Кітап үзіндісі
28/02/2022, 22:29

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

«Құрт деуге қайтып аузың барады? Өз баламызға қалай қол жұмсаймыз?» деді бірде анасы еңіреп жылап. «Қайдағы бала? – деді әкесі. - Әрі-беріден соң ол әлі адам емес, бар болғаны ұйыған қан ғана. Менімен болғың келсе – құтыласың.» «Қалайша бала емеспіз? Біз – адамбыз!» деп шырқырады іштегі екеу. Бірақ оларды ешкім естіген жоқ.

Камал Әлпейсова "Періштенің көз жасы"

 

Мен жұлдызды аспан әлеміне қарап жатып, өзіме де түсініксіздеу, әлде бір мәңгілікке, шексіздікке, мінсіздіккке ұмтылғым келді. Жаңа туған сәбидей шексіз тазалық пен пәктікті тән күнәсін былай қойғанда, ойлау күнәсінен де аулақ болуды, шексіз әділдікті, шексіз ақиқатты ойладым. "Мәңгі адалдық, мәңгі тазалық!.. Мәңгілік! Құдай-ау, неткен тамаша!.."

Төлен Әбдік "Оралу"

 

Жамбыл өлең сөздің киесін білді. Өлең оны асырады, өлең оны асқақтатты, өлең оның жан серігіне айналды. «Ой қозғаған домбыра, сөз қозғаған домбыра» кім көрінгеннің қолына ұстата салар мал-дәулет емес. Оны ұстау үшін бақ керек.

"Жамбыл" Уәлихан ҚАЛИЖАНОВА

 

Үнсіздікті Ерболдың таңданысты үні бұзды. –Ойланбаймыз екен ғой... –Ойлана білмейді екенбіз, –деп Бекен түзетіп қойды. –Иә, ойлана білмейді екенбіз..

"Сүйесің, жүрек, күйесің..." Алғадай Әбілғазыұлы

 

Шулы дүниеден шаршамаған Шоңтөбе аңдатпай басып, ақ мамық ұясына кіріп те үлгеріпті. Жауған қар емес, жаңалық сияқты. Неге қуанғаным белгісіз, айналама уыстап қар шашамын. Әдемі бір әлемді кеудесіне қондырып, алыстан ағараңдап көрінген құм жоталар!

"Қара кемпірдің қазасы" Қази Данабаев

 

— Мен балаларымды адал, аңғал, кісіге сенгіш етіп тәрбиелеппін. Мұным қате екен. Өмірде зымиян ене, тұрлаусыз жар да болады. Сондайлардан сақтаныңдар. Кей адамдардың сөзі басқа, ісі басқа болады. Кісіге сене бермеңдер, — деп үйретпеппін деп өкінген сәттері де болды.

Сая Итеғұлова "Ана тағдыры"

 

Меңтайдың мұнша сабырлы, ұстамды болуы шеше тәрбиесінен екен-ау, – деп ойладым мен. - Асыл ана ешқашан да аптықпа, асықпа, шошақай болма деп қызының құлағына сіңіріп отырған-ау тегі. Ақылды ананың адал перзентіне берген ақ бата – тәрбиесіне не жетсін, шіркін!

Әзілхан Нұршайықов "Махаббат, қызық мол жылдар"

 

– Жазудың қызығына түсіп көбірек отырып қойдым білем, белім көтертпей тұр, – деді Бәкең. – Қазір бальзам жағып, жақсылап уқалап беремін, – дедім. – Бальзам жаққанша беліме түкіріп берсеңші, – дейді ол. – Түкіргені несі? – Жылан уының ауруға ем екенін білмеуші ме едің? – дегені.

Зейнеп Ахметова

 

Әрбір теріс қылық үшін "Болашаққа не бетімізді айтамыз?" деп ойлану керек-ау.

Ділдәр Мамырбаева "Әке мен бала"

 

«Сірә, Төлеген бұл әнді сүйген қызына арнаған болар», деп ойладым. Төлеген: «осы әнді сіз орындамайсыз ба?» дегенде қуанғаннан не істерге білмедім. Өзімнің сертімді ұмытып та кетіппін. Сол кезде мен шын бақытты екем, Бәтимәш! Бірақ адам бақыттың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі дейді ғой, бақ қонғанын мен де білмеппін.

Мұхтар Мағауин "Әйел махаббаты"

 

Ал енді менің айтарым: соғысты біз тілеп алған жоқпыз, бұл көптің басына түскен ауыр нәубет, бүкіл адам баласына балта жұмсаған зұлым күш. Біз онымен күреспей тұра алмаймыз, оның үшін қан төгіп, оның үшін жан пида етіп, оны қиратып жоқ етуге міндеттіміз. Өйтпесек біздің адам деген атымыз өшеді. Мен соғыста жүріп ерлік көрсетейін деп еш уақытта аңсаған жоқ едім, мен өзімді сондай бір қарапайым, сондай бір асыл мұратқа — мұғалімдікке дайындап жүргенмін. Заманым осы екен, балаларға қара танытып оқытудың орнына, қару ұстаған жауынгер болдым. Ол менің айыбым емес. Қазір мектепте оқып жүрген жастарға менің бірінші және ақтық сабағым осы, оларға беріп кеткен білімім де осы. Бұған мен өмірден алған барлық білімімді, бар жүрегімді аямаймын. Бір сағаттан кейін мен Отаным тапсырған міндетті орындауға кетемін, қайта оралмаймын. Жаудың бекінген жеріне барып, оны талқан етіп, өзім де жоқ боламын. Отан үшін, халық үшін, жеңіс үшін, дүниедегі бар жақсылық үшін... Бұл менің ақырғы хатым, қолыма соңғы рет қалам алуым, ақырғы сөзім. Апа, мың бір рет апа десем де сенің қадіріңді тауысармын ба, түсін: бұл жай ғана өле салу емес, бұл жай ғана жан қию да емес, бұл өмір үшін өлім. Құлаққа бұл, бәлкім, тұрпайы естілер, иә бұл шынында да өмір сүру үшін болған өлім. Мен өз еркіммен осыны қалап алдым. Менің еш уақытта солқылдаған шағым болған жоқ. Отаным бұл істі маған сеніп тапсырғаны үшін мақтанамын. Мені жоқтама, апа. Артында тұқым-жұрағаты қалған жоқ деме. Жер бетінде бұдан былай соғыс болмаса, жаңа туған сәбидің уілдегені — сол мен, бойжеткен қыздардың жәудіреген көздері — сол мен, бұтақта көктеген жапырақ — сол мен, далада жайқалған егін — сол мен, мұғалімдердің балаларға үйреткен бірінші "А" әрпі — сол мен, осының бәрі мен, осының бәрі мен, сен де мен деп жүргейсің, апа! Жылама, апа, ешкім жыламасын. Мұндай өлім үшін ешкім жыламасын. Қош, ақырғы рет қайыр қош!

Шыңғыс Айтматов "Құс жолы"

 

Бой түзеп, қызыл ала гүлді көйлек кигісі келетінін, құрбыларынан кем қалғысы жоқтығын алғаш сездірген күннен бері әжесі: «Қызым, жүріс-тұрысынды бақ. Әртүрлі адам бар. Пәленшенің қызы шолжаң екен дегендей сөзге қалдырма» дейтін болды. Ақжарқын Зейнеп сол бір әже ескертпесінен аса алмай, «ибалы, үлкен алдынан көлденең өтпейтін әсем бала» атанды.

Мағзом Сүндетов "Әкемнің көзі"

 

Өткенді еске түсіру жұрттың бәріне бірдей қуанышты іс емес. Өмір бойы адам баласына жақсылық істеген адам ғана өткен күнін ойласа қуана алады. Сіз не істедіңіз? Ауру жанға операция жасағаныңызды айтасыз ба? Бұл дәрігерлік міндетіңіз. Сол үшін сіз еңбекақы аласыз, профессор болдыңыз. Сізді үкімет, партия сол үшін оқытты. Өзгеден гөрі операцияны жақсы істейтін шығарсыз, өзгеден гөрі ауру адамды өлімнен көбірек алып қалуыңыз ықтимал. Міндет қылғаныңыз сол ма? Табиғаттың берген дарынын саудаға салмаңыз! Ал мамандық еңбегіңізге қоса кеңпейіл дарқан жанды адам деген атты жоғары ұстаған кісі болсаңыз, мұндай жүдеу күйге соқпаған болар едіңіз.

Ілияс Есенберлин "Ғашықтар"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 168 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: