Кітап үзіндісі
07/02/2022, 12:27

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Өзен, қанша терең болса да, түбі бар, тау қанша биік болса да, төбесі бар. Қайғың, қанша ауыр болғанмен, о да шексіз емес...

Ілияс Есенберлин "Алтын құс"

 

...Албырттық пен асаулық жас жүрекке тән. Өмір-бақи бұлардан айрылмаймын деп ойлау ақымақтық. Бір қарағанда, баяу, бір сарынмен ағып жатқан өзендердің көбі биіктен құлап, арқыраған сарқырама болып басталғанмен, ешбірі теңізге құйғанша көбік шашып, арқырап ағып бармайды. Алайда момын болып көрінген өзенде ұлы күш, алапат құдірет, жойқын қуат жасырынып жатады. Адам да сол сияқты. Ақыл-ойы, сана-сезімі терең болған сайын сабырлы келеді.

Михаил Лермонтов "Біздің заманымыздың қаһарманы"

 

Ойлап қарасам, бүкіл тіршіліктің, бар ғұмырдың мән-мағынасы, сән-салтанаты, қызық-шыжығы адал жар ғана екен. "Жақсы жарға — жан пида!" дейтін себебім сол!

Әзілхан Нұршайықов "Мәңгілік махаббат жыры"

 

...Аз күннің ішінде алма ағаштың алмасы тек биіктегі бұталарының ұшар бастарында ғана қалды. Созсаң қол жетпейді, сілкісең түспейді. Басқа алмалар сарғылданып піскенде, әлгі биіктегі алмалардың бір бүйірлері шиқандай боп қызарып, көздің жауын алады. «Шіркін-ай!» — деп аузымыздың суы құрып қызығамыз. Бір күні Сыпатай сол ұшар биіктегі қызыл алмаларды алам деп, тоқтау айтқанымызға бой бермей, алып алма ағаштың төбесіне өрмелеп шықты. Қызыл алмаларға жетіп, енді қол соза бергенде, аяғын тіреп тұрған бұтақ сынып кетіп, төмен қарай құлап түсті. Балалар шу ете қалдық. Жүгіріп жанына барсақ, көкпеңбек боп, тыныстай алмай бүгжиіп қапты. Бір-екі бала аттандап ауылға қарай жүгірді. Ағыл-тегіл еңіреп Бүбітай жетті. Баласын жерден көтеріп алған, былқ-сылқ етіп ыңыранғаны болмаса тілге келмеді. Сыпатайдың өлімінен кейін шешелеріміз бізді алмаға жіберуді қойды. Бөктерге қарай аяғымызды қия басудан қалдық.

Сайын Мұратбеков  "Жабайы алма"

 

... Аянның ертегісін тыңдаған кезде, кейбіріміз ішіне жылқы тезегі салынған ешкі сирақ темекіні бұрқырата сорушы едік. Ғажап ертегілер еді… Дүниедегі жақсылық атаулының бәр-бәрі: ерлік те, ізгілік те, сұлулық пен ақылдылық та, әйтеуір адамға тән не бір асыл қасиеттің барлығы да сол Аянның ертегілерінде болушы еді...

Сайын Мұратбеков  "Жусан иісі"

 

Тіл табысып жүргеннен асқан тірлік болсайшы!

Шархан Қазығұл "Оңашадағы онлайн ойлар"

 

Қыс өтер, көктем шығар, құстар қайтып оралар. Ал Дауылбай ше? Ол өткінші ме? Бұл дүниенің жүзінде өткінші емес кім бар дейсің?! Бәрі өтеді, Дауылбай да өтеді. Қара жер қараны да, төрені де, жарлыны да, байды да бірдей етеді. Бір өлмесе Ескендір Зұлқарнайын өлмес еді. Ода кетті. Топырақ болды. Кім біледі, сол топырақтан бір байғұс балшық илеп, қыш құйған шығар...

Шерхан Мұртаза "Қызыл Жебе"

 

...Өз әйелімді сүйе тұрып, тағы басқаны ұмыта алмауым, тіпті, сағынуым, бала күннен бірге өскен досымды бар пейіліммен сыйлай тұрып, онымен қырғи қабақ жандармен де жылы сөйлесуім – осының бәрі не қылық, адамгершілік пе, екіжүзділік пе?

Бексұлтан Нұржекеұлы «Бір өкініш, бір үміт»

 

Ұят дегеніміз – күрделі құбылыс, ол жан дүниенің терең түкпірінде жатады, оны көзбен көріп, қолмен де ұстай алмайсың, мүлдем лақтырып тастау да, одан қашып құтылу, жасырынып қалу да мүмкін емес. Ұятты химиямен өлтіріп, радиоактивті сәулемен емдей алмайсың. Оған антибиотиктер де әсер етпейді. Ал ұят оянған жағдайда адамзатты жасаған жамандығы үшін қиналысқа түсіреді. Оны жеңудің бірден-бір тәсілі – ұяттан аттамау, жаман әрекетке бармау ғана. Рас, оны ішімдікпен немесе есірткімен баса тұруға болады. Бірақ, ол уақытша алданыш қана. Түп-түбінде ұят өртемей қоймайды. Адам оны жеңуі мүмкін емес, ол ең соңында өз ұятымен бетпе-бет қалмақ. Ал егер ол жасаған қылмысы үшін шынымен өкінбесе, Жаратушыдан және ренжіткен адамынан кешірім сұрап, жақсы әрекеттерге бармаса, ұяты оны іштей мүжіп бітіреді!

Баянғали Әлімжанов "Өмір сүруге рұқсат етіңіз!"

 

Өмір осылайша өтіп жатыр. Әжем «е-е-е, көрешегіңді көрмей, көрге кірмейсің» деп отыратын, соның бәрі рас екен – қуаныш келіп қайғымды жуып-шайған, жетістікке жетіп, жеңілісімді ұмыттырған кездерді бастан кештім.

Камал Әлпейісова "Апасының баласы"

 

— Мінез өзгереді екен, әке. Әдет-ғұрып, салт-сана да өзгереді екен, әке. Ескісі өледі екен, әке, жаңасы келеді екен, әке...

Оралхан Бөкей "Өз отынды өшірме"

 

Жылқы ішінде ала жүр, Ұстай алмай бала жүр. Әкем – кәрі, бауырым – жас, Көзіңнің қырын сала жүр, — дегенде үй ішінде сыр бермеген әкем теріс айналып жеңімен көзін сүртті. Бұл әпкемнің өзі шығарған өлеңі емес қой, бұрыннан келе жатқан сыңсу. Ұзатылып бара жақан бір қыз айтып, жатталып қалған шумақ қой. «Қыз – қамқор» дейді ғой қазақ. Рас! Әкеге қыздай қамқор, үй ішіне қыздай қамқор адам көрмедім. Анам тоғыз бала көтерді. «Балалар көбейсе бірін-бірі бағады» дейді ғой, бағады, бірақ қыздар бағады екен. Бір-біріміздің мұрнымызды бұзып төбелесіп жататын ұлдардың кiрiн қыздар жуды, киімін солар жамап, нанымызды солар пісіріп, тамағымызды солар істеді. Қазір де біз ауылға барсақ, қонаққа барғандай шалжиып жатамыз, ал, жат жұртқа кеткен қыздар төркіндеп келгенде әкесінің әр жейдесінің жағасын тексеріп, үйдің ауласына дейін жарқыратып шығады ғой. Қарашы! Мынау шумақтың алдыңғы екі жолын қайталап қараңызшы. Анау топ жылқының ішінен көздегенін ұстай алмай жүрген бала мына қыздың бауыры ғой, шамасы келмей жүр ғой, өзінен үлкен әпкесі көмектесер еді, ол жатжұрттық болып жаралған соң ұзатылып кеткен... Бұл – өзі жатқа ұзатылып бара жатып, калып бара жатқан бауырын, әкесін уайымдаған қыздың көкірегіндегі сурет еді. Шынайы өлең өмірге осылай келген.

Ұларбек Нұрғалымұлы "Дайағашшы"

 

– Уақыты келген күні, дәл осы көрініс олардың да алдынан шығады. Олардан да сұралады. Сен тек өз ісің үшін жауаптысың! –деп тоқтатты.

Торғын Жолдасбекқызы "Араша"

 

– Өмірде жақсымен де, жаманмен де кезігесің. Қол созып, бірі жақсылық, бірі қасірет ұсынар. Әркім өзінікін жөн дер. Таңдау бірақ, сенің еркіңде. Есіңде болсын – біреуді біреу тозаққа да, жұмаққа да жетелей алмайды. Сен тек өз таңдауың үшін жауап бересің. Қиындық берсем – сабақ алсаң деймін. Жақсылық берсем – көтере алсаң деймін. Бастысы, мейлі сын болсын, мейлі сый мені таңдасаң деймін, маған үміт артып, менен көмек сұрасаң деймін. Және айтарым – тіріңде өтей алмайтын күнә жоқ. Осыны ұмытпасаң екен, – дей бергенде әлгі әлсін сәуле күшейіп, жанарымды шарпып өтті.

Торғын Жолдасбекқызы "Араша"

 

Сорлы елге содыр басшы тап келіп, титықтап тұрмыз ғой, қалай да.

Әбдіжәміл Нұрпейісов "Қан мен тер"

 

Қан - өмір, биік мүдделер жолындағы күрес символы. Тер - тіршілік, көнбіс бейнеткерлік пен үзілмес үміт символы.

Әбдіжәміл Нұрпейісов "Қан мен тер"

 

Бақыт – басыңа қонған құс, қолына шыбық ұстаған баладан да үркеді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов "Қан мен тер"

 

Кіммен қара болсаң, сонымен ағар деген, шырағым.

Әбдіжәміл Нұрпейісов "Қан мен тер"

 

Менің ішіме өкпенің үлкені де, кішісі де сыяды. Тісімнен шығармай тістеніп жүрсем де болар еді...

 Әбдіжәміл Нұрпейісов "Қан мен тер"

 

О заман да бұ заман, жаман қатынды сабап жақсы еткен жігітті көргем жоқ.

Әбдіжәміл Нұрпейісов "Қан мен тер"

 

Мықтысы әлсізін талап, қырқысып жатқан қиянаты мен күнәсі мол мына дүниеде күнәкар болмай, тал бойын таза сақтап жүрген жалғыз кісі бір өзі сияқты...

Әбдіжәміл Нұрпейісов "Қан мен тер"

 

Көзі түскен еркектің көңілін қытықтап: "Мені көр. Мені көр де өзіңнің әйеліңе қара" деп, ерлі-зайыптылардың арасына от тастап бара жатқандай.

Әбдіжәміл Нұрпейісов "Қан мен тер"

 

Тіріде көрер қызық пен қуанышты, бақытты бұл көктен қиялдап, аспандағы жұлдызға қол созып жүргенде жердегі сыбаға үлесінен құр қапты.

Әбдіжәміл Нұрпейісов "Қан мен тер"

 

Қу жанды сақтау үшін миы құрғырдың осынша айлаға барарын кім білген? Ең ұлы жыртқыш адамның ойы деген кесім жасады жөпелдемеде.

Жанат Жаңқашұлы "Алжасқан ғасыр"

 

Отбасындағы бірінші жақсы көру керек адам ол – бала емес. Бірінші – өзің, одан кейін жолдасың, сосын балаң. Сонда ғана бала бақытты. Бірінші орынға баланы қою балаға кері әсер етеді.

Анатолий Некрасов "Материнская любовь"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 237 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: