Кітап үзіндісі
21/02/2022, 19:32

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Пенде боп жаралған екенсің сенің махаббатың бұл пәниде бір адамға, тек бір-ақ адамға арналады. Онымен бақыт кешіп, өміріңді бір өткізе бермеуің мүмкін. Бірақ оған деген жан сезіміңнің құлай берілуі көмескіленбейді. Осыған орай, сенің басқа жар сүйіп, бағзы біреулерді жақсы көруің де ғажап емес. Әйтсе де, бұл арналы махаббаттың күретамыры бола алмайды, сайып келгенде, негізгі махаббат емес, сол бір мөлдір махаббаттың әсерінен туған ұнатулар ғана.

Оралхан Бөкей "Қош, махаббатым"

 

Өмірде теп-тегіс жол болмайды екен. Сол ұзақ жолда адамның сүрініп, құлап қайта тұруы заңды құбылыс екен. Өмір деген жеңілістер мен жеңістердің жиынтығы сияқты. “Жеңілістің ащы дәмін татпаған жан жеңістің қадырын білмейді” дейтін Алдияр Ақпанұлы.

Баққожа Мұқай "Өмірзая"

 

Менен жақсылық, жәрдем күткен жаутаң көздерді алғаш рет көруім. О, ол көздердің саған сұқтана қадалуы тым ауыр. Сонда сен өзіңді дәрменсіз сезінесің. Сен ауру жандар үшін қазір ең құдіретті адамсың. Бірақ сол құдірет бар ма бойыңда... Әсіресе сыр алыспаған жас дәрігердің ауpy адамдармен алғаш кездесуі "қыл көпірдің" үстімен өткенмен бірдей.

Шерхан Мұртаза "Дәрігердің үшінші қаруы"

 

Халықты сүліктей сорып, өлген-тірілгенімен шаруасы жоқ өңкей дүниеқоңыздар-ай. Мұнайды өндіруде отанға бергендерінен жерге төккендері көп.

Ырысбек Дәбей "Қоңыз"

 

"Балаңды өзімдей бол деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет" деген Әзірет Әлінің сөзінде көп шындық бар.

Мағжан Жұмабаев "Педагогика"

 

– Шекер, махаббаттың бар мағынасы қол ұстасып қатар жүруде ғана болмауы керек. Оның мұраты қайта сүйгеніңді адам қиялы жететін барша ізгілік атаулыға бөлеп, кездесер күнді асыға күтіп жүрсе, биіктей түсетін сияқты.

Әлдихан Қалдыбаев "Солдат болу оңай ма?"

 

Орыс баласы оқудан босаса, футбол, доп, ­жарыс, неше түрлі дене тәрбиесі, қазақ б­аласы оқудан шықса көше қыдыру, таныс жа­ғалау, жоқ жерден пайда қыла қою... Орыс­ баласы бос болса құс атады, қайыққа мін­еді, музыка тартады, кітап, әдебиет қара­йды. Қазақ баласы қолы босаса, түтін аңд­иды, өсек аңдиды...

Бұ қалай? Орыс баласы істеген өнер қазақ­ баласының қолынан келмей ме? Әбден кел­еді. Бірақ мойны түскір жар бермейді. ­Неге? Көргені, үлгісі жаман.

Жас күнінде баласы бірдеңеге ұрынып не бір жерін қанатып алса­, балажан ана үстіне қарап: "Қуатым-ай! ­Ауырып қалды ма? Үрлейінші, сүйейінші" деп, ауырған жерін одан жаман ауыртады.­ Аяған сайын баласы одан сайын бажылдап ­жылайды.

Бұл неге үйретеді? Жылауықтыққа, өтірік ­байбаламға, сары-уайымға, әйеңкестікке ү­йретеді. Ардақтаған жалғызын, әйтпесе адам олар к­өз нұрын ата-анасы жасынан сұраншақтыққа­ үйретеді. "Ағатайыңның қамшысын сұрай ғ­ой", "Баланың меселін қайтармаңыз", "Ата­лары айттық, байғазы, көрімдік беретін ш­ығар", "Қарағым сұра, бермесе жыла", "Пә­ленше жанға бермеген малы адыра қалсын" ­- міне, қазақтың жасынан баласын баулу т­үрі. Өскен соң бұл бала сімтік болмай, сұраншақ болмай, жалынғыш, жағыншақ, жара­мсақ болмай тұра ма?

Сұраншақтық қазақтың өзіне мін емес көрі­неді. "Жыламаған балаға емшек бермейді",­ "Бермейтін сараң болмайды, сұрауы жетпе­йді", "Берген перне бұзады" - міне сұрау­ қолдаған даналығы.

...Заман өткен жоқ. Жаман әдеттен құтылам д­еген адам қырыққа келсе де, құтылуға бол­ады. Әдетке қарсы әдетті шоқпар қыла біл­у керек. Жылауық, байбалам, жалыншақ, сұ­раншақ, жағыншақ, жарамасақ елдің жаны қ­ұл болады. Құлдықтан босанғанды жастарды­ң мінезі дәлелдейді. Жоқ болсаң да ірі к­өңіл, сұңқар мінезді бол. Ондай Қартқожа­лар бізде жоқ емес, бар. Солардан үлгі а­лыңдар, бауырлар!

Жүсіпбек Аймауытов "Бұл әдеттен арылу керек"

 

Өмірімнің барлық гүлдері түгелімен шешек атып жайнаған жазында, "махаббат" деп аталатын кең, тұнық, мөлдір мұхиттың ортасында рақаттана жүзіп келе жатыр едім, не жел тұрмай, не нөсер құйып күн күркіремей, ешбір себепсіз аяқ астынан көтерілген сұрапыл толқын, мені тұншықтыра көмді де кетті.

Сәбит Мұқанов "Мөлдір махаббат"

 

— ...Мұнайшы десе, май шайнап жүргендей көресіздер. Сіз жаңа бір сөзді дұрыс айттыңыз. Біз ғана емес, бүкіл халық болып наразылыққа шығып, аштыққа жатпасақ, құл болғанымыз болған! – деді Мұрат.

Ырысбек Дәбей "Қоңыз"

 

– Əй, қыздар-ай!.. Біздің қарындастарымызды бақытты да, бақытсыз да етіп жүрген осы – сенімсіздік. Жанатын жерде жасқаншақтатып, құлай сүйетін сəтте қорғаншақтатады бұл сенімсіздік.

Әлдихан Қалдыбаев "Солдат болу оңай ма?"

 

Ендігі жерде мен сізді мазаламаспын. Бармаспын алдыңызға. Алмаспын алтыннан қымбат уақытыңызды. Елемей-ақ, елтімей-ақ қойыңыз. Менсінбеңіз мені. Сүлесоқ, салғырт отыра беріңіз. Меңірейіп. Ризамын сізге. Не үшін? Дерсіз-ау бәлкім. Бәрі үшін. Мені өзіңізге ғашық ете алғаныңыз үшін. Үндемеңізші тіпті. Үнсіздік те сізге жарасады. Мың алғыс сізге. Себебі сіз маған емес, мен сізге ғашықпын ғой...

Мархабат Байғұт "Сізді сүйген қыз едім"

 

Жаратқан ием саған тары жеуді нәсіп етсе, талқанға мұрыныңды шүйірме, оған да жете алмай жүргендер бар.

Зейнеп Ахметова "Теңбіл тіршілік"

 

Түзету ісін, ең алдымен, елді маса боп оятып, адам шошырлық бұл халінен айықтырудан бастау керек. Араққа салынған қарттар мен егде кісілерді бұдан айықтыру мүмкін емес те шығар. Олар ұзақ жылдар бойы өздерін арақпен улап келген, шөлмектегі шайтанмен күресетін әл-дәрмені жоқ. Бірақ, қалай болса да, олардың балалары мен жас өскінді бұл бәлекеттің тұзағына түсуден міндетті түрде құтқаруымыз керек! Сонда ғана дұрыс өмірдің іргесін қалауға жол ашылады. Осылайша, берік, қуатты да қырағы ұрпақ жетілдіре аламыз!

Григорий Петров "Мінсіз мұғалім"

 

Француздың ұлы жазушысы Бальзак айтты деген сөз бар: әр адамның тағдыры кілтін тауып жаза білсе бір-бір роман деп. Тағдыр – әр адамның маңдайына жазылған жазмыштың жазуы. Оны жүріп өту әрі күрделі, әрі сан салалы мағыналы, әркімнің өмір арбасы әрқалай дөңгелейді. Біреудің тіршілік арбасы әрдайым қырға тырмысса, келесі кісінікі - ойға құлдилап, қaншa жоғары тартса да, тырысса да жолы болмай діңкелетіп өтеді.

Сәуле Досжан "Үшінші есіктің құпиясы"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 203 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: