өте келе жігіт жағынан шынайы сезімді көре алмай, опық жеп қалма. Үйленбей жатып тілі тиетін, қолы тиетін адам үйленген соң бұрынғысынан жақсы болып кете қоймайды. Кінәні өзіңнен іздеп қиналма. Ішкі мәдениеті жоғары адам – барлық жерде мәдениетті. Мінезіңде қиялшылдық бар болса, бір көрген кісіге елп ете қалудан сақтан. Қиялыңдағы жігітің осы екен деп, сырын білмей аһ ұрма. Уақыт – сыншы, асықпа қиялшылдықтың табиғат сыйлаған шығармашылық қасиетімен бірге үлкен бір кемшілігі де бар. Ондай адам тіршілік құйтырқыларын шеше білуге шорқақ келеді. Мінезің ашық, кез келген кісімен тіл тауып кететін ақ көңіл болсаң, махаббат мәселесіне келгенде ұстамдырақ болуға тырыс. Жұрттың бәрін өзіңдей көріп, лапылдай беруден сақ бол. Кей жігіттер қыздың ақ жүрек, ашықтығын үйленгенше ғана тәуір кереді. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Баланың маңайында сөйленетін сөздер де әдепті, сұлу болуға тиісті. Былық сөздерді естіп өскен бала өмір бойы былық, былапыт тілді болады. Отағасы-ау, бала-шағаңның алдында былық, былапыт сөздерді сапырып сөйлегеніңді қой. Қайдағы құдай атқан сөздерді естіп өскен ұлыңда қандай әдеп болады, қызыңда қандай қылық болады?! Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Сабақ барысын ойластырғанда, балаға қайтсем көмек беремін, қалай жұмысын жеңілдете аламын деп ойлану керек. Жол таба алмайтын қиындыққа, тұйыққа тіреп қоюға болмайды. Өйтсе, баланың ықыласы өледі. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Жеңістің де түр-түрі бар ғой. Соның ең қиыны – адамның өзін-өзі жеңуі. Өз қорқынышын, еріншектігін жеңу, өз әлсіздігімен алысудан асқан ауыр жұмыс жоқ. Ол – көрінбейтін еңбек. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
ЖИЫРМА ТОҚТАМ 1. Кісі екеніне күмәнмен қараған баладан кісі шықпайды. 2. Оқушының кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің. Жеңісін ізде. 3. Баланы таң қалдыруды ұмытпа. Даналыққа ұмтылу таң қалудан басталады. 4. Әр баланың өмір тіршілігі – өзінше бір тағдыр. Баланың тағдырына ой көзімен қара. Сабаққа келмесе, себебіне үңіл. Сабағыңа қызықпаса, себебіне үңіл. Тентек болса, себебіне үңіл. Себебін алдымен өзіңнен ізде, мұғалім. 5. Мұғалімнің өз сабағын білуі жеткіліксіз. Баланың жан дүниесін түсінбейтін мұғалім сабақ беруші ғана. 6. Баға құнды емес, бала құнды. 7. Бала мектеп үшін емес, мектеп бала үшін жұмыс істеуі керек. 8. Әр бала өз мүмкіндігінің жоғары-төмендігіне қарамастан, өзінше бір ғажайып құбылыс. 9. Мұғалімнің мақсаты өз пәнін жақсы үйретуден гөрі тереңіректе. Ол – адам жасаушы адам. 10. Сабақ дегеніміз – мұғалім мен шәкірттің адамгершілік қарым-қатынасы. 11. Баланың мүмкіндігіне сенген мұғалім мен сенбеген мұғалімнің іс-әрекеті әр түрлі болмақ. 12. Көптің көзінше баланың кемшілігін бетіне баспа. Сеніп айтқан сырын шашпа. 13. Сабақтың мақсаты – баланың басқаға ұқсамайтын қасиеттерін аша білу. 14. Сабақ үстіндегі тыныштыққа көп ізденіспен, еңбекпен ғана жетуге болады. 15. Мұғалімнің сөзі мен ісі жасанды емес, шынайы болуы аса қажетті шарт. 16. Баланың ықыласын оята біл. Қолынан іс келетіндігіне сендіре біл. 17. Мұғалім мен баланың қарым-қатынасы қуанышты әрі пайдалы болсын, 18. Балаға сыйлы боламын десең, өзің баланы сыйла. 19. Қиын тақырыпты түсіндіре салып сұрауға асықпа, келесі сабақты қайта түсіндіруден баста. 20. Әр бала – халқының келешек тұлғасы. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Менің ойымша, тәрбиелеу – адамның жанын жасау. Тек ақпаратты білумен ғана адам жасалмайды. Жаны лас білімпаздан адамзатқа пайда жоқ. Егер баланы ертелі-кеш үстел басынан шығармай, тек ми жұмысына қойсақ, біраз жылғы азаптан соң бір шөкім болып, қартайып кеткенін көрер едіңіз. Жалпы, баланың өзi барометр, оны байқаусыз бағыттап қойсақ жетеді. Осылай бағыттап қоюдың өзі талантты мұғалімнің қолынан келеді. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Егер де сенің көңіліңде қайғың немесе қуанышың болса, оны сол қайғы мен қуанышқа серік болатын адамға ғана айтуыңа болады. Қайғылы жанға қуанышыңды айтпа. Үмітсіздіктен сақтан, жақсылықтан үмітіңді үзбе, үміт есігін аша біл. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Сені жан-ділімен жақсы көріп, тәрбиелеп жүрген атаанаың көңілін қалдыратын құрттай іс жасасаң, сен ешқандай да жақсылыққа лайықты жан емессің. Өйткені кім де кім ата-ананың жақсылығын білмесе, басқа біреудің жақсылығын да бағаламайды... сен ата-анаңа не істесең, саған перзентің де соны жасайды. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Әр шәкірттің өз мінезіне қарай бабын таба алмасақ, онда мұғалім емес, сабақ беруші ғана болып қаламыз. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Шәкіртін сыйламайтын мұғалім ғана онымен дауласып, ұрысуға барады. "Сыйлы боламын десең, сыйлай біл" деген мақал мұғалімге де арналған. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Шәкірттің өз пікіріммен келіспегеніне қуанамын. Ол өз ойын дәлелдеуге тырысса, пікірін қысылмай жеткізе алса, сабақтың жетістігі – сол. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Сабақтағы ақпараттық әдістің күні өткен. Шәкіртке болған жайдың жиынтығын айтып берумен қанағаттанбай, білімді қайдан, қалай тауып алатынын ұқтырып, өмірлік мәселелерге көзқарасын қалыптастыру керек болады. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Бір мұғалімнің тапқан жақсы тәсілін сол қалпында үйреніп, іске асыруды мақсат етуге болмайды. Себебі ол тәсілді тапқан кісінің жеке қасиеті де керек. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Шәкіртке "екі" қою арқылы тәрбиелеуге болмайды. "Екілік" — өзіңе қойған бағаң. Өзіне талап қоюға ерінген мұғалім балаға талап қойғыш болады. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Махаббатты сақтау адамның өзіне байланысты. Ерлі-зайыптылар бір-біріне деген сыйластығын сақтап, жан сырына үңіліп, түсіне білсе, махаббаты мәңгілік болады. Егер сен жолдасыңды сүйетін болсаң, ата-енеңді сыйлауың керек. Ене мен келіннің арасындағы қайшылықтың себебін түсінуге тырысып, ененің айқайын кешіре біл. Мысалы, менің әпкемнің енесі жалғыз ұлын келінінен қызғанып, әпкемнің төбе шашын жұлып алған еді. Осыдан кейін әпкем мен жездем бөлек шықты. Кейіннен енесі өз қателігін түсініп, әпкемнен шаңырақты ұстап қалуын өтінді. Қазір олардың төрт баласы бар, тату. Ананың ұлына деген махаббаты қызғанышқа апарды. Жалғыз ұлының көңілінің өзге жанға ауғанына ренжіді. Осыны әпкем түсінді де, кешірді. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Американың тележурналисі Фил Донахьюдың бір сөзі қатты әсер етті. "Алдағы мақсатыңыз не?" – деген сұраққа: "Әке ретінде, жар-жолдас ретінде, азамат ретінде жетіле түсуді қалаймын", – деді. Өзіне-өзі сын көзбен қарап, жақсы бола түсуге тырысқан азаматтың отбасы бақытты болар-ау. Ер-азамат – отбасының жетекшісі, басшысы. Бірақ басшы болуды бастық болу деп түсінетін жігіттер бар. Өз міндетін әйел, бала-шағасын жұмсап қойып, көбірек қыдыруға айналдырған немесе "басшы болған – осы екен", – деп, ақырып-зекіріп үстемдік құрған еркектің үйіндегі ауа райы дұрыс деуге болмайды. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
"Шүкір" деген сөздің адам жанын тыныштандыратын бір қасиеті бар. Д.Карнегидің "Қалай уайымдауды қойып, жаңаша өмір сүруге болады?" деген кітабында бар емес пе: "Дұрыс өмір сүргің келсе, уайымыңды тере берме, жеңісіңді жиі еске ал!" — деген. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Қанша ақылды болса да әйел байғұс, Бір-ақ еркек өмірін ада қылар. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Өскен елдер ендігі 20-30 жылда мемлекеттің қандай болатыны бүгінгі жеті жасар балаға бөлінген көңілге байланысты деп есептейді. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Қазағымыздың қара шаңырағының уықтарын қадаса білейік! Шаңырағы түсіп кетпей, күлдіреуіштері босап кетпестей етейік! Өзіміз ардақтаған тілімізді ала-құлалықтан тазарта білейік! Қазақтың салтын ұмытпай, салиқалы ана бол! Ана – әрқашанда болашақтың жолы! Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
– Әдебиеттің алдағы мақсатының бірі адамды қанағатқа тәрбиелеу екен. Қазір адамзаттың араны ашылып кетіпті. Әлемде әрқайсысы Хиросимаға тасталған бомбадан мың есе қуатты 50 мың бомба жиналыпты. Мыңдаған завод мұржасынан шыққан жылы түтін аспанда он шақырым қалың қабатқа айналған. Заводты көбейте берсе, Арктика мен Антарктиданың еру қаупі бар. Еpice, Нұқ пайғамбар заманындағыдай тағы бір әлемет су тасқыны болмақ. "Бір үзім нан мен су болса, одан артық не керек!" – деген шығыс пәлсафасында қаншама даналық жатыр. Қазақ та бұрын баласына банкіге ақша салып қалдырмаған, өнеге, өнер тастап кеткен ғой. Сағди айтады: "Балам, о дүниеге барғанда, "Әкең кім?" – деп емес, "Қандай өнерің бар?" – деп сұрайды". Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Барлық жерде мұғалімге қойылатын талап: баланы тәрбиеле! Бірақ тәрбиенің не екенін дұрыстап түсіндірген ешкім жоқ. Тәрбиелеу дегенді – тәртіпті қылу деп түсінеміз, күштеп бағындыру деп ойлаймыз. Сонымен мектебіміз әскери қаталдыққа айналды. Ал ендігі ұлттық мектептегі тәрбие: әр баланың өз табиғатын түсініп, жанын байыту, жақсы жақтарын дамытуға бағытталғай. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Ойлаған-баққаны тек байлық пен есеп болған адамнан басқа мамандықтың бәрі шықса да, мұғалім шықпайды. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Баланы тәртіп бұзғаны үшін ұрсудан бұрын, сол сәттегі көңіл-күйі қандай, талап-тілегі не екенін байқашы. – Христианды қиналған сәтінде шіркеудің пасторымен сөйлесуге ынтық қылатын не нәрсе? – Пастордың әр адамды түсініп тыңдай білуінде. Еш нәрсеге таңғалмайды, кінәламайды, сыр шашпайды. – Мұсылманды мешітке ынтызар қылған не нәрсе? — Жан баласына айтпаған сырын кешірімді құдай алдында ақтарып, іштей тілдесе алатындығында. Кешірім өтініп, жақсылықтан үміт қылып, бойы жеңілдейтіндігінде. Шіркеу мен мешіт адамның жан дүние тепе-теңдігін сақтауға көмектесетін орын болып келген. Мектепте шәкірттің жанын қинаған сырын сеніп айта алатын адамы мұғалімі болса, қандай жақсы болар еді. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Мұғалімдері кедей болса, еліне ұят. Болашақ ұрпақтың мұғалімінің қамын ойламау – ол елдің надандығының белгісі. Өзі күйінішті адамға бала тәрбиесін сеніп тапсыруға бола ма? Баланы ылғи төмендетіп, ренжітіп отыратын мектептен рухы жоғары адам шыға ма? Тағы да қайталаймын, мұғалімнің хал-жағдайына қарайлауды ұмытқан халық – келешегін ұмытқан халық. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Оқушылары тым-тырыс отыратын мұғалімнің сабағынан, қажетті жерде шулата білген сабақ қызық. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Кісімен қарым-қатынас мәдениетін отбасынан сіңіре алмаған балаға мектепте де, өсіп, кісі болғанда да мақсатына жету қиын. Ол баланы мұғалімі өте сезімталдықпен жетектеуі қажет болады. Сүйкімсіз баладан, ертең айналасына қадірсіз адам шығуы мүмкін. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Бізде мылқау тәрбиеге жататын тақырыптар бар: Эротика, рок музыка. "Мына пәлекетті әрі тарт!" – деп, көзімізді көлегейлесек, оны жастар көрмей ме? Жастың өміріне қатысты нәрсенің ешқайсын назардан тыс қалдыруымыз жөн емес. Оны әңгіме қылудан қашу бұл мәселеге жауапты ұлт жан жүйесіне жат, батыстық ақпараттан іздеуге мәжбүр етеді. Шәкірттің сеніміне кіру қиын. Ол үшін шәкіртке әуелі өзің сенуің керек болады. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Баланың қайғысы мұғалімнің жақсы оқитын және жаман оқитын бала деп бөлуінен басталады. Осыдан кейін баланың рухани дүниесі тек бағамен өлшенеді. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Құр әдістеме папкасын толтырып қойғаннан оқушының жағдайы жақсармайды. Ол – тек қарабайыр тексерушінің алдындағы қарабайыр қорғаныс құралы. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Оқушының кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Баланы сүю – адам айтқысыз еңбек. Ол таразыға тартылмайды, метрмен өлшенбейді. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Педагогиканы өрістетпейтін нәрсе: "Анау керек емес, мынау керек емес" дейтін шектеу. Керегі: Ізденіс, ізденіс. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Бала өзімен тең сөйлескенді жақсы көреді, өзін көрсеткісі келеді, барлық істе жеңіске жетуді қалайды. Олар – кішкентай зерттеушілер. Неге? деген сұрақты көп қою себебі сол. Еліктегіш, әсерленгіш; Ойдан шығарғыш, қиялшыл; Тез-қарым-қатынас жасап, араласып кетуге дайын халық. Д. Карнеги айтады: "Адамға ең қажеттісі – атын шығару, өз ортасында беделді болу". Баланың партаға сызып, өз атын жазуға әуестігі содан. Баланың ыңғайына барып, сабақта жақсы жағынан көп көрсету керек. Кішкентай ғана еңбегін елеп, баланың атына құттықтау хат, мақтау сөз, марапат арналып жату керек. Мақтау – ол адамның өзі күткен ойын жұртқа жариялау. Баланы ептеп алдаған дұрыс. Әлемге оның көзімен қарап, арқасынан қақ. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Бұл дүниеде мен пір тұтар, сырласар жалғыз-ақ нәрсем бар, ол — кітап,— дейтін.— Әкем де, шешем де сол — кітап. Кейбірін екі-үш қайтара жалықпай оқып шықтым. Жалғыздығың, жетімдігің, бәрі-бәрі ұмытылып, басқа бір жұмақты өмірге сапар шеккендей боламын. Әттең, жағдай келсе, оқуымды одан әрі жалғастырып, Алматыға аттанар едім. Шынымды айтайыншы, кітап жазып, жазушы болғым келеді. Оралхан Бөкей "Тортай мінер ақ боз ат"
– Ата, – деді ол. – Мен сіздің үлкендігіңізді әрқашан сыйлаймын. Бірақ есіңізде болсын, иә, бәріңіздің естеріңізге салайын. Әйел бала, ер бала деп бөлулеріңіздің алды-арты осы болсын. Әйелдерге теңдікті сіз әперген жоқсыз. Ленин атамыз әперді. Сәкен Жүнісов "Жапандағы жалғыз үй"
Ең бірінші, табар табысы татымды, балаларыма қайырымды әке керек. Мен үшін махаббат – сол! Мұқағали Мақатаев "Қош, махаббат"
Зоолог ғалымдардың дәлелдеуі бойынша: дүниедегі ең сұлуды, ең тазаны жақсы көретін мақұлық – аққулар дейді... Және олар өз қосақтарын да лайықты таңдап алатын, әрі ғұмыр бойы оның көзіне «шөп салмайтын» көрінеді, адамдардай емес. Мың ана аққудың ішінен ата аққу өз қосағын бірден табады, таниды екен! Олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды, дейді және. Бірі опат болса, екіншісі соның қайғысынан жалғанмен қоса қоштасады... Әбілфайыз Ыдырысов "Таңшолпан"
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, "мыналарды біз өндіргенбіз" деп айтатын түгіміз жоқ! Елімізге барлық нәрсе сырттан импортталуда. Импорттағанда да қалай?! Удай бағаға кіріп келеді. Киім-кешектердің бағасы қымбат болғандықтан, ақшасын бірден төлемейміз. Шетелдік тауарды тек бөліп төлеумен ғана сатып ала аламыз. Соның салдарынан тауардың бағасы өседі. Ал біз болсақ, одан әрмен әсіре мақтанға салынып, бос тірліктің соңына түсіп жүрміз. "Біздің еліміз – дүниедегі ең бай елдердің бірі", – дейміз. Осы орайда, халқымыздың қалай өмір сүріп жатқанына қараңызшы!.. Ойланып көріңіздерші, жүз миллиондаған адам және үлкен бір ұлт білімнің сәулесінен мақұрым қалып, тым алыс күн кешіп жатыр. Григорий Петров "Мінсіз мұғалім" Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 338 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |