03/05/2021, 09:53 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Табы бірдің, тағдыры ортақтың тәңірісі де ортақ.
Қызылды-жасылды сәулеге тұнған жарық дүниеде, байқағанға, қақтығыс көп. Ең бастысы – адам баласы бiрiнiң асқанына екiншiсi төзе алмайды. Бiрi өрге өрмелесе, балағына жармаса кетуге жақ тұратыны содан. Одан әрi жанталас басталады. Алғашқысы жабысқақтан құтылуға тебiнсе, соңғысы ерiк-жiгерiн өзiндiгiн үзiп алуға жұмылдырады. Қолы босай қалса шыңырауға құлап тынатынына мұндайда мән бермейдi де. Өйткенi санасын көреалмаушылық тұмшалаған. Ол сауды соқыр етiп, есту қабылетi жоғарыны саңырау қылуға құмар.
Кici екі нәрсеге ие болуы керек: бiрi қолына түскен дүниелік пұлға, екіншісі - ойына түскен бір мақсатты жұмысқа. Қолындағысын біреуге беріп, сонан қайтарып ала алмай жүрген жаман көп болады. Ойына алған сырын біреуге айтып қойып, енді оған: «Сен бiреуге айта көрме» деп жалынышты болып жүрген жаман кеп болады. Дүниең жақсы екенiн бiлсең қолыңнан шығарма. Қолыңнан шығардың, қайтып сұрама. Ішіңдегі сырынды кiсiге айтпа. Айттың екен оған "Айта көрме" деп тiптi жалынба.
Адам жүрген жермен адам жүреді, біреу білмегенді біреу біледі.
Тәңірдің еркесі емеспін, өйткені менде жай ғана келбет, кедей отбасым бар. Қыстың сол түнін мәңгі ұмыта алмаймын, әкем қарындасының үйіне барып, үйге аттап кірісімен маған қуана: «Апайың саған бір себет апельсин беріп жіберді, жеміс жейтін болдың», – деді. Барып себетті ашсам, жол бойы шайқалып, апельсин бұзылып кетіпті. Әкем сілейіп тұрып қалды. Мен сыртқа шығып кетуге ыңғайландым. «Абыржыма, сөзсіз бұзылмағандары болуы керек, әкең саған тауып береді». Әкемнің белі бүкірейіп, мүйізгек басып кеткен қос қолымен себеттегі апельсиндерді қотарыстыра бастады. Үстіндегі пальтосы ай жарығымен онан бетер сүреңсіз көрінді. Мен шетте әкемнің себетті аударып-төңкергеніне қарап тұрдым. Әкем қанша іздесе де бір тәуір апельсин таппады. Күрсініп, тастай суық жерге отыра кетті. Жарлы әкенің мәз-мейрам болып, баласына бір себет жеміс әкелгенде, жемістің түкке жарамай бұзылып кеткенін көргендегі торыққан көңіл-күйін қиялыңа келтіріп көрші? Әкенің көңілі алып-ұшып, баласына ең болмағанда бір тал тәуір апельсин тауып беремін деген ниетін қиялыңа келтірші... Бұзылып кеткен апельсиннің мүңкіген иісінің ішінде жылап жібердім. «Балам, жылама, ертең саған бұзылмағанын сатып алып беремін», –деді әкем мені жұбатып. «Әке, апельсин жегім келмейді!», – дедім. Әрине, бұл шын сөзім емес, әкемде ақша жоғын білетінмін. «Балам, жей ғой!», – деді маған ұсынып жатып. Мен апельсинді ақырын аршып, жартысын әкеме беріп: « Әке, сіз де жеңіз», – дедім. Әкем менің мінезімді білетін, жарты апельсинді аузына салды. Сол сәтте әкемнің көзінен мөлдіреген жас тамшыларын көрдім.
Бұл жалғанда мəңгілік шешімін таптырмай кететін жалғыз-ақ жұмбақ бар. Ол - адам жаны, адамзаттың ойы десек, оған да шабуыл жасар күн алыс емес-ау. Егер ой аулайтын құрал табылса, ақыр заман орнағаны да, басқаны қойып, өзінің не істеп, не қоятыныңды бал ашып, біле аласың ба? Адам өткенімен емес, тек қана ертеңімен өмір сүретінін сезе тұра, бүгінгінің - бір күнінің мұңсыз-қамсыз тыныштығын неге көксей береді екен? Ендеше, ертеден кешке дейін еңбек етіп, атар таңды жүз беріп, аман-есен қарсы алсаң, одан үлкен бақыт барма? Бақыт деген не өзі? Бақыт дегеніміз атақ па, байлық па, əлде самолетке мініп жер шарын шыр айналып шығу ма? Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 194 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |