28/09/2020, 22:57 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Жақсы де мейлің, жаман де мейлің, өзінің жеке өмірі жоқ, өзге кісінің өмірінен тыныс алып, тіршілік ететін адамдар болады екен. Олар ағашқа біткен бұтақтай, жұлып алсаң солып қалады.
Бойдағы міні шашынан көп болса да, өзімен күресіп жүрген бір адамды көрмейсің. Көшеден жүз адамды ұстап алып, сырлассаң, жүзі де әлдекімнен қиянат көрушілер болып шығады. Сонда қиянат жасаушылар қай жақта жүр?
Қай заманда да билiк атаулы ақын, жазушыларды ұнатпаған. Бiрақ ақылды билеушiлер ақын, жазушылармен санасып отырған.
Махаббат бірін-бірі білмейтін алыс жақта дүниеге келген екі жастың жүрегін ұя еткен алтын құстың (немесе аққу құстың) ақ үрпек балапанына ұқсайды. Өз ұяларының төрінде талпынып өскен екі алтын балапан есейгеннен кейін, жүректері дірілдеп, көңілдері алабұртады. Әлдекімді іздегендей болып, жан-жағына қаранып, таранып, талпына бастайды. Өз жанымен үндес біреу бар екенін іштей сезеді. Бірақ, оның қайда екенін, қашан кездесетінін екеуі де білмейді. Олар ұядан шығып, әрқайсысы өз тіршілігімен, аспан кеңістігін самғап ұша бастайды. Өз ұяларынан әлдебір алыс жерде немесе атамекен өз тоғайының шетінде Тағдыр ол екеуін ойламаған жерден кездестіреді. Бірі үшін бірі жаратылған екі жүрек үнсіз үйлесіп, бір ырғақпен соғып, қатар түзеп, Өмір деген көк аспанның қиырына қарай бет түзеп, қанаттарын қатар сермеп, шаттана шырқай жөнеледі... Қыз бен жігіт те сол екі алтын балапан сияқты. Олар да бірінен бірі аулақта өсіп, ақыл толтырады. Бой түзеп, ер жетеді. Көрік, келбетін, тәртіп, тәрбиесін жұрт мақтап, көптің аузына ілінеді. Олардың жүрегі жақсы сыңар іздейді. Өстіп жүрген екі жас кездейсоқта кездесіп, ойда жоқта танысып, табысады. Қос жүрек жымдасып, бүкіл дене бір бітімге айналады. Содан кейін қол ұстасып, өмірдің белгісіз бел-белестерін бетке алып, ілгері ұмтылады. Бірінен-бірі бір елі ажыраспай, тағдыр айырғанша тату-тәтті тамаша өмір сүреді. Мәңгілік махаббат деп осыны айтатын болармыз.
Жастау кезімде әділетсіздікті іздеп жүріп айқасатынмын. Әсіресе, ұлттың есесі кетіп жатқан мәселеде түнімен отыра қалып мақала жазып, таңертең ұсынушы едім.
Мен тоқ адамды жек көрем. Өйткені тоқ адамның көзі соқыр, құлағы керең келеді. Оларға өнер де, ұлт та, ертеңгі күн де, дүниедегі өзгерістер де қажет емес, оларға қарын ғана қажет. Отырған орны, мінген көлігі ғана қажет. Бітті, басқаның керегі жоқ. Өмірден түк сөзінбей осылай етеді. Солай етерін өздері сөзбейді, соны сөзініп оларға жаның ашиды. Және бұл тақылеттің адамдары кеміп келе жатқан жоқ сияқты. Барлық ауру осында. Қайда барсаң да алдыңнан шығады. Құранды ұран деп берсең ұран деп, ұранды құран деп берсен құран деп оқи беретіндер. Оларға бәрібір. Бір қарыс жоғарылау үшін құран мен Төлетайды Абайыңмен қосып аяғының астына қоюдан тайынбайтындар бар. Адамдармен араласқанды көп ұнатпаймын. Ойсыз көзді, санасыз басты кездестірем бе деп қорқам. Кісіге жұғымым жоқ шығар деп те өзіме сын көзбен қарап көргем, ылайым солай болса деп те тілегем.
Тегінде адам көңілі бәрін өлшеп, бәрін есептеп, қағидадан аумай, ылғи сақ, ылғи күзетте отырса, ол - кемтар адам. Шабатын жерде шапқан да жақсы, сүйетін жер де сүйген де жақсы, отқа түсетін жерде түсу де абзал. Айқын жолмен тарта берумен қатар, адасу да мақұл. Тәттімен қатар ащыны да татқан мақұл. Міне, сонда ғана толық пенде болып табылады.
Неғылса да, осы жұрттың қызығы мен ренішіне қатар кенеліп жүрген аспан асты, жер үстін жалған, алдамшы, опасыз дүние деп қаралай түңілетіні тегін болмағаны ғой. Жо-жоқ... дүние шіркін опасыз болса болар. Бірақ дәл сол айтқандай, опасыз болғанда да оның бір айналымға келмей шолтаң ете қалатын өткіншілігін айтпаған шығар. Озалдан туу хақ, өлу хақ. Дүниеге келген әрбір адамның құлақ қақпай мойындаған жалғыз ақиқат шындығы еді ғой бұл. Жә, сонда осы адамдардың аузын ашса дүние опасыз деп өксігін баса алмайтынына жөн болсын?.. Опасыз дүние ме, жоқ, адамдардың өздері ме?
Алысып-берісу - сыйластыққа бет тұздық қана. Ешкім алғаннан - бай, бергеннен - кедей болмайды. Әркімнің өз пешенесіне құдай жазбаса, біреуден бір асаған қайсыбір несібе дейсің?! Алыс-беріс деген - көңіл сыйластығына дәм кіргізетін дәнекер.
Біз өзіміздің бүкіл моралімізді адамның тән сұлулығынан жан сұлулығын жоғары қоюға негіздесек те, өмірде сол тән сұлулығымен бетпе-бет келіп қалған кезде өзіміздің әлгі қағидамызды қалай бұзып кеткенімізді білмей қаламыз. Өз еркімізбен ақылы аз болса да сұлу әйелдерге үйленуге дайынбыз, бірақ ақылға бай, көріксіз әйелдерге жолағымыз келмейді. Санамызды жабайы инстинкт секілді бір әуей күш жеңіп кетеді. Біз ең осал жерінен қолға түсіп, тырп ете алмай қалған аңға ұқсаймыз. Ендеше сұлулықтың әлі де зерттелмеген немесе біле тұрып, айтқымыз келмейтін бір сырлары болуы мүмкін...
Сен мaған санaулы күндeрдің ішіндe мәңгілікті тaрту еттің. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 223 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |