19/10/2020, 22:28 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Қызық, оқып жүргенде, курстастарым тағдырдың тауқыметін тартқандар ғана ақын немесе жазушы болады деп, қызыл-кеңірдек боп айтысып жататын. Осы күні сол пікірлердің де жаны бар ғой деп ойлаймын. Кейде адам жазайын деп жазбайды жанына жансыз қағаздан медеу іздеп, ішіндегі шерін сыртқа шығару үшін жазады екен-ау.
Адамның бірінші жауы - екі көзі, ол бәрін айтып тұрады, тек оқи білу керек.
Бақыт деген бұл əлемде, шынында да, бар екен! Қайдан екені белгісіз, күтпеген жерден адамның басына қона қалады. Сол бақытты күтіп кейде көп күндер, айлар, жылдар өтеді! Сен күтіп жүріп шаршайсың.
Менің ана сүтімен бойыма сіңген ұғымымда әйел еркектің құдай қосқан қосағы, басыбайлы, өмір бойы еншісіне тиген адамы, басқа ұғым болады деп ойлаған да жоқ едім. Еркек бас, үйдің иесі, әйел, бала-шағаның иесі де сол... "Әйел теңдігі" деген де мен үшін, мен үшін ғана емес-ау, бүкіл қазақ әйелдері үшін, көңілі қалған адамына қосылудан әріге онша ұзап шыққан емес...
Өміріңде не ата-анаға, не дос-жаранға көңілдегі жақсылығыңды жасай алмай, бүкіл уақытыңды өткізіп алу қандай өкінішті.
Жақсы көрсең, сен де өзіңдей жақсы көр, өзіңдей сүйе біл! Оған дәрменің жетпесе, ақ гүлді кірлі қолыңмен ұстама.
Әйел шын ардақтайтын, жақсы көретін адамынан ұялғыш келеді, оның көзінше өзінің ар-ұятын, не болмаса мінез-құлығының кемістігін көрсететін қылықтарын жайып салудан именеді. Тегінде әйелдер ғана бүйтпейді, адам атаулының бәрі сондай. Қазақ «Еліме қадірім жоқ бетімді көреді, қатыныма қадірім жоқ етімді көреді» деп бекер айтпаған.
Ғашықтық деген де ішпей-жемей есіңді алатын мастықтың бір түрі ғой деймін, маған өзім өскен ұям, кең сарайдай төрт бөлмелі, жиһазды пәтерімнен, аналардың кішкентай тар бөлмесі ыстық болып бара жатты.
Тек ықыластана білсең болды. Қалам - Аллаһтың аты. Дәрет алып, ойыңды да, бойыңды да тазартып келіп ұста!
Япыр-ау, неге жұрт ел ортасында өлгісі келеді? Неге өмір бойы басқа жерде ғұмыр кешіп, өлу үшін туған елге оралады? Неге?..
Өліге иман, тіріге мал керек. Өлі мен тірінің арасындағы бес кетпен топырақ. Сол себептен көзге топырақ құйылмай тұрғанда өлім дегенге ешкімге сенбейді. Бұ өмірден кәрі де кетіп жатыр, жас та кетіп жатыр, бүгінгі тірінің ертең марқұм боп, аласұрған әрекетінің бәрі әдіре қалғанын жұрт көріп жүр, біліп жүр, сонда да қанағат тұтып, атақ пен байлыққа, жалған намысқа көзі тойған емес. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 235 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |