11/01/2021, 10:50 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Кітапты оқушы ғана сынамайды, оқушыны сынайтын да кітап болады!
— Мен мезгілсіз өлген адамды өте аяймын, — деді ол,— әсіресе, әйел жынысты болса... — Heгe?— дедім мен.— Еркек-әйелі не, өлген соң, бәрі аянышты... — Жоқ, әйелдің өлімі ерекше, — деді ол, — әйел жалғыз өлмейді, өзімен бірге бірнеше адамды ала кетеді. Мүмкін олардың ішінде Пушкин, Гете, Шекспир, Ньютондар болуы...
Елді билеуден адамның өзін-өзі билеу қиын. Жағдайы келгенде бақ көтеріп, таққа отыру бола береді. Бірақ соның буымен өзін-өзі ұстай алмай, абыройын ашатындар көп. Меңаяқ сонан аулақ жан еді. Оның зор адамдығының өзі сонда еді.
Өмірді сенің көмегіңе мұқтаж болып, іздеген жандардың санымен немесе өмірлік серік ретінде таңдаған жанмен өрнектейтін болсаң қателескен екенсің. Өмір санға толы есеп емес. Кімге аңсарың ауды, спорттың қай түріне жаныңды бердің, яки сені ес-түссіз ұнатқандардың арасынан өмірді іздеген болсаң, іздей түс! Бірақ өмірді де ол жерден таппассың. Өмірді бағалы киіммен, соңғы шаш үлгісімен, терісінің түсімен, ата-тегімен байланыстыратындар бар. Сосын тәлім алып жатқан оқу орындарымен, қызмет орнын өмір деп түсінетіндер бар. Өмірді жалғыздық немесе көпшіліктің ортасы деп ұғатындар да бар. Бірақ өмір дегеніміз бұл емес! Өмір дегенің дос-жаранға қамқор болу, санаңды торлаған тұманды ойларды шуақты қуанышқа ауыстыра білуің. Қызғаныштың отын бүркіп, сенім үдесінен шыға білу. Уәделі сөздеріңе берік болуың. Кісінің сыртқы емес, ішкі болмысына үңіліп қадірлеу. Ең бастысы, өзгеге жақсылық тілеуші бола білу.
Пайғамбар жасына жақындасам да, кейде менің бала болып кеткім келеді. Өзім құралпы, өзімнен кіші, көңілі жақын жандармен алысып-жұлысып, күресіп, белдесіп ойнағым келеді. Кейде тіпті ауылға барғанда, кішкентай балалармен кәдімгідей асыққа таласқым да кеп кетеді. Мұным қалай деп өзіме-өзім тыйым саламын. Бірақ кейде өз құрбы-құрдастарыммен қалай алыса түскенімді байқамай қалатынмын. Жатып алып ойласам: мұның бәрі өмір заңының бұзылуынан екен. Өмір заңы: бала-бала болуы керек. Балаға тән аз дәуренді басынан кешіру керек. Егер балалық дәуренің шала болса, сол жетіспей қалған сыбағаңды кейін есейгенде аңсап тұрасың. Ал жалпы, қай жаста болсаң да кей-кейде бала болып, балалық шаққа оралғанның ерсілігі жоқ па деймін. Сәби шағын мүлде ұмытып кеткендер, артына бұрылып бір қарамағандар – тегін білмес топастар ма деп қаламын. Олар туған анасын да, Отанын да тез ұмытып кететін опасыздар сияқтанады да тұрады. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 213 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |