Кітап үзіндісі
13/09/2021, 15:13

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Өмірдегі ең жаман нәрсенің бірі өзімдікі дейтін баспанаңның болмауы. Біреуге кірме болу. Есіктен еркін кіріп, еркін шыға алмайсың. Жүрсең, тұрсаң қорынып, қор боп бітесің.
Бердібек Соқпақбаев "Өлгендер қайтып келмейді"

 

Теңіз терең емес, әйелдің жаны терең. Жеті қабат жер астындағы нәрсені білуге мүмкін, бірақ әйел жанының мінезін білуге мүмкін емес. Бір қарасаң, әйел – бала, күйерін білмей отпен ойнайды. Әйел – ердің тәңірісі, жарата да алады, жоқ қыла да алады, сүйдіре де алады, күйдіре де алады. Әйел – ердің құлы, табанының астында топырақ болады, ердің көлеңкесіне айналады, өзі жоқ болады. Әйелдің аруағы басса, ер күйеді, жанады. Бірақ өзінің жеке бір адам екендігін ұмытпайды, жоймайды. Ердің аруағы басса, әйел адамдықтан шығып, жоққа айналады. Есінен айырылады. Тілі байланады. Әсіресе әйел бұзық жанды болмаса. Ол уақытта мұндай әйелдің ердің көнгіш күңі болуында еш дау жоқ.
Мағжан Жұмабаев "Шолпанның күнәсі"

 

Тіпті қайдағы бір мағынасыз жаңсақ мақсаттармен салынған әуре пирамидалар тарихта қалады, ал ең маңызды зат – осыны салған адамдардың ауыр азабы, қайғы-қасіреті, көз жасы қалмайды...
Төлен Әбдік "Ақиқат"

 

Өмірде жаны таза жақсы адамдар болмаса, әлемнің әйнегі баяғыда быт-шыты шығар еді.
Оралхан Бөкей "Жетім бота"

 

Келінін жамандайтын енелерге айтарым: "Сенің келінге қандай еңбегің сіңді? Ол – біреудің баласы. Біреу туып, шамасы келгенше тәрбиелеп, сенің қолыңа дайын күйде берді. Ал оны ары қарай тәрбиелеп, өзіңе ізбасар ете алмасаң, кімге өкпелейсің?" – деймін. Ал енесін жамандайтын келіндерге: "Баласы жақсы. Онымен бір жастыққа бас қойып, бірге өмір сүруге ниет еттің. Сол өзің сүйген, ұнатып тұрмыс құрған адамның анасы қалай жаман болады? Сенің күйеуіңді тоғыз ай, он күн көтеріп, омыртқасы талып, дүниеге әкелген адам қалай ұнамайды?" - деймін.
Зейнеп Ахметова "Теңбіл тіршілік"

 

Адамның ең үлкен алданышы — "əлі өмірім алда" деген сенімі. Сол үшін маңызды деген істерді кейінге қалдырып, өзінің рухани ахуалына, Құдаймен байланысына немқұрайлы қарайды. Өлімнен қорықпау керек, бірақ өмірім мəнсіз өтіп кете ме деп қорқу керек. Жүрегім жұмсарсын, ойларым ретке келсін, мақсатым айқындалсын десеңіз, өлімді еске алып тұрыңыз.
Данияр Жігітбек "Лайфхактар"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 180 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: