Кітап үзіндісі
22/02/2021, 11:32

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Бас екеу болмай - мал екеу болмас деген рас екен. Бұрын жатақханаға шаршап-шалдығып келгенде, далаға келгендей құлазып, ұйқыны олжа көрсек, оғанда шүкір, өз үйің - өлең төсегің дегендей, алдыңнан жадырап жарың шықса, тапшылыққа қарамастан жоқтан бар жасалып, дастарханың жаюлы тұрса, дос-жаранның бергеніңе ғана емес, ықылас-пейіліңе тойып аттанса, ер жігіттің бір мұраты осы емес пе.
Дінмұхамед Қонаев "Ақиқаттан аттауға болмайды"

 

Өзіңе сырымды айтқан соң, жұрттың бәріне де солай екен деп ойлайсың ба? Жоқ. Жантасжан, әйел сыры құлыптаулы сандық, көрінгенге ашыла бермейді. Кілті табылғанда ғана ашылады.
Ілияс Есенберлин "Ғашықтар"

 

Неге? Неге? Себебі қайсы? Бір-бірінсіз тұра алмайды екен деген адамдар қайда? Қайда қане, солар? "Әлде менің өмір жолымда ондайлар кездеспеді ме?" Неге? Әлде, бірін-бірінсіз тұра алмайтын адамдар адам ойының ғана жемісі ме? Пәленше өлді деп екінші біреудің қоса өлгенін неге көрмедім? Сонда олардың бәрінің қабірге бірге түсер бірде бір достарының болмағаны ғой? Адам тек өзіне ғана қадірлі болған-ау...
"Мені кім іздейді, мен кімге қадірлімін?" Ол өзін жер бетінде еш жанашыры жоқ жетім баладай сезінді.
Дулат Исабеков "Қарғын"

 

ӨМІРДІҢ МАҒЫНАСЫ - ҰРПАҚ АЛМАСУ

- Өмірдің мағынасы не?

- Ұрпақ алмасу. Алдыңғылар кейінгілерге орын беру керек, - саналы түрде. Қазақта бір терең аталы сөз бар: ”Көп жасай берсе ер азадыдеген. Өкінішке орай біз осы мәселеде оңбай ақсап тұрмыз. Көп жылдар бойы дәйекті түрде жүргізілген құдайсыздық бір-ақ рет өмір сүретін адамдардың легін дайындап шығарды. Ол адамдар осы өткінші дүниеге тас кенедей жабысып алған; көздері қарауытып көзіне көрініп тұрған дүниеден басқа бір дүние бар деп еш ойламайды.
Омар Жәлелұлы "Махаббатсыз дүние дос"

 

Адам баласы қызық қой, әлде мен солаймын ба, өз қайғымнан гөрі, өзгенің қайғысын көбірек ойлаймын, біреудің жылағанын, не оның ренжігенін көрсем, со күні менің де берекем кетеді. Қолымнан келер жәрдемім болмаса да, әлгі адамның қайғылы халы ойымнан шықпай қояды.
Ілияс Есенберлин "Ғашықтар"

 

... - Бұлбұлдың неге әдемі сайрайтынын білесің бе?

Ол басын шайқап күлді.

- Өйткені, ол өз әнін өзі ғана тыңдайды. Өзгелердің тыңдап отырғанын сезбейді. Өзгелерден қысылып-қымтырылмайды, егер қымтырылса олар не ойлап отыр екен деп алаңдаса мынадай құйқылжыған, әдемі ән қайдан шықсын: Кісі бақытты болу үшін не ешкімнен ешқандай шаруасы болмай саяқ жүруі керек, не жұрттың пыс-пысына пысқырмауы керек. Онсыз бүгежектеп бауырыңды жаза алмайсың. Ал бұқпантайға бақыт бұйырушы ма еді!
Әбіш Кекілбаев "Шеткері үй"

 

Сүйген қызы үшін ғашық жігіт отқа да түседі, суға да түседі. Сол үшін біз жігіттердің ғашық кезін жырға қосамыз. Ғашық жігіттің бәрі жақсы, өйткені ол ғашық кезінде жар қадірін біледі. Ал үйленген соң сол қадірді ұмыту ол махаббат белгісі емес. Ол ер белгісі емес. Нағыз махаббат сыйластықта көрінеді. Ер әйелін сыйласа, әйелдің ер сыйламауы мүмкін емес.
Бексұлтан Нұржекеұлы "Ерлі-зайыптылар"

 

Адам баласының, әсіресе, жас шағында мынау жалпақ жаһанға тоятсыз сезіммен қарауы, дүниедегі ең ауыр, ең сұмырай қиындықты тілек етіп, пәруана көбелектей шыр айналып, шырғалап шықпауы неден екен?
Оралхан Бөкей "Өз отыңды өшірме"

 

Сондықтан адал болуды үйренейік, әліміз жеткенше адалдықты қорғайық, біріміздің адалдығымызға біріміз сүйсініп жүріп, қалай өліп қалғанымызды білмей қалайық та.
Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір өкініш, бір үміт"

 

Біз ұлттың тілін "ана тілі" дейміз. Олай дейтініміз, біз туғанда тілімізді, асылымызды, бар ізгі қасиетімізді ананың ақ сүті арқылы бойымызға сіңіреміз. Батыста бұлай айтпайды, мәселен, орыс "туған тіл" дейді. Осыдан-ақ ананы ұлықтаудың озық үлгісін көруге болады. Түптеп келгенде, әлем жұртшылығы әйелді сыйлауды, ананы ардақтауды бізден үйренуі керек.
Дархан Қыдырәлі "Атымды адам қойған соң"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 203 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: