07/03/2022, 10:37 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Сенің қадырыңды бәрібір білмейді бұл жұрт. Азамат қашан керек болыпты бұл жұртқа?! Азаматының басын қашан бағалапты бұл қазақ?! Өлген соң шұрқыраған болады. Қаймана қазаққа күлкі болған асыл азаматтардың қадыры-ай!.. Жетесі жоқ жетім жұрт... Жетектегі жетім ел... – деп күңіренген шалдың көзіне жас толып кетіпті. Баққожа Мұқай "Өмірзая"
Адам баласы қолында орасан күш, жойқын қарудың барын біле ме? Әсте білмейді-ау?! Білсе, осыншалық сөзге салғырт бола ма?... Торғын Жолдасбекқызы "Араша"
Бәйгеге жетпіс ат қосылса соның тең жартысына жуығына, яғни, отыз атқа жүлде тігіледі. Отызыншы келген атты "үзіліс" деп атап оған алдыңғы бес аттың бірінің бәйгесімен бірдей жүлде береді. Кейде екінші аттың бәйгесімен бірдей береді. Ол енді басқа әңгіме... Ал осы отыз ат бәйгеден келген кезде оларды ұстайтын отыз кісі топтан бөлініп дайын тұрады. Осы адамдарды дайағашшы дейміз. Әркімге нешінші келген атты ұстайтыны ескертіледі, қағазға да жазылып қояды. Дайағашшылар қырағылықпен санап тұрып, өзі ұстайтын ат мәреге жақындай бергенде жанасалай шауып атты сулығынан ұстайды да, сүйіншілеп иесіне әкеледі. Ұларбек Нұрғалымұлы "Дайағашшы"
— Қарақтарым! Қарындастарым, қыздарым! Әке-шеше баласын жаман болсын деп ұрыспайды. Ұрысса, жаны ашып ұрысады. Жақсы болсын деп ұрысады. Мен де әкемін, мен де педагогпын. Сіздерге әкесі мен анасы мәпелеп өсірген балаларының болашағын, тағдырын тапсырып отыр. Қазақша айтқанда «сүйегі менікі, еті сенікі» деп тапсырып отыр. Білім бер, тәрбиеле! Баламды адам ет! —деп тапсырып отыр. Өмірімізде бұдан артық, бұдан ауыр, бұдан қымбат тапсырмаларды кім көтереді! Сіздер педагогсыздар, мен де педагогпын. Сіздердің мамандығыңыз — адам баласының өміріндегі үлкен қасиетті мамандық. Сіздер болашақтың ұстазысыздар, ұрпаққа, келешекке тәрбие, білім, нәр беретін кісісіздер... Бауыржан Момышұлы "Куба әсерлері"
Үміт пен арман алдыңнан шығып, ұдайы қол бұлғап тұрады. Ол періштедей көзге көрінбей, мен мұндалап алға жетелей береді. Аспандағы ай мен күндей арман да мәңгілік, ол еш заман өлмейді. Шерхан Мұртаза "Дәрігердің үшінші қаруы"
Ер кісі – босағаның пірі, тірегі, оның көңілі жай болмаса – жүз жерден ойбайласаң да шаруаның тетігі табылып, жөнiмен бiтпейді. Еркекті қанаттандыратын нәрсе – оның қабағына қарап, жайын жасай білу деп ойлаймын. Жайы болмаған еркек – жұлдызы жанбаған мoжaнтопай, көрпілдеген көп көн етіктінің бірі ғана. Сәуле Досжан "Үшінші есіктің құпиясы"
Міндетіне адал жан қарапайым тіршілігіне қарамастан өмірін өнегемен толтыра алады. Халықтың тағдырын қаламның ұшымен шеше салатын арсыз, опасыз шенеунікпен салыстырғанда адал жан мың есе жоғары тұрады. Өз ісіне жауапсыз хирургқа қарағанда, ісіне адал қоқыс жинаушы мың есе артық. Себебі дәрігердің мамандығына науқастың тағдыры тәуелді. Осындай жауапты іске кейбір хирург жүрдім-бардым қарайды. Қорыта айтқанда мағыналы ғұмыр, өнегелі өмір жауапкершілікпен өрнектеліп, қызметіне адал болғанда ғана нәсіп болады. Сейілбек Мырзабай "Балалықтан даналыққа"
– Әй, Құдай-ау, осы күнгі жігіттерді адам түсінбейді, еш тәуекелдері жоқ. Бексұлтан Нұржекеұлы "Беу, қыз дәурен!"
– Әлгі күнге дейін адам баласы айта алмаған ақылды сөз айтсам да, сіздер оны мен айтқандықтан, қазір бәрібір мойындамайсыздар. Ал Аристотель айтты десем, жай сөзге де бас шұлғып ауыздарыңызды аша алмайсыздар. Сіздер сөзге емес, сөзді айтқан кісіге сенесіздер. Беделге бас шұлғып үйреніп қалғансыздар. Бексұлтан Нұржекеұлы "Беу, қыз дәурен!"
Бір дәрежеде дамыған жұрт бірін бірі дұрыс түсінеді. Қазір халық оқыды, өсті. Бірі дұрыс оқып, дұрыс түсініп өсіп жатса, бірі шала оқып, шала түсініп жатыр, әлі сол ырғалып-жырғалып жүрген де жетерлік. Шын оқығанның сөзін шала оқыған түсінбей қор етеді. Рухани дамуы әрқилы адамдар біріне бірі қайшы келе береді. Біреудің жылап тұрып айтқанын біреулер күліп тұрып келемеж қылады. Бексұлтан Нұржекеұлы "Беу, қыз дәурен!"
– Сенбеймін. Тигің келетініне де көзім жетпейді. Шыныңды, ең шыныңды айтшы, Баршын тиесің бе? – Қызық екенсің, қанша айтам енді? "Тием", – дедім ғой. – Ендеше қолымды қақпа. Шын сөзің екенін дәлелде! Бүгіні не, ертеңі не, бәрібір менікісің ғой... – Егер жігітті еркек, қызды әйел деп қарасаң, мен емес, шын сүйетініңді алдымен сен дәлелдеуге тиіссің. – Қалай дәлелдейін, қане айтшы! – Шыдамдылығыңмен, мені шын сыйлайтындығыңмен дәлелде. Менің намысымды, ұятымды өзіңдікіндей көретініңе көзімді жеткіз. Ол үшін алдымен ата-анамның алдынан әке-шешең өтсін. Жаманды-жақсылы солардан тәрбие көрдік, әдет-ғұрыпты сыйлай алатынымызды білсін, қуансын. Бата-рұқсаттарын алайық. Бексұлтан Нұржекеұлы "Беу, қыз дәурен!"
Жұмашқа ренжіп Қайдарға тап болғанына қазір іштей қатты өкінетін. "Жұмашқа ренжісем ренжиін-ақ, бірақ қыз күніме бұғау салып нем бар еді? Жұмашқа тимесем, міндетті түрде басқа біреуге сол қыс табан асты тиюім керек пе еді? Күйеусіз қалмайтынымды көрсеткім келіп намыс қылдым-ау, сірә? Қыз боп жүре тұрғаннан намыстанғам ба сонда? Апырмай, неткен ақымақ едім?! Біреуге ерегесіп, өз өмірімді бүлдіргенімді қарашы. Енді мұны кім түзейді, қайтіп түзейді? Беу, қайран күнім-ай, қыз дәуренім-ай!" – деп налитын. Бексұлтан Нұржекеұлы "Беу, қыз дәурен!"
Бұл дүниеде, – деген, досың да, дұшпаның да көп бола береді. Қайғың да, қуанышың да сол. Бірге туған бауыр да, беліңнен шыққан бала да – бәрі, бәрі де көп бола береді, тек қана құрсағынан шыққан анаң жалғыз. Және әйелдің жаманы болады, жақсысы болады, тілі ашшысы, долысы, түрлі-түрлісі болады, бірақ ешқашан жаман ана болмайды! Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Қашанда кейінгі ұрпаққа көп сын қалады. Әр нәрсеге алдыңғылардан гөрі кейінгілер көбірек жауапты. Біз, керек болса, алдыңғылардың қатесі үшін де жауап беруге тиіспіз. Біз сол үшін ұрпақпыз, ата-бабамыз бізді соңына сол үшін қалдырған. Демек, солардан қалған мына заманды жалғастыру да, жақсарту да біздің міндет. Ол міндетті ұмытуға ешкімнің қақысы жоқ! Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Мен, немене, жоғары білімі бар адам міндетті түрде жоғары білімі бар қызға үйленуі керек дедім бе саған? Оқу бітіру, негізінен, мамандық алу. Ал өсу, даму дегеннің ең қажеттісі, меніңше, адамның жан байлығының молаюы. Ақылы мен білімінің бәрін үй ішін жиһазға толтыру үшін жұмсайтындарды мен ешқашан өсіп бара жатқан, мәдениеті жетік адам деп есептемеймін. Оларда жан байлығы жоқ. Қысқасы, біріміз біріміздің көңілімізден шығып, мен сенің, сен менің іс-әрекетіме үнемі сүйсініп отыратын болсақ қана осы сүйіспеншілігіміз өле-өлгенше сақталады. Бақытты болғымыз келсе, бақыт үшін екеуміз бірдей күресуге тиіспіз, шырақ. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Атам да, апам да өзімізді күні-түні иіскелеп-ақ жататын. Өзі ешкімнен мейір көрмеген бала мейірімсіз болады. Атам мен апамның өзімді иіскелегенін осыны иіскелеп өтемегенде, қалай өтемекпін? Біреуден жақсылық көрсең, сен де біреуге жақсылық көрсетуге борыштысың. Өйтпесең, жақсылықтың ұрығын өлтіресің: алғанын қайтармаған қарыздар адам сыйақтысың. Әркім ала беріп, ала беріп, алғанын кайтармайтын болса, өмір де жұтайды. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Өмір сүрудің мәнін мен, мәселен, үнемі ілгерілеуде деп ұғам. Суысу, суыспау дегендер сол ілгерілеуіміздің үйлесіміне байланысты. Егер сенің мені Шын сүйетінің рас болса, менің бүкіл іс-әрекетімді егжей-тегжейлі түсінуге бар ниетіңмен ұмтылуға тиіссің, менің де сөйтуім керек. Анықтап айтқанда, бір-бірімізді жан-тәнімізбен оқуға міндеттіміз. Сонда, менің жақсыма қарап, сен өз олқылығыңды ұғасың; сенің жақсыңа қарап, өз олқылығымды мен де ұғам. Ал өз мініңді өзің біліп, біртіндеп одан арылып отыру, өсу деген – сол. Екеуміз өле-өлгенше үйлес өсіп отыруға тиіспіз. Біріміз ілгерілей беріп, біріміз бүгіні деңгейде қала берсек, суысып кетпей кәйтеміз? Түсінісе алмай, онда түбінде бір суысамыз. Сондықтан, шырағым, үйлендік, енді бір-бірімізге кетпейтіндей болып бaйлaндық деп шолақ тұжырым жасамауымыз керек. Бірімізді біріміз көздің қарашығындай сақтап, бірімізді-біріміз сәт сайын зерттеп, бірге өсіп, бірге дамып отыруға тиіспіз. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Егер өз бойында жоқ болса, ұстаз балаға жоқ нәрсені қалай үйретеді? Жалпы, жақсы адамды бірде-бір рет өз көзімен көрмеген оқушыны жақсы адам етіп тәрбиелеу мүмкін бе? Сондықтан кітәптегі кейіпкерлерге қоса мүғалімнің өз басы да балаларға тәрбие болуы керек. Ұстаз деген қасиетті ат сонда ғана өз қасиетіне ие болады. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Жаман кітәп деген ұғым менде жоқ, тасқа басқан сөзге тәңірімдей иланам. Кітәби мінез, кітәби қылықтарға еліктеп, ептеп есейе бастағандаймын. Үйде оңаша қалғанда, есікті тарс жауып алып, кітәптің сөздерімен сөйлеп, кітәптің адамдарына еліктеймін. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Ал енді адам мен адамды жақындастыратын ең оңай әдіс – әңгімелесу. Әңгімелескенде, не сөзіңді басқаға тыңдатасың, не оны өзін тыңдайсың ғой, соның да кәдімгідей жылылығы болады екен. Жалпы, менің ойымша да, қазақтың шындығы дәм үстінде оңай танылады. Өйткені олар "дүниеде дәмнен үлкен еш нәрсе жоқ" дегенге ата-бабаларынан бері тәрбиеленіп келеді ғой, сондықтан дәм үстінде жалғандық жасауға екінің бірінің дәті жете бермейтін секілді. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Ең үлкен азап қайсы екенін адам баласы ешқашан кесіп-пішіп айта алмайтын шығар: басқа түскен сәтте бәрі ауыр. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Меніңше, мейлі жақсы оқысын, мейлі жаман оқысын, жалпы бала атаулының бәрі жаңа оқу жылына өзінше қуанышпен келеді. Және, бір қызығы, бәрі де сол жылдан бір жаңалық күтіп, жақсылық дәметеді. Екі айдан астам уақыт бірін бірі көрмей кеткен адамдарға, тіпті басқасын былай қойғанда, қайта көрісудің өзі де үлкен қуаныш емес пе. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Табиғатынан әдемі әйел боянып алса, өз сұлулығынан айрылып, бояма сұлу болмай ма? Бояма, жасанды дегендердің несі жақсы? Қанша әдемі дегенмен де, бояма сұлуларды көргенде: "Апырмай, әуелгі өз түрі қандай болды екен?" - деген күдік көңіліңде бәрібір тұрады. Ал өйтіп титтей де болса күдік шақырған нәрсеге адам баласы, əлімсақтан бері белгілі, құлай құмартқан емес. Титтей күдік таудай сезімге тосқауыл. Сондықтан оқырманға: “Апырмай, мына бір жерді жанынан қосты ма екен, жоқ өз басынан кешті ме екен?" - дегiзгенше, бәрін де өз аузымнан, болғанын болған күйінде бұлжытпай баяндап бергенім әділет емес пе?! Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
—Қыс та өз жұмысына кірісіпті. Ештеңені ойламайды, ештеңені еске алмайды, қиналмайды, қуанбайды — қардың осы бір ойсыз-қамсыз құлай жауғаны да кейде кісіні қызықтырады: маңғаз, тәкаппар. Ал біздің өмір сүруіміз де, өткен өмірімізді еске алуымыз да – бәрі ой, бәрі азап, бірі сағыныш, бірі өкініш. Еске алу дегеннің өзі бұрынғыңа бүгінгі тұрғыдан баға беру емес пе? Тіпті, дәлірек айтқанда, ақымақтау кезіңді ақылдылау көзбен қайта қарау. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Ой дегенді өзің ғана біліп, өзің ғана құпия сақтап жүретінің де жақсы. Сұмдық-сұмдық ойларға кетесің, соның көбін басына су құйып өз ішіңде өлтіресің. Өйтпесең, өзгеге зыйаның тиеді. Адамның сыр сақтай білуі — ең үлкен абырой! Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Әке-шеше мен бала-шаға біріне бірі өмірді тапсырғанда, жамандықтарды өз бойында сақтап қалып, тек жақсылықтарды ғана аманаттауға тиіс. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Сіздердің негізгі міндеттеріңіз мұғалімдерден сұрап "екіні" "үшке", " үшті" " төртке" түзету емес, балалардың өзін оқытып, өздеріне түзеткізу. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Мен бір жерден оқыдым, жер бетінде жыланның екі мыңнан астам түрі кездеседі-міс, ал соның бір жарым мыңға жуығы адамға зиянсыз екен. Бірақ соны ескермей, жылан атаулыны жауыз санаймыз ғой. Сыншы байғұстардың да жағдайы соған ұқсас. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Айтпады деме, түбі сен осы "үндеме, ұят боладыңмен" өкінесің. Ұяты бардан ұят болады, ұяты жоқпен ұят сақтамай сөйлесу керек. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Бұға берсең, сұға береді бұлар. Өзіңдікі дұрыс па, ешкімге есеңді жіберме. Ажалың жетсе, қарап жүріп те өлесің. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Барлық әрекетті былай жиып қойып, тек сені ойлай бергім келеді, ойлай бергім келеді. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"
Жарық дүниеге келген адамның көрмейтiнi бар ма? Оны ойласаң, ойдан ой бөлiнiп, сан тарам жолдың қайсысына түсерiн бiлмей, дал болған жолаушыға ұқсайсың. Дүние сыры беймәлiм. Не құдайды, не адамды кiнәларың белгiсiз. Бiр қарасаң, құдайдiкi дұрыс секiлдi – адам қылып жаратты, өсiп-өн, рақымды бол, iзгiлiкке сен дедi. Одан артық не керек? Әйтсе де, құдайдың әмiрiмен iс қылып, жаманатын жалғыз өзi көтеретiн адам байғұсты тағы аяйсың. Төлен Әбдік "Парасат майданы"
Ол менің жанымның әлсіз тұсын білетін. Мен де оның жарасын білемін. Ол – атом бомбасын жарып жіберіп, бүкіл әлемді күл-талқан ететін батырма секілді еді. Соңғы рет қоштасқанда бірге бастық. Бәрі бітті. Біз бөтен адамға айналып, жаңа өмір бастадық. Біраз уақыттан кейін жүрегімнің терең түкпірінен оған деген сезімдерімді тауып алдым. Кезінде ақыл-есімді билеген әмірші сезімім бұрышта тығылып жылап тұрды. Алишер Рахат "Parallel"
– Екі тал гүлді өлген кісінің басына қояды! – Ондайы бар ма еді? Біздің ауылда өлген кісіге де, тірі кісіге де гүл сыйламайды, қайдан білейін? Шөп деп бәрін малға береміз. – Ой, колхоз! Өзің жігітсің, өзің қызға келесің. Соны да білмейсің бе? Үшеу неге алмадың? – Ақшамды үнемдеп… міне, қалғанына бір плитка шоколад алдым, «Сказки Пушкина». Шоколадты жақсы көреді. – Қызға тақ гүл сыйлайды: үш, бес, жеті… дегендей. Жұп санды гүлді өлікке апарады. Орыстың дәстүрі сондай. – Орыс болмаған соң, қайдан білейік. Бірі – сен, бірі – мен, осы гүлдей жұптасып жүрейік дегенім ғой. – Қызың қазір мынаны көрсе, жағыңнан бір тартып, не гүліңмен басыңнан бір салады. – Ол да мен сияқты ауылдан келген, біле қояр деймісің? – Қыз деген сұм емес пе, мұндайдың бәрін біледі. Тұрысбек Сәукетаев "Өлгендер қайтып келеді"
Келешек ұрпақ үшін бабаларымыз бел шешпей бөрідей жортып, бөкендей шарлап елін-жерін көздің қарашығындай қорғап, оны бізге мұраға қалдырыпты. Ал біз келер ұрпаққа не қалдырамыз? Зейнеп Ахметова "Теңбіл тіршілік" Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 240 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |