25/08/2020, 12:59 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса... Адамның көңілі тоқ, төрт құбыласы түгел болса — ұйқы мен оянудың арасында сондай бір тәтті сәттері болады, оны бірден сілкіп тастап, ұшып тұруға дәтің бармайды. Тек мені елегізіткен бір нәрсе... оң жағым ойсырап бос жатыр. Ойбай-ау, Қасымбек менен бұрын тұрып кетіпті. Күйеуінің өзінен бұрын тұрғаны жас келіншекке жараспайтын — ақ нәрсе. Егер елде, ауылда болсам, жас келіннің әр қадамын баққан, сумаңдаған әйелдердің сүйір тіліне ілінер едім. Мұндай жағдайда мен үшін бір тәуірі біз елден алыста — Батыс Белоруссияда жүрміз. Күйеуім Қасымбек әскери адам, аға лейтенант. Ал әскер дегеннің заңы өзіне басқа болады екен, күн демейді, түн демейді, кез келген уақытта жөнеле береді. Әрине енді, жай уақытта мен бұрынырақ оянушы едім, бірақ, соңғы кезде Қасымбек менен бұрын тұратын әдет тауып алды. Мен оянып кетіп түрегелейін десем де: «Жоқ, сен жата тұр, саған қазір күтіну керек»,— деп тұрғызбайды. Бұрын дәл сондай бір әйел жанды мінезі жоқ, кәдімгідей байсалды — ақ жігіт болатын. Көрінеу көзге ерсі — елпілдеп әйелінің асты-үстіне түсіп, иіліп — созылып киіміңді әперіп жатпайтын. Орыстың еркектері сияқты су тасып, отын жарып та ұятқа қалдырмайтын. Енді қазір тіпті өзгеріп кетті. Басқасын айтпағанда — таңертең тұрып алып шай қоятынды шығарды. «Қой құрысын, ұяттағы», — десем, «Бұл жер ел іші емес, бізді ұялтатын адам жоқ»,— деп дес бермейді. Айтатыны: «саған ауыр көтеруге болмайды». Ондай ауыртпалықты әзір өз басым сезе қоймасам да, күйеуімнің айтқанына көне салған боп, оған әйелдің жұмысын істетіп қоятын бір жаман әдет тауыппын. Ондай сәттерде, үш айдан бері өлердей сағынып жүрген ел-жұртымның алыста болғанына шүкірлік етем.
Ақша – өмір сүру үшін ауадай қажет құрал. Ақша – керек десеңіз, тіршілік барысындағы басты құндылық. Дей тұра, ол ешқашан да шешуші роль атқара алмайды. Өйткені, өз арын ақшадан да биік қоятын адамдар бұрын да болған, қазірде де бар, бұдан кейін де бола береді. Олар ақшаны рух ұлылығы арқылы жеңеді. Ал, байлық атаулыға құныққан пенделер осы қасиеттен, қасиет емес-ау, адами құндылығынан біржолата айырылады. Бұл – рухани аурудың симптомы. Мұндай адамдардың жүрегін ақша басып қалады. Жүрек байғұс соғуын соғып тұрады. Тек қалың ақша куперінің ар жағынан. Ең сүйкімсіз науқас осылар. Оларды қоғам қабылдағысы келмейді. Бірақ қабылдайды. Сырттай. Ақшаның құдіреті де сонда.
Адам баласының өткен өмірі бір түс емес, қуанышты да, қорқынышты да, қайғылы шақтары да болады. Түс кейде қайта оралады, ал өмір қайта соқпайды. Оның қуанышы да, қайғысы да өткен күннің ауқымымен бірге кетеді. Соны қуаныш, жаңа қайғы, — жаңа өмірге із салады.
Кімге беремін бұл асықты? Өз жаныңда жатсын. Жарық дүниеге келгенде көрген жалғызым-ау... Бұл не қылғаның?.. Бәрі қолынан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені ме жарығым-ау. Құдайдан көрген зәбір тірліктің заңы шығар, адамнан көрген зәбір қымбат, жарығым-ау. Соны неге түсінбедің? Қалайша түсінбедің, құлыным-ау! Хайуанның да обалы жібермейді деуші еді, адам обалы қайтіп жіберсін... Бұл дүниеде ешкім ештеңені өзімен бірге алып кетпейді. Жаманшылық істесең де, жақсылық істесең де — бәрі осы дүниеде қалады.
Алдымда менің жол жатыр. Бұралаң, бұлтарысы көп өмір жолы. Талай жыл жүріп келем, жүріп келем. Өріне шығып сүйінген, ойына түсіп күйінген де күндерім бар. Сонда да жүріп келем. Адал жүріп келем. Ойға алған көп дүниені тындырғандаймыз, асыл мұраттың біраз биігіне көтерілгендейміз. Көкжиек кеңейіп, жол шеті құбылып, ұзара түскен, қол жетпес арманша шалғайға тартып, шақыратын сияқты жұмбақ алысқа. Бір ғажабы, елегізімейтінге ұқсаймын... Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 218 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |