Кітап үзіндісі
07/12/2020, 13:09

 Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Күн де көп жұлдыздың бірі, айырмасы: өзге жұлдыздар алыстан жарқыран құр жымындаса, күн бар әлемге өмір береді. Адам баласы да осы қалың жұлдыздар тәрізді. Бұлардың арасында да басқаға өмір беретін, жарық сәуле төгетіндер аз емес. Мүмкін, ондай адамды күнмен салыстырған дұрыс емес шығар, өйткені күн бүкіл дүние жүзін бірдей сәулелендіреді ғой, ал жақсы адамның жарығы кейде бір кісіден аспайды. Бақытты етсе бір-ақ жанды бақытты етудің өзі де үлкен қасиет емес пе?
Ілияс Есенберлин "Ғашықтар"

 

Ертеде, - дейді Янумака тамақ шайнағандай иегін қисаңдатып:
- Елік пен адам дос болыпты. Елік адамдардың ізгі ниетті, мейірбан екенін білген соң, қашпай, солардың маңайында жүрген. Олар елікке жем беріп, су беріп, асырайды екен. Осылайша әлгі елік өзге еліктерден оқшау бақытты тұрмыс кешіпті. Бірақ күндердің күнінде қалың орман ішінде адасып қарны ашқан бір адам әлгі елікті сойып жемек болып, садақпен атады... Қатты жараланған елік, әйтеуір, қолға түспей қашып шыққан. «Бұл қалай болды, - деп ойлапты елік, - адамдар ізгі тілекті мейірбан еді ғой. Олар өлтіруге тиісті емес еді ғой. Бұл қалай?» Сонда періштелер аян беріп: Ей, сорлы елік, сен ағаттық жасап адам баласымен дос болдың. Олардың ізгі тілекті, мейірбан екені рас, бірақ сенің жарық дүниемен қош айтысуың үшін жүз мейірбан адамның ішінен бір зұлымы болса, сол жетіп жатыр емес пе?!» - деген екен. Елік өз үйіріне жетіп барып жан тапсырыпты. Өлер алдында: «Адамдарды маңдарыңа жолатпаңдар. Үйткені олардың ішінде бір қанішер жүр», - деп өсиет қалдырыпты.
Янумака өзімен өзі болып, ойланып отырады да, ертегіні неге айтқанын түсіндіру үшін қорытынды жасайды.

Біздер сол елік секілді ақ адамдармен дос болдық. Ал олардың ішіндегі бір зұлым біздің түбімізге жетуі мүмкін.
Төлен Әбдік "Тозақ оттары жымыңдайды"

 

Осы бiр жан дүниесiн тұмшалаған түнек ойдан кейiн ашқан жаңалығы – дүниенiң жалғандығы едi. Бұл байлам адамзат үшiн жаңалық болмағанмен, Батырдың өзiне жаңалық болғаны шындық. Бәрi де бекер секiлдi. Оқу, бiлiм алу, ел қатарына қосылу т.с.с. жалған арман, жалған мақсаттарға ғұмырыңды сарп ету неге керек? Баяғыда үйiне қонаққа келiп жүретiн үлкендердiң бәрi атақты адамдар болатын – бiрi ғалым, бiрi жазушы, бiрi бастық. Бәрi де бiр өлiммен кете барды.

Әйтеуiр бiр атылатын адамға профессор болып атылдың не, сауатсыз шаруа болып атылдың не? Бәрiбiр емес пе?
Төлен Әбдік "Тұғыр мен ғұмыр"

 

Рачинский ауыл балаларына қараған сайын:

– Міне, тірі алмастар, бағалы жауһарлар! – деп, ерекше мақтаныш сезімімен айтатын. – Бұл алмастар басында лай-батпағымен бірге келетін. Іштеріндегі жауһарды шығару үшін батпақтан аршып тазалау керек еді. Бұл балалардың әрқайсысының ішінде ерекше қымбат жауһарлар жатыр еді.
Григорий Петров "Мінсіз мұғалім"

 

Ұрылардың ең зияндысы - уақытымызды ұрлаушылар. Себебі ұрының ұрлаған әрбір затын қайтаруға мүмкіндік бар, алайда уақытты ұрлаушылардың ұрлағанын қайтару мүмкін емес.
Гете
Шынар Әділова "Тайм менеджмент"

 

Жалқаулық жағаларыңа жармасып жатса, яки қандай да бір зиянды құмарлық өз тереңіне тартып жатса, сезімдеріңе және болмашы қалауларыңа ие болыңдар. Өмірлеріңе өте көп пайда тигізетіндей еңбек етіп, үнемі алға жылжуды өздеріңнің борыштарың деп біліңдер. Бір жамандық жасап қойдым деп ойласаңдар, оны өздеріңнің алдарыңда мойындаудан және орнын жақсылық жасаумен толтырудан тартынбаңдар. Болашақта сендерді ұятқа қалдыруы мүмкін нәрселерден қазірден бастап ұзақ тұру арқылы іштей күшті болыңдар».
Григорий Петров "Мінсіз мұғалім"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 267 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: