14/03/2022, 16:25 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Балаға берген тәрбиең – еліңнің ертеңіне қосқан үлесің. Бала тәрбиесіне енжар адам ел-жұртын сүйіп те жарытпас. Сүйем дегенімен, елі үшін қабырғасы қайыспас. "Отбасы – шағын мемлекет" болғандықтан, үлкен мемлекеттің тіршілігіне содан тәрбиеленіп баруға тиіспіз. Бексұлтан Нұржекеұлы "Ерлі-зайыптылар"
Мен ол қыздың қамқоры болғым келді, ешқашан жаны жаурамағанын қаладым, оның жанын ешкім жараламағанын... Қап-қара жанарына байланып қалып едім. Сүңгіп кетіп, бәрін ұмытқым келгені де рас. Неткен сүйкімді едің! Балаң бір бейне... жанарыңда беймағлұм бір мұң болған, бірақ сен үнемі оны жымиысыңмен бүркеп жүрер едің. Сол бір құпияңды ашшы маған... Алишер Рахат "Parallel"
Бір ғажапты күтеміз-ау көктемнен, Асықпайды ол, былтыр да өстіп кеш келген... Рауан Қабидолдин, Айзада Рахымжанова "Біз екеуміз"
Кедей – бай, бай Құдай болсам дейді. Нысапсыздық жаман. Бір кем дүние. "Бір кем дүние" Ш. Мұртаза
Тұрмыста жолы болмаған бір әйелдің былай дегені есімде: "Үйде де, мектепте де жар таңдау, үй болу туралы ештеңе айтпапты. Шешеміз ол туралы айтуды ұят көретін. Міне, түк білмегеннің арқасында "күйеуге шыққан осы екен" деп кете беріппіз. Одан "тас түскен жеріне ауыр" деп, тағы байландық. Сонымен жер ортасы жасқа келіп, жан-жағыма қарасам, босқа өмір сүргендеймін". Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Сен өзіңді кемсітпе. Бойдың аласалығына қорланба, ойдың аласалығына арлан. Адамды адам қып әлемді ұстап тұрған бой емес, ой!.. Бойға қалғанда жер орбитасынан ауып, тірлік болмас еді ғой. Әңгіме ойда... құдайға шүкір, сенде ақыл жетерлік, Сапар. Көзіме мақтады деме. Әрине, сөзімнің алданышынан, өкінішінен ауыр дәнеңе жоқ. Дегенмен, ақылға жеңдірсейші... Мағзом Сүндетов "Күтем сені, Дидар"
Арман, мақсат, махаббат деп кеңірдек жыртып айғайлайсыңдар, ал өздерің осындай қасиетті ұғымдар үшін күресе білмейсіңдер. Менің түсінігімде, қандай да болмасын арман мен махаббат еңбек нәтижесінде ғана жүзеге аспақ. Айталық, мен бала кезімде жылқышы боламын деп армандағам жоқ. Бірақ, жиырма жылдық еңбек, осынау қарапайым да қасиетті кәсібіме деген ұлы сүйіспеншілігімді арттырады. Ал, махаббат деген, сайып келгенде... қыз бен жігіттің бір-біріне үздіге қарауы емес, екі жастың бір мақсатқа бірігіп қарауы екенін мен айтпасам да білетін шығарсыздар. Міне, махаббат та, өмір де, бақыт та мына Қарлығаштың құрсағында. Жарық дүниеге тағы бір құлын келсе — одан қызық ғұмыр бар ма... Оралхан Бөкей "Құлыным менің"
Тап осы кезде талай жерде жастар әлі танцплощадкада жүр. Ұйықтамастан би билеп жүр. Оның ішінде демалу үшін жүргендері де, өзіне таныс пар іздеушілер де бар. Ал қайсыбірі құр босқа секектеп жүр. Оларға би тебу әшейін әдет болып кеткен. Таң ата үйлеріне оралып, бірдеме тындырып келгендей мамасы пісірген асты жылытып, не суықтай апаш-құпаш ішеді де, жата кетеді. Ертеңгі өмірі тағы сол. Не өзіне, не жұртқа бес тиын пайдасы жоқ. Мен жасы кәмелетке келген адамдар туралы айтып отырмын. Солар жатар алдында: "Неге шаршады, неге күн ұзақ қажыды, не үшін ұйықтайды", – оған есеп бермейді. Халел, сен ойлап қалма, мен әлдекімдердің бейғам өмірін күндеп отыр екен деп. Шынын айтам, мен әр ұйықтаған сайын көз алдымда жыртылған жер, ертең жыртар тың жер елестеп жатады. Мүмкін біреуге бұл ойым наивно көрінер. Әйтеуір, бір іс тындырсам, жеңіл, тәтті ұйықтаймын. Тіпті ондай кезде жауып тұрған жауын астында да тамаша демалып тұрамын. Сәкен Жүнісов "Жапандағы жалғыз үй"
Біз бәріне қызмет еттік, қарағым. Тек адамға, туған халқымызға қызмет еткен жоқпыз. Жетпіс жеті жыл ғұмыр кештім. Біздің ғұмыр құлдықпен өтті. Өмір – зая... Өмірім зая... Баққожа Мұқай "Өмірзая" Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 761 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |