Кітап үзіндісі
23/08/2021, 21:21

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

– Ғашық болу азап па?

— Е, әрине, өзің жақсы көрген адаммен өмір сүру оп-оңай емес. Себебі оның қабағының түйілгені де жүрегіңе сызат түсіреді, оның реніші, күйініші, сүйінішін өзінен екі есе артық қабылдайсың. Үнемі жаның ашиды да жүреді.
Бибігүл Қабиқызы "Тауқымет"

 

Өткен өмір аққан су тарізді ғой. Алыстап бір кеткен екен, қайта орнына келмейді..
Қабдеш Жұмаділов "Таңғажайып дүние"

 

Жер жүзінде ұялмайтын адам жоқ. Бірақ білімі, тәрбиесі, мінезіне қарай әр адамның ұялуы да әр түрлі болады. Мысалы, білімсіз адам айылын жимайтын істен білімді адам ұялып өліп қалады. Жұмсақ мінезді адам ұялшақ келеді. Ұялу оңай нәрсе емес. Адамға ұялудан күшті жаза жоқ. "Өлімнен ұят күшті" дейді қазақ. Қазақтың бұрынғы күнде нашар іс істеген адамдарға істеген жазаларының көбі ұялту болған. Мысалы, қазақтар әйелді қара өгізге теріс мінгізіп, бетіне күйе жағып, үстіне құрым жауып ауылды айналдырады екен. Әрбір елдің заңыңда ұялтуға негізделген жаза нағыз қатты жаза деп саналады.
Мағжан Жұмабаев "Педагогика"

 

Қара басының қамын ойлап, өз қуанышымен шектеліп жүре бергеннен адам баласы рухани өспейді.

Адамды өсіретін де, биіктететін де - өзгенің қамын жеу. Өз қамын ойлау әркімнің қолынан келеді, ал басқаның қамын екінің бірі ойлай бермейді. Адамның адамгершілігі басқаны ойлаудан басталады.
Бексұлтан Нұржекеұлы "Ерлі-зайыптылар"

 

Боқтап отырып пәлсапа соғу, боқтап отырып уағыз айту - үлкен өнер. Баяғыда қазақтың соңғы әулиесі Мәшһүр Жүсіп Көпеев бір моланың басында сыдыртып айналасындағыларға боқтап тұр екен. Содан адамдар "Ау, Мәшеке, бұныңыз не?" - десе, "Олар басқа сөзді түсінбейді" - деген екен.
Садық Шерімбек "Жүз"

 

Егер болашақ оқу-білімнен үміттенбесем, егер екі адамды ұрып жығар қайратым болса, егер одан гөрі басқарақ заман туса, экстремист, террорист болып кетер едім деп ойлаймын.
 Мұхтар Мағауин "Мен"

 

Біреу адам жүрегінің әр жиырылғанда қолқаға 60 текше сантиметр қан айдап отыратынын, бұл қанның тәулігіне алты тоннадан асып, бір жылда 56 темір жол цистернасына тең келетінін есептеп шығарыпты. Ал құйтақандай жүрекке қанша қуаныш, қайғы-мұң, ашу-ыза, аяныш сезімі, қайырымдылық сиятынын есептеп шығарар жан бар ма екен? Бүкіл әлем үшін жаны күйетін қорғансыз байғұс жүрек....
Бақытжан Момышұлы "Жанымның жарық жұлдызы"

 

Сәтсіз махаббат - адамның бүкіл өмір жолына созылған күй. Ұмытылмас күй. Сырлы, назды. Ерке, мұңды...
Мұхтар Мағауин "Өмір жыры"

 

Қызылды-жасылды, көзді арбап, көңілімізді жаулаған, көзге көрініп тұрған бұ дүниені сүю үшін көп ақылдың керегі жоқ. Ал о дүниені сүю, о дүниені аңсау - тәнін емес, жанын танығандар үшін бе деймін. Ал біз уақытымыз келгенде иемізге қайтамыз. Шәкәрім бір сөзінде өлім туралы түсінігімізді төңкеріп тастайды.

"Өлім маған өмірден мың есе артық..."

Өлімнің өзі жұқа бір перде, түсінген адамға, иманы кәміл адамға - бар жоғы жанның мәңгілік сапарының алғашқы қақпасы ғана.
Омар Жәлел "Махабатсыз дүние дос"

 

Осы замандық өнер марафондық жарысқа ұқсас, барлығымыз жүгіріп келеміз, біреулер алда, біреулер артта...
Оралхан Бөкей "Жетім бота"

 

Көңіліңді қалдырған адамның да, көңіліңді босатқан адамның да қасында ұзақ тұра алмайды екенсің.
Ғабит Мүсірепов "Қазақ солдаты"

 

Қазақ даласында не көп, құм мен сортаң көп. Маңғыстау жері-осының әйгілі үлгісі.
Бұл бір ғажайып өлке! Асты лықылдаған су, үсті күн жеп, жел суырған, су жетпей әбден қаңсыған, қартайған, кәрі шалдың бетіндей әжім-әжім боп қатпарланып кеткен өңсіз кеңістік! Қысы қақыраған суық, жазы шыжыған ыстық. Сәл қаттырақ жел тұрса, алай-түлей боран. Құмды боран, шаңды боран.
Ілияс Есенберлин "Қара алтын"

 

Саздан, ағаштан, металдан түрлі нәрселер, ойыншықтар, тұлғалар жасау, түрлі аспаптарды қолдана білу өте пайдалы. Мұндай нәрселермен жасынан әрiстес болып үйренген баланың түзі де үйіндей танымал, қай жер болса оған үй. Ол табиғатпен таныс, табиғат онымен де таныс. Ал өмiр бойы оңаша өсіп, кітаптан басқа түк көрмеген балаға өмірдің затты құбылыстары жат, ондай бала өзіне өзі сенімсiз, бұ дүниеге қолайы жоқ, бір жақтан ауып келген кісі тәрізденеді де тұрады. Жасынан түк істемеген байдың «болпаш» балалары сақа жігіт болғанда атасының дәулетінен айрылып, ері мойнына кетсе, дүниедегі сорлы адам болатынын көруге болады. Ондайлар пысық болғысы келсе, ұрлық қылады. «Ұрлық түбі қорлық» болмай неғып тұрсын? Жұмыс қылуға, адал еңбек етуге әрі әдісін білмейді, әрі әдетiнде жоқ, оның үстіне жуан атаның тұқымы болса арланады. Сонымен, «ұрлық қылса, ол түн, шөп жесе қақалатын», кәсіпті білмейтін, қарап отырып аштан өлетін керексіз адам болып қалады. Міне, дүние көрмегендік, еңбексіздіктің кесірі.
Адам жасынан өмірдің ащысы мен тұщысын татып, тағдырдың көрмесіне даярланып өскен болса, адамгершілік жағына да зор пайдасы бар. Өмірге даярланбаған адамның өз басына да, әлеуметке де пайдасы жоқ.
Жүсіпбек Аймауытов "Псиқолоғия"

 

Кейбір магистранттардан не үшін ғылым жолына түскені туралы сұрасаң - екі жыл шәкіртақы алу үшін екенін айтады. Біздің оңбай жүргеніміз осыдан. Абай "кімде кім ғылым сатып, мал табатын болса, онда оның көбінің ғылымға деген махаббаты - асырап алған шешенің махаббатындай ғана болады", - деген екен.

Біз ғылымды керек кезде қолданып, керегі жоқ кезде қалтаға салып қоятын зат деп ойлаймыз. Ал ғылым деген - тірі. Ниетің мал табу болса, ғылым сені есігінен де қаратпайды.

Мәшһүр Жүсіп атамыз "біреулер ит өлген жерге барып 12-15 жыл оқып келеді, бірақ жүректерінде дүниеге деген махаббаты болса - Алла Тағала ол ғылымды айдап шығарады", - деген.

Ал Міржақып Дулатов "бізде ғылыммен айналысатындар - көп, ғалымдар - жоқ. Қалам ұстағандар - көп, жазушылар - жоқ. Атқа мінгендер - көп, қайраткерлер – жоқ", - дейді.

Бұл жағдай әлі де өзгере қойған жоқ...
Омар Жәлел "Махабатсыз дүние дос"

 

Қазіргі жас жігіттер қызық осы. Еңбексіз, толғақсыз бәрін оп-оңай біліп алғысы келеді. "Ғылым - инемен құдық қазғаннан қиын" деген нақылды ұмытқан. Сейіл-серуен, ресторан, қыз-қырқын. Сөйтіп жүріп ғылыми атақтан дәмелі. Ғылымға мұндай тоғышарлық көзқарас қажет емес.
Мұхтар Мағауин "Көк мұнар"

 

Дүниедегі ең қиын зат жалғыздық қой.Төңірегіңде іштегі қайғың мен қуанышыңды өзіңмен бөлісе алатын жан серік адамдар барда тірліктің де,өлімнің де бір мағынасы болуы хақ. Бұдан рас,өлімнің салмағы жеңілдеп кетпейді. Өлім қашан да қорқынышты. Бірақ сенің өлімнен қашып,тіршілікке ынтығуыңның өзі сол тіршіліктің мағынасы барын дәлелдейді. Ал жер бетінде бүкіл тіршілік атаулы жойылып, әлемде жалғыз қалған бір сәтіңді елестетіп көрші. Мұндайда өлім қорқынышты емес, керісінше тірлігің қорқынышты болмақ.
Төлен Әбдікұлы “Оң қол”

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының 2№ ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 196 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: