Кітап үзіндісі
04/01/2021, 11:12

 Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Сіз aлқара аспанды нұpландырған жұлдыз cияқтысыз, бірақ тым алыстасыз, сондықтан да сұлусыз, қадірлісіз, дегeнмен, адамның қуаты жетпейтіннің бәрі-бәрі керемет емес қой: неғұрлым адамзаттан aлшақтасаңыз соғұрлым көзден тaсаланып, тіпті ұмытыласыз, сонсоң асылдың өзіне күмән келтіре бастамақпыз; қаншама тaғыланып ел жұрттан жерінсеңіз де түбінде айналып табар қaзығыңыз бар ғой; жалғыздық құдайға ғана жарасады дейді, қоса ағaрар қосақ таппай жер қойнына кірем дейсіз бе, әйтеуір біреудің жары боларыңыз хақ; мүмкін Cіз өмір бойы іздеп келген немесе іздеп өтер елес адамыңызды жауапсыз қалдырып ренжітіп келесіз, мүмкін ол адам - мен болармын ойланыңызшы, осы қылығыңыз үшін ғұмырлыққа өкініп өтпейсіз бе? Білемін, қазақ қыздары cалиқалы салмақты hәм кербез де керім болуы керек. 
Сіз, айталық, түн аруы Ай-ақ болыңыз, құдай-ау, оған да адамдар қoнып жатыр емес пе?..
Оралхан Бөкей "Қар қызы"

 

Көре алмау

Жамандар жақсыларды көре алмайды.Қараңғылар жарықты көре алмайды. Неге? Өйткені, олардың көздерін шел басқан. Талантсыздар дарынды көре алмайды. Өйткені, өздерін дарындымыз деп ойлайды. Көре алмау деген қызғаныш қана емес, көре білетіндерге жету үшін жанталасқан жанбағыс, жүйріктердің алдына шықсам деген есекдәме, алданыш. Олар сонымен-ақ күн көреді. Шындығында күнді көрмейді, күн кешеді. Көре білетіндер көргенді, көре алмайтындар көргенсіз болады.Көре білу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Ал көре алмайтындар басың көрге кіргенше таусылмайды.
Ақылбек Шаяхмет "Оймақтай ойлар"

 

Иттің қапқанынан құдай сақтар, балам. Адамның қапқанынан сақтасын.
Шерхан Мұртаза "Ай мен Айша"

 

Он екі айда бір айналып келетін, қадірлі Жаңа жыл! Ең алдымен не тілесем екен сенен? Тілегімді бересің бе, Жаңа жыл? Тілегімді берер болсаң, адамзатқа бейбітшілік, еліме абырой, халқыма бақыт, ал өзіме.. маған бар ғой баянды махаббат бер!...
Өтебай Қанахин "Маздақ"

 

Өмірдегі сəттілік өте сирек нəрсе. Ол жұрттың бəріне бірдей жете бермейді. Бірақ ең үлкен жалғыз сəттіліктен кейін, қалған сəтсіздіктің бəріне де төзуге болады. Қиыншылықты жеңудің ең бір үлкен құралы - төзім. Төзе білсең, барлық азап атаулының жүзі мұқалып, майырылып, өтпей қалады. Мəселен, біреу мойныңа 10 кг тас байлап қойса, 20 кг тас байланбағанына шүкіршілік қылып, жаңағы күйіңді бақытты халге айналдырып жіберуге болар ма еді. Əрине, болады. Сондықтан қазір қандай ауыр жағдайдан да əлгі жолмен құтылып кетуге болады. Ол үшін тек тіршілік керек. Тірлік керек... Қол деген немене?.. Қол деген түк емес...
Төлен Әбдікұлы "Оң қол"

 

Жас кезімде үлкендердің аузынан алдамшы өмір, опасыз ит өмір деген секілді сөздерді көп еститін ем. Бірақ қандай мағынада айтылады деп, мән беріп, ойлана қоймайтынмын. Енді осы жолы ойландым. Осы жолы бар жан-тәніммен шамырқана сезініп, ұққандай болдым. Иә, адам өмірі деген тесік шелекке құйылған су тәрізді болады екен. Тіршіліктің оны-мұны шаруа - қамымен күйбеңдеп, басып қатып жүргенде, бір күні, сарқылып бітіп қалғанын білмей де, байқамай да қалады екенсің.

Алдамшы емей, немене? Опасыз емей, немене?
Бердібек Соқпақпаев "Өлгендер қайтып келмейді"

 

Сезімнің бәрі жақсы: жақсы көру мен жек көру де, сүю мен қызғану да, қуаныш, қайғыру, өкіну - бәрі де. Бірақ шегінен асып кетсе, солардың қай-қайсысы да жаман.
Бексұлтан Нұржекеұлы "Ерлі-зайыптылар"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 203 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: