28/12/2020, 12:18 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Ашығын айтқанда, өзімнің қандай адам екенімді де білмеймін. Көңілшек екенім рас. Алайда, жаным менің тым мейірбан, жүрегім менің өте жұмсақ. Сірә, сондықтан шығар Толстойдың "жауыздыққа, зорлыққа қарсыласпауын" менің де қолдайтыным? Солай ма?!
Адам баласын бақытты қылмау үшін көз жазбай қадағалап отыратын бір қатыгез күш бар секілді. Онымен тіресу де, күресу де мүмкін емес. Алайда, ең соңғы тиынына дейін тоналған адамның бір ғана артықшылығы бар, ол – тонаушының бұдан әрі оған ештеңе істей алмайтыны, үйткені оның енді тонайтын да ештеңесі жоқ.
Қайғы мен мұң екеуі ағайынды қасіреттер. Айырмашылығы мұң болашағыңды бұлыңғыр етсе, қайғы өткеніңді еске салып, өзегіңді өртеуге тырысады. Екеуі де адамның нақты шешім қабылдауына тосқауыл жасап, жігерін құм қылады. Бір жағынан, қайғы пенденің өмірін құлдырауға ұшыратып, рухын жасытатын жағымсыз күй. Ол ғапылдыққа түсіп, ғибадаттан жалығып, тұралап қалған кезде пайда болады. Жақсылыққа немесе өмірде қызықшылыққа кез болғанда бәсеңдеп, жалыны біртебірте сөне береді.
Дала — кенен, адам — ноқат. Саған жайлы ма, жайсыз ба — далаға бәрібір; далада қалау болмайды. Тұрғың келсе — тұр. Тұрғың келмесе — жолың, әне. Ал адамға бәрібір емес. Адам жер таңдағыш: оған басқа бір жерде, басқа бір адамдардың арасында балпандай бақыт бардай, ал бүл арада тағдыр оны сарсаңға салып қойғандай көрінеді де тұрады...
– Сенімен тағдырымды қосқым келеді, – деді. Жауап қатпадым. – Сені не үшін жақсы көретінімді білесің бе? – деді ол. – Сенің қатыгездігіңнің астарында мейрімділік жымиып тұрады. – Менің "Мендігіме" мейрімділік тән емес, – дедім. – Қымбаттым, қателесесің. Сенің "Мендігіңе" жасандылық тән емес.
— Алыста тұрасыз ба? — дедім. — Көңілі алыс адамға алыс, — деді қыз тағы да әзілдей күліп, — ал, көңілі жақын адамға.... — Алыс та жақын ғой? — деп мен де күлдім.
Жалпы мен біреуге кітап бергенді ұнатпаймын. Үйге келгендердің көздері бірден кітап сөреме түседі. Сосын олардың біреуін таңдап, ала тұруға сұрайды. Көп адамның кітапты шын оқығысы келгендіктен емес, «мен де кітап оқушы едім» дегендей өзін көрсеткісі келгендіктен сұрайтындығын іштей сеземін.
Жолдастар, жақсы оқысаңдар да, жаман оқысаңдар да өздерің үшін. Міне, мен жақсы оқыдым.
Алтындай боп көрінсе де, сырын білмейтін жігітпен жалғыз қалма, оңашаға барма. Қашан үйленгенше "жолыңда өлем" деген жігітке де жоныңды сипатпа. Қыз еркектің қасына әйел атанған түні ғана жатады. Қыз күніңді бағала. Ол дәуренің екі келмейді. Махаббат жолында "әзәзіл" де жолығады. Бірақ сондай сәттерде жігіт жігіттігін жасау керек, әйтпесе оның несі жігіт?! Санасыз жануарлар да бірін-бірі аяйды, біріне-бірінің жаны ашиды, олардан артыла алмасақ адам атанғанымыз бекер. Жануарлардан жоғары тұру - ол баршамызға адамдық міндет. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 216 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |