20/12/2021, 19:30 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Біз бір-бірімізді танимыз, баяғыдан білеміз деп ойлаймыз, түптеп келгенде, түк те олай емес, біз ең әуелі өзіміздің кім екенімізді зерттеп алайық та. Оралхан Бөкей "Жетім бота"
Кейде үлкен кісілер: "Апыр-ай, мына жастар не болып барады? Ұлда ұят, қызда әдеп жоқ. Жұрттан именіп, қымсынуды білмейді. Ұлттық қасиеттен жұрдай болып айырылған", - деп бастарын шайқап, налып жатады. Көзге тікендей қадалған талғамсыздықты көрген соң, қынжылмай қайтеді. Алайда себебін сараламай, салдарына ренжіп жүрміз бе деймін. Сол жастар аспаннан түскен жоқ, басқа қоғамнан келген жоқ, қазақтың жерінде, қазақ отбасында туып-өскендер. Оларды сөгіп, айыптаудан бұрын аяуымыз керек шығар. Өйткені жастарды былай қойғанда, солардың елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған әке-шешелері мен жетпістің желкесіне, сексеннің сеңгіріне шыққан ата-әжелері кешегі жалпыға ортақ кеңестік идеологиямен тәрбиеленгендер ғой. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық таным-наным, ұлттық ұждан дегендерден ерікті-еріксіз түрде аулақтап қалғандар. Кеңес өкіметінің үлкен бір қателігі - әр алуан ұлттардың өзіне тән тілін, ділін, ұлттық құндылықтарын жойып, барлығын бір қапқа салып, бір қолға ұстатуға күш салғаны еді. Айдап өргізіп, иіріп жусату мақсаты түпкілікті болмағанымен белгілі дәрежеде іске асты да. Кеңес өкіметінің құрамындағы әр ұлт әр деңгейде ата-бабасының салып кеткен өнеге жолынан жаңылды. Өзіне ғана тән ұлттық қасиеттері әлсіреді. Соның нәтижесінде ұрпақ тәрбиесіндегі дәстүр жалғастығы бұзылды. Ұл мен қыздың арасындағы құдай жаратқан табиғи ерекшеліктеріне қарай, өмір-тіршіліктегі міндет-парызына қарай тәлім-тәрбиенің өзгешіліктері мен әдіс-тәсілдері ескерусіз, тіпті әдейі сырылып тасталды. Жайшылықта елеусіз көрінетін бір ғана мысалға зер салыңызшы. Кішкентай бүлдіршін аяғын басып, қасық ұстауға жараған соң, балабақшаға барады. Бақшада ұлы қайсы, қызы қайсы, бір бөлмеде ұйықтайды, бірге өреді. Бір жерде шешінеді, бір жерде киінеді. Еш нәрсе жасырын емес. Күні бойы бірге ойнайды, қол ұстасып та, құшақтасып та бірге жүреді. Баланың аты - бала, ұл мен қыз әлденеге келіспей, бір-біріне тіл тигізіп, ұрысып та қалады. Одан да арырақ кетіп, жұдырықтасып, төбелесетін де кездері бар. Аражік жоқ. Ұлға - қыз, қызға ұл жағаласып, қарымтасын қайтарып жатады. Әлгі үлкендер айтатын "именудің" балапан қанаты қайырылып, "теңдіктің" дәмін ерте тартып өседі. Енді осы жерден ұлттық тәрбиенің қандай үлгісін көріп тұрсыз? Иісі де жоқ. Ал біз "ұлдар неге өрескел, қыздар неге әдепсіз" деп ренжиміз. Тары егіп, бидай орғымыз келеді. "Ер мен әйелдің айырмашылығы жоқ жерде дүниенің шырқы бұзылады" деген екен қытайдың ойшыл ғұламасы Сыма Сян. Қазір, құдайға шүкір, қазақша балабақша да, қазақша мектептер де күн өткен сайын көбейіп келеді. Алайда өкініштісі сол, шынайы түрдегі ұлттық бақша да, мектеп те жоқ, яғни ұлттық тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге ошағын қалыптастыру әлі еленбей, халық педагогикасына мән берілмей, баяғы сартап болған көпке ортақ ескі кеңестік жолдан тастабандап айырылмай келеміз. Өткенге - салауат, "сүйек аман болса, ет жетiлер" дейік, бірақ ендігіміз не? Бұрын орыс бола алмай қара тер болушы едік, енді ағылшын боламыз деп далбаңдап жатырмыз. Оның үстіне "еуромодель" деген тағы қосылды. Сонда қазақ қайда қалды? Онсыз да ат төбеліндей аз халықпыз ғой. Қазақтың болашағы үшін, ұлт ретінде тұтастығымызды сақтау үшін жас ұрпаққа арналған салауатты да сауатты ұлттық бағдарламаның қажеттілігі күн тәртібіне қойылатын уақыт әлдеқашан жеткен. Амал қанша, құзырлы мекемелер немқұрайлық пен бодандық психологиядан ажырай алмай отыр. Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты"
Аллатағаладан асқан өнер иесі жоқ! "Космос" деген сөздің аудармасы сұлулық екенін қазір екінің бірі біледі. Жер де сондай әдемі. Тау да. Тас та. Өзен-көлдер. Көкорай шалғын, гүл, оған қонған көбелек, бәрі-бәрі – жаратқанның бізге жіберген әдемі сыйлықтары. Шархан Қазығұл "Оңашадағы онлайн ойлар"
«Саналы ұлт қалыптасу үшін арлы болуымыз керек. Өйткені, арсыз ұлт тексіздікке, ал тексіздік санасыздыққа алып келеді». Аз ғана жылда арсыз ұлтқа айналсақ, айып кімнен? Арсыздық тектіліктің жұлынқұрты болса қайтесіз? Жұрт жайлаған жұғымсыздықтың елі бар да емі жоқ па сонда? Исраил Сапарбай "Ойтұмар"
…Оқығандар! Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр. Жүсіпбек Аймауытов "Ұлтты сүю"
Бірде Facebookтан пессимистік көңіл күйге маталған бір бойжеткеннің жазбасын оқып қалады. Ол Германияда оқитын студент қыз екен. Ол да Бейсенді аға тұтып жүретін. Сол күнгі жазбасында әлгі қыз жастық шағын, ауылын, ауылдың құрты мен майын, қазы-қартасын сағынғанын айтады. Бейсен бірдеңені сезгендей болады. Жекесіне хат жазып, мән-жайды сұрайды. Сөйтсе әлгі қыз күйзелісте жүр екен. Жеке өмірінде, махаббат мәселесінде жағымсыз бір оқиға болыпты. Ашу үстінде айтылған сөз шығар, "Қазақ жігіттерінен көңілім қалды" деп налиды. Бейсен інілерінің біріне хабарласып: - Шенгенің бар ма? Еуропаға визаң әлі ашық па? - деп сұрайды. - Ашық, - дейді інісі. - Ендеше менің бір тапсырмам бар! Қолың тие ме? - дейді. Інісі әзір екенін айтады. Бейсен оған: "Құрт-май, қазы мен ет алып, мына мекенжайдағы қызға апарып бер", - дейді. Германиядағы студент қыздың мекенжайын береді. Інісі сәлемдемені алып, қыздың мекенжайына жеткізеді. Қызға базарлық толы қалтаны береді де: "Бұл қазақ жігіттерінің атынан келген сәлемдеме", - дейді. Заматта елге кері оралады. Осыдан соң бойжеткен басын көтеріп, өмірін қайта жоспарлайды. Оның адамға деген сенімі қайтадан күшейеді. Бәлкім, ендігі бақытын да тапқан болар... Санжар Керімбай "Бейсен және Болмыс"
– Көке! — деп айқайлап жіберді бала. – Көке! Мен енді мектепке барамын. Сен өкпелеме. Сен өкпелеме! Мен енді Қырғызбаев болып жазылдым. Бірақ мен – Тұрар Рысқұловпын. Шерхан Мұртаза "Қызыл Жебе" Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 143 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |