Кітап үзіндісі
02/08/2021, 10:31

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Мектепте оқып жүргенімізде: «Адам бір-ақ рет сүйеді, бір-ақ рет өледі», «Әркімге өмір де бір-ақ рет беріледі, махаббат та бір-ақ рет кезігеді», — деген аксиома іспетті ойларын қыздар өлең альбомдарына бояу қарындашпен бадырайта-бадырайта жазып қоятын. Ұмытпасам, ол сөздерді өзім де талай қыздың дәптеріне өрнектедім. Оқушы кездегі ойларымыз да, қылықтарымыз да қызық қой: «Бір ғана қызды шын сүйеміз, өле-өлгенше соны сыйлап өтеміз», — дегенді бәріміз де айтатынбыз, солай болатынына сенетінбіз. Сол тілекпен, сол ниетпен сүйдік те. Қызды да сендірдік, өзіміз де сендік. Бірақ ол қызға үйленбедік. Өтірік сүйдік пе, жоқ, кінә қыздан болды ма, білмедім. Бар шынымызбен, бүкіл жүрек жалынымызбен-ақ сүйген сияқты едік, болмады. Махаббаттың бір-ақ рет болатыны рас болса, онда біздің бәріміз дерлік махаббатсыз үйленген болып шығамыз, өйткені ол махаббатты көбіміз мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жоғалтып алдық емес пе? Өйтіп бала кезіңде-ақ бітіп қала беретін болса, онда ол бала-шағадан басқаның басын қатырмаса керек еді, жігіт кезімізде-ақ жынданып кетердей ғашық болдық қой. Бір емес, бір-екі емес, бірнеше қызға көңіл аударғанымыз да бар. Сонда қалай болғаны? Сонша сүюдің ішінде бір сүйгеніміз ғана шын, басқаның бәрі өтірік пе? Онда өміріміздің тең жартысы өтірік те. Адам сенбейтін әңгіме. Соншалық өтірік үшін табиғаттың адам баласына қымбат өмірді сыйлай салуы мүмкін емес. Бар-жоғы алпыс-жетпіс жыл өмір сүретін біз қателескен күнде де, Адам ата — Хауа анадан бұрын жасап келе жатқан жаратылыстың өйтіп қателесуге қақысы жоқ.
Бексұлтан Нұржекеев "Бір ғана махаббат"

 

Өз ұлтын өзі жамандаған адам пұшпаққа жетпесі айқын. Мен Ташкентте жүргенде өз халқын жамандаған бір өзбекті немесе бір тәжiктi көрген емеспін. Ал біз ұлығымыздан бастап, кішігімізге дейін...

- Жә, тоқтатыңыздар айқайды, - деді милиция бастығы Канаттың сөзін бөліп. – Жолға айтысу үшін шыққан жоқ шығармыз.

- Көп білетіндігін, көп оқығандығын бір білдіріп қалайын дегені де мұның, - деп мысқылдады Тұрланов.
Момбек Әбдәкімұлы "Зобалаң"

 

Өмірдің қайшылыққа толы болатыны несі екен?! Адам, әсіресе, әйел баласы жұмбақ, түсініксіз жаратылған ғой. Кейде әлсіз, кейде болаттай шымыр, кейде оттай ыстық, кейде мұз секілді сұп-суық, кейде балдай тәтті, кейде тұздай ащы, кейде жібектей жұмсақ, кейде темірдей қатал. Дегенмен адамның жаны жылылықты, мейірімді, махаббатты аңсап тұрады. Адамдар өзімшіл болмай, бірін-бірі түсіне, кешіре білсе, сыйлай білсе, өмір сүру оңайлау болар ма еді?
Нұртас Исабаев "Өмірге құштарлық"

 

"Айна" атты портретіме кірістім.

"Айнада үлкен көл бейнеленген. Тұтастай емес. Айдынның азғантай бөлігі ғана. Айнадай жарқырап жатыр. Оның арғы жағында батып бара жатқан күн. Осы екеуінің бергі жағында әдемі қыз тұр. Негізгі план осы болғандықтан, бар күшімді салдым. Қыздың бетбейнесіндегі сүйкім, дидарындағы жылылық, жанарындағы тереңдік пен сұлулық, пәктік, қабағындағы мүңның көлеңкесібарлығы да шеберлікпен суреттелді. Қыздың ойлы жүзінде жұмбақ сыр бар. Әлдене деуге оқталып тұрғандай. Мүсіні мәрмәр сияқты. Жарқыраған денесін әдейі жалаңаш қалдырдым... Тек, бөксесі сүлгімен оралды.
Ертеңгі күні бұл сурет көрмеге қойылады. Сол кезде әр суретке ат үсті қарап келе жатқан жұрт осы шығарманың алдында аңтарылады. Бәрі де қарайды. Қызығады. Әркімде әрқандай ой пайда болады. Біреулер тек қызыға қарайды. Жаратылысқа таңданады. Сұлулыққа сүйсінеді. Лэззаттанады, рахаттанады. Табынады. Сұлулықтың алдындағы әлсіздіктерін мойындайды. Сосын осындай сұлулықтардың баянсыз екенін, түптің түбінде жоғалатынын еске алады. Айуандыққа салынған қолдың бүлдіретінін, олар бүлдірмеген күннің өзінде бұл сұлулықтың қартайып өзөзінен бүлінетінін ойлайды. Қартаймауы, бүлінбеуі үшін адам боп туылмай, сурет боп қана қалатындығына қуанады. Өйткені, адамзат қоғамы қандай да бір тұнықты ластамай, пәктікті былғамай, ғажайыпты қор қылмай тынбайды. Бұл бұлжымайтын заң. Қоғамды тұтастай кінәлауға болмас. Бәрінің қолы кір емес шығар. Сол адалдардың арасында бірен-саран айуандардың да бар екені рас. Міне, солар бәрін бүлдіретіндер. Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады деген де сөз бар. Сол шөлмекті мың тас емес, бір тас сындыратынын да ойлаған жөн. Сондықтан, қанша ақылды десең де адамзат қоғамына сенбеу керек.

Осы суретке қараған екінші бір топтың өкілдері оны әлдекімнен қызғанады. Белгісіз бір зобыр күштен қорғағысы келеді. Аяушылықпен қарайды. Киіндіргісі келеді. Ал, топастарды "Шіркін-ай, мына сұлуды бір құшса ғой... Фигурасын-ай, ә" – деген сасық арман ғана мазалайды. Осы сияқты әркім әртүрлі ойда қалады. Сондықтан, бұл шығарманың атын "Айна" деп қойдым. Өз ойы арқылы әркім өзін көруіне, тануына болады.
Бейбіт Сарыбай "Рауғаш ерте гүлдейді"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 165 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: