15/06/2021, 12:25 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Әлі лайланбаған мөлдір бастаудай баланың ашық жаны бұл дүниеден ойлағанының бәрі бола бермейтінін, үмітінің бірі жеткізсе, бірі алдамшы сағымдай бұлдырап жеткізбейтіндігін, сәттіліктерімен қатар сәтсіздіктер де боларын сезбейді ғой.
Сан тарау өмір соқпағында ерікті, яки еріксіз басқан ізің – адамша ойланған сәтіңде ар сотының алдында азаптай ма? Тірнектеп, тыраштанып қалыптастырған анықтауышыңа (атағыңа, абыройыңа, кәсіби дәрежеңе) қаншалықты адалдығың жайлы аз-кем толғанғанда лайықты, лайықсыздығыңыз туралы Құдайдың алдында құлазисыз ба? Осы сауалдарды өзіңе қойған сәтте адамша өмір сүрудің аса күрделі үлгісін көрсетіп кеткен алдыңғыларға айтар сөз де таппайсың. Тазы боп шалар түлкі заманды сүрген біз ғана емес қой, тегі...
Ғашықтық – ақымақтықтың бір ағайыны. Ғашық адам қашанда ақымақ. Ал ақымақ адам әдетте не айтып, не қойғанын білмейді, аузына не келсе, соны сөйлей береді, және өзін үнемі ақылды, әдемі сөйлеп тұрмын деп есептейді. Сондықтан сүйіскен жастарға сөз қажет те шығар. Ұғынысу үшін, түсінісу үшін емес, үлкен симфонияға жаңа әуен, жаңа дыбыстар қосу үшін ғана. Және айтылған сөздің бәрі бірдей ақылды болуы шарт емес. Қайта, ақылсыз, парықсыз сөздер болсын. Сонда ғана сырлы әуенмен жарастық таппақ. Ал біздің кейіпкеріміз жаза басты, қажет сәтінде ақылсыз сөз таба алмады. «Тағдырдың жазуы осы шығар...» Маңдайыма біткен жұлдызым сенсің дегені еді. Дүниеден бар тілегенім сенсің, бар мұратым, бар үмітім, бар өмірім өзіңде ғана дегені еді. Қыз оны ұқпады. Тағы да кекетiп тұр, тағы да күліп тұр деп ойлады. Сондай ой келген мезетте-ақ ақылды бола қалды. Ақылды бола салысымен, «Не смей!» деп, қажетті ақылсыз сөзді тауып айта алмаған ақымақ жігіттің қолын қағып жіберді. Сол сәтте жігіт те ақылды бола қалды. Ал екі ақылды бой таластырмай тұра алмайды. Неғұрлым ақылды болса, соғұрлым көбірек таласады, неғұрлым көбірек таласса соғұрлым бірінен бірі алшақтай түседі. Ақыры айрылысып тынады. Арада әлденеше жыл өткен соң, жаны жат бөтен әлдекіммен үстіне бала-шаға, қазан-ошақ, қоқыр-соқыр тиелген бір арбаға жегіліп, арып-аршып жүрген шақта өткенді өкінішпен ойға алып, «шіркін, баяғыда қандай ақымақ болғанбыз» деп күрсініседі. Жоқ, қателесесіз, ақымақ болған жоқсыз, тым ақылды болдыңыз. Сол себепті де бақытыңыздан айрылдыңыз. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 178 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |