09/11/2020, 19:49 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Біздің халық соғысқа ерлікпен қатысты, бірақ оның құны өте қымбат. Осы күні ауыл толған жесірлер мен жетімдер. Соғысқа барған жүз қазақтың жетпіс-сексені қайтқан жоқ, себебі маған айқын - әскери тәжірибе, әскери тәрбиенің дағдылану нашарлығы... Мен соларды майданда көрдім, талдап тексердім, өксіп жыладым, зарландым, қорландым. Мен қалған өмірімді , алған тәжірибемді, білген білімімді жастарға, халқыма арнағым келіп еді. Барымды елге берсем деп едім. Егер де болашақта бір әйел жесір, бір бала жетім қалмауына менің еңбегім себеп болса, армансызбын деген ниет еді. Қысқасы, мені , менің ойымды, ниетімді тупость и невежество қапасқа салып, бенде етті. Мені теріс түсінді, ұқпады. Өгіз мойындық істеді. Осындағы майдалар мені сүзбелеп шетке шығара берді. Жақындарына жылы орын үшін мені аямады. Кішіртті, қудалады. Жабылып әлі жеткені мен болдым... ...Ғапу етіңіз, мен кек сақтап айтып отырғаным жоқ. Әр өнер, әр білім, әр ниет сал болуды тілемейді, құл болуды тілейді. Мен тұла бойыммен халқымның құлымын. Қайда жүрсем де елімнің қызметкерімін. Халқыма жаман атақ еш уақытта алып бергім келмейді, алып бермеймін.
Қыз жүрегі сыр бүккіш. Талай сырды тұйық сақтап, білмегенсіп, сезбегенсіп іште ғана түйеміз. Орынсыз әзіл айтқан кейбір ұрыншақ жігіттерге тіл қатпастан көзімізді бір төңкеріп, іштей күліп тұратын да кездеріміз болады. Осындайдан оңай ұғып, біз туралы кейбір кезде арзан сындар айтыла салатыны да мәлім. Сыр — адамның жан дүниесі ғой, оны ұғу оңай болып па?! Білмейді деп біреуге сын тағудың өзі қиын. Ішімдегіні ойлап тап деуден аулақ болғым келеді менің. Ішке түйген сырды сыртқа да бір шығарып көрген дұрыс. Мұның несін айтасың деп кейбір қыздар намыстанып, мін тағар. Тақса тақсын, оған да мен көнемін. Жалғыз-ақ, солар сынау, мінеу оңай да, ал бар қиындық адам жанын білуде екенін ұғына білсе болғаны.
Қызыма білмененнен білген, қараңғыдан жарық, зұлымдықтан мейірім күшті екенін көрсете алуым керек. Әлемнен қорқуды емес, сенуді үйрете алуым керек. Бірақ, ол үшін ең бастысы мұның барлығын алдымен өзім білуім керек.Себебі өзің білмегенді өзгеге үйрету мүмкін емес.
Адам деген қызық жаратылған ғой. Қолда барда алтынның қадірі жоқ. Қолыңнан шығып кетсе, мойныңа бұршақ салып, қайта оралуын тілейсің.
- Менің немерем болашақ солдат деп ойлаушы едім. Солдат жылай ма екен? Жаттығу кезінде жүз жығылып, жүз тұрады. Жығылған сайын бақырып-шақырып жылап жатса не болады, ойлашы өзің? Ондай бос белбеу жылаңқы солдаттың Отанға керегі қанша? - деп, сәл үндемей қалды. - Мен әлі кішкентаймын, - деді Ержан аяғымен жер теуіп. - Кішкентай болсаң қайтесің. Құлағанды білесің, орныңнан тұруды үйренбедің бе? Ауырған жерің баяғыда басылды, бірақ әлі жылағың келіп тұр. Біреу аяса екен, еркелетіп конфет берсе екен деп тұрсың, солай ма? Сүрініп құладың ба, ешкімнің көмегінсіз тұруға тырыс, жәрдем сұрап, аяушылық тілеу жағымсыз әдет. - Ішім қатты соғылды ғой, - деп, атасына бір адым жақындады. - Білем оңбай жығылдың. Сен айқайлауға кеткен күшіңді орныңнан тұруға жұмсауың керек еді. Ауырды ма, сен шыда, қазір басылады деп көңіл бөлмей қойсаң, ауырғаны тыйылады. Әйтпесе ауру деген қу болады, істегеніне көніп еркелетсең, орныңнан қозғалтпай қояды. Сондықтан жығылдың ба, тезірек тұруға тырыс, түсіндің бе? - Түсіндім...
Жастар тек алдағы өмірді көреді, қарттар артта қалған күндерге үңіледі. Ал қалғандарының айналасына қарауға уақыты да жоқ.
Қолыңмен істеген еңбегің жаныңды риза етсе, оған аздап мақтанғанның айып-шамы бола ма? Бұл атақ-құмарлыққа жатпайды, бұл өзгеден артықпын деген кей адамның жалған қасиетін де емес бұл өз еңбегіне өзі риза болған көңілдің тасуы, рахаттанбаса, одан ләззат алмасаң онда ол еңбекті жасау не керек?
– Бұл дүниеде бүп-бүтін боп тұрған не бар дейсің. Бақыт деген құстың, егер бар болса, бір қанаты сынық па деймін...
Айда ой жоқ, ми жоқ, көз жоқ дегендер де қатты қателеседі. Айдын бетінде қара дақ бар. Ол диюлардың мекені. Ал жарық жағы – періштелер отаны. Алыстағы Айдың өзінде де дүлейлер мен тазалардың арпалысы болып жатады.
Адамдар әрқилы жолмен табысады, әрқалай тағдыр жорығында қарулас, сапарлас болады, осы сапарда жүріп ойы мен мінезін ұштастыруға күш салады. Адамның күні адаммен.
Кеудесінде жанашыр жүрек болмаған соң, адам деген атты лайықсыз жамылып жүргендер де аз болмайды екен өмірде.
Әйел ажары - махаббат тәңірісі. Махаббат жолында бәрін құрбан етсең де, жас ханым, өңіңді құрбан етпе, сенің ажарың қашқан сайын махаббаттың ажалы да жақындай береді. Мұны да ұмытпа! Жазушы, ақын деген қауым айта беретін бұл сияқты қисынды бұл ескере де қоймайды.
Ұрыссам – бойларыңдағы мінді көріп қалып ұрысамын. Көрген кемшілікке көз жұмып қарау – қасиетімде жоқ нәрсе. Өмірде жалтақ болмаңдар, біреудің аузына қарап, соның айтқанына көніп, айдауында жүруді ізеттілік осы екен деп жаңсақ түсінбеңдер. Үлкеннің айтқанын екі етпеу, сөзге тоқтау – сыйластықтың, әдептіліктің әліппесі екені рас. Бірақ тек сонымен шектеліп қалушылық жас адамға пайда бермейді. Оған қосымша өзіңнің кісілігің, жол білер азаматтығың болуы керек. Әйтпесе біреудің айтқанына көніп, айдауымен жүру немесе «барып кел, шауып келдің» адамы ретіндегі қолбала болу жасқаншақтыққа, кіріптарлыққа ұшыратады. Сендер бейқұт, жақсы заманда уызға жарып туған ұрпақсыңдар. Сондықтан батыл болыңдар, жүректеріңде жігер, көздеріңде от ойнап тұрсын. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 262 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |