11/01/2022, 11:00 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Қазақ ұл туғанда қуанған. Қыз туғанда кейімеген. Ұлдың туысы артық, қыздың ырысы артық деседі. Қызды қадірлемеген — кәдесіз дейді. Қыз кем емес, тең. Ертең ана болып үй билейді, ақылы асса ел билейді. Тек әйел атымен аталатын, арғы әжелерін пір тұтатын ру, тайпа қаншама... Мұхтар Мағауин "Аласапыран"
Адамның ең қас жауы — күдігі мен күмәні. Оны жеңер құдірет жоқ. Өз ішінде бұғып жатқан жымысқы күдік тырнақтарын тарбита кеуде тырнап тірілген кезде оған оқ та өтпейді. Қылыш та батпайды. Оқ пен қылыш, тәйір-ай, сөз болып па. Ішкі жегіні бомба да, ракета да ойсырата алмайды. Оның бір ғана жендеті — өзіңнің ажалың ғана. Сен өлгенде күдік күмәнің қоса өледі, қоса жоғалады. Сонда ғана тыншиды. Софы Сматаев "Біз құлмыз ба, кімбіз?"
Мені біреулер роман, повесть жазды деп жүр. Оның бәрі – өтірік сөз. Мен роман да, повесть те, көркем әңгіме де жазған адам емеспін. Мен басымнан не кештім, өз қолыммен не істедім, өз ойымнан не өткіздім – соның бәрін фотоға түсіргендей еске түскендерін жазып жүрген адаммын. Сондықтан менің жазғандарымның бәрін бұрынғы партизан отряды командирінің басынан кешкендері деп түсіну керек. Ұлы Отан соғысы кезінде партизандардың фашистерге қарсы қолданған әдіс-айласы деп ұғыну керек. Басымнан кешкен оқиғаларымның 70-80 пайызы енді жазылмайды, менімен бірге о дүниеге кетеді. Оны жазбады деп оқырман қауым маған өкпелей қоймас. Фашисі бар, Отанына опасыздық жасаған сатқыны бар, полицайлары бар, өз қолыммен қаншама адам өлтірдім. Демек, мен – қолы қанға боялған адаммын. Қасым Қайсенов "Естеліктер мен жазбалар
…Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да - оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді, қадірлейді, сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандардан күтеді. Оқыған - қара халықтың шырағы (идеалы), бұқарасы сонша кәдірлегенін оқығандар білу керек. Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін шығарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді. …Ақтығында айтпағым: оқығандар өзін өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылуы керек. Жүсіпбек Аймауытов "Ұлтты сүю"
Қазақ ақсақалдары алдына келген азаматтың ата тегін екі мақсатпен сұраған. Бірі – жалпы жөн білу үшін, екіншісі – тегін танып барып, сөз өрбіту үшін. Тегіне көңілі толса, меселін қайтармаған, түбі жұтаң болса, емексітіп қана шығарып салған. Өйткені түбі күдіктінің сөзіне қырық кісі куә керек. Алдан Смайыл "Саяси-әлеуметтік публицистика"
Абай жарықтық: "Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалай аяқтағанынан емес" депті. Яғни, ең бастысы – ниет; нәтиже – әртүрлі психологиялық, физиологиялық, қоғамдық, т.т. жағдайлардың әсерінен, талапкердің еркіне байланыссыз, мүлде басқаша боп шығуы мүмкін. Еңбегінен, іс әрекетінен ешқандай нәтиже шықпайтынын білген күннің өзінде адам ақырына дейін күресуге, ең соңғы тамшы қаны қалғанға дейін беріспеуге тиіс. Мұхтар Мағауин "Көк мұнар"
Аллатағала адамға алдымен ақыл берген, сосын сезім берген. Екеуі екі нәрсе болғанымен, бір-бірімен тығыз байланыста екені дәлелдеуді қажет етпейді. Ақыл мен сезімді безбеннің екі басындай тең ұстағанға ешнәрсе жетпейді. Бұл – жеке адамның өміріндегі ең үлкен үйлесім. Шархан Қазығұл "Оңашадағы онлайн ойлар"
– Мен шындықты өмір бойы іздедім. Бірақ таппадым,– деп күрсінді шал. – Анда-санда сайқал үміт жылт етіп жанып, емексітіп алады да алдап кете береді. Солай, қарағым. Күнің басқаға қарап тұрса солай бола береді. – Заман жақсарар, аға. Атар таңнан үміт күтеміз. Көп ұзамай Брежнев көкем кетер,– деді Аяған бәсең дауыспен. Айтарын айтып алып, өзінен өзі қуыстанып, жан-жағына қарады. Алдияр мырс күлді. – Ол кеткенмен басқасы келер. Одан не өзгереді? Е-е, қарағым, Кенекем осыны баяғыда білген. Білмесе өзі барып жанып тұрған отқа түсер ме еді,– деп Алдияр көкірегі қарс айрылардай күрсінді. Баққожа Мұқай "Өмірзая"
Ақиқат та адам таңдайды. Ол күштінің жағында әрқашан. Баққожа Мұқай "Өмірзая"
"Батар күннің атар таңы бар” дейді. Біздің де таңымыз атып, тауығымыз шақырар. Әр азғынға бір зауал келер түбі. Шыда, шырағым, шыда... Құдай аманшылықпен қауышуға жазсын. Баққожа Мұқай "Өмірзая"
Халық бәрін біледі. Жабық есіктің аржағында болып жатқан сан қилы оқиғаларды біліп қана қоймайды, сол жағдайлардың барлығына жан-жақты талдау жасап, әділ баға беріп отырады. Халық Брежнев туралы сан түрлі анекдот айтқаны үшін кінәлі ме? Бәлкім, халықты Ауғанстандағы соғысқа қарсы болғаны үшін жауаптау керек шығар?! Халық ешкімнен де, ештеңеден де қорықпайды. Шындық үшін отқа түскен, өмірін оққа байлаған азамат аз емес. Ол қылышынан қан тамған Сталин заманында, отыз жетінші жылдың зобалаңында жа күштіден қаймықпаған, шындықты өтірікке жығып берген жоқ. Халықтың шындықтан асқан қадырлы несі бар?! Ұлы шындықсыз халық өмір сүре алмайды. Баққожа Мұқай "Өмірзая" Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 272 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |