Кітап үзіндісі
02/08/2020, 23:25

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Махаббатты өзенге емес, көлге емес, тек қана теңізге теңестіруге болады. Теңіз сияқты мұның да бетінде тулаған толқындар жүреді, түбінде ғажайып сырлы тереңдік жатады. Адамның жыныстық соқыр сезімінен туған сусыма жүйрік тілек толқынға ұқсаса, шын санадан шыққан жан тебірентер жақсы мұрат, асыл арман тізбегі махаббаттың тереңдігін танытады. «Бір көргеннен ғашық болу» деген сөз де сол «толқын» іспеттес, ол тән құмарлығынан туған жалт етпе сезім ғана. Алғашқы лап еткен сәтте оның күшті боп көрінуі де ықтимал. Бірақ бұған қарап алданып қалуға болмайды. Тән құмарлығы алдамшы, өткінші, тұрақсыз сезім. Онда шынайы махаббатқа лайқ тереңдік жоқ. «Бір көргеннен ғашық болдым» дегеннің өзі-ақ ол сезімнің таяздығын танытады, көре сала соны құшуға құмартқан жүгенсіз ұшқыр тілекті көрсетеді. Теңізді бірінші рет көрген адам оның суының ащы немесе тұщы екенін, астында не барын бірден білмейді. Мұны теңізге түсіп көріп, түбіне талай сүңгіген адам ғана айта алады. Сол сияқты бір көргеннен адамның бойындағы барлық адамгершілік қасиетін аңғаруға болмайды. Оны анықтамаған соң ғашық болу да мүмкін емес. Ендеше «Сізді бір көргеннен ғашық болдым» деген сөзге сенудің орны жоқ. Олай деп оңай «олжа» тапқысы келген қу жігіттер мен шын сезімнен хабары жоқ жасөспірім бейкүнә қыздар ғана айтуы ықтимал.

Әзілхан Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар»

 

Абай әкесі Құнанбайдың тірі кезінде Найман ішіндегі Ұлан-Бұлаңның асына туыстарына басшы болып барса керек. Тобықтыларға бөлінген үйге Абай бастап кіргенде, тіркестіріп тіккен киіз үйдің біріншісінде бір келбетті қарт отырған екен.

Абай ізетпен сәлем беріпті. Қарт: - Құнекеңнің Абайы сенсің ғой, қарағым, көрсем деп ем, көрдім. Сәлеміңе рақмет! Алла разы болсын! Мына бір сөзге мойын бұршы. «Садақтың оғы», «аттың жалы», «түйенің қомы» деген бар ғой. Сен шешу айтпасаң, ешкім айтпай жүр, қарақ, - депті. Абай тыңдапты да, еш жауап қатпай, төргі үйге еніп кетіпті. Қарт та қайта сөз өрбітпейді.

Серіктері Абайға: - Абай-ау, бәріміз бір саған бастатып, сен бар деп сеніп келдік. Әлгі шалдың сөзі не сөз? Жауабы жоқ сөз бе? – дейді.

Абай: - Ол дауасы жоқ сөз. Дауасын тапсам да оны ұғатын сендер жоқ!.. «Садақты оғы» дегені – «Тобықты Қалқаманды неге оққа байлап бердің?». «Аттың жалы» дегені – «Кебекті неге ат құйрығына сүйретіп өлтірттің?». «Түйенің қомы» дегені – Қодарды келінімен түйенің қомына дарға тартқаның қалай?» деген сөз емес пе? Дауасыз сөз дегенім сол! Дауасын сендер айтасыңдар ма, әлде?!

Біт тобықты: - Біз оны біле қоятын болсақ, бәріміз Абай болмас па ек. Өзің айтсаңшы, Абай. Абай: - Оның дауасын келешек айтады, келешек! – депті Абай

Алмахан Мұхаметқалиқызы. Естеліктер жинағынан үзінді

 

Мен жар сүюден бақытты емеспін. Қосылмай тұрғанда Ыбышты үш-ақ рет көрдім ғой. Бірінде – ол қарсы жолығып, қасындағы кісілермен әлдене жайлы сөйлесіп қала берді. Екіншісінде – біздің үйге көкпар әкеп тастағанда, үшіншісінде – айттыра келгенде. Енді ақталып қайтейін, алғашқы кезде бір түрлі жылы көрінді. Және оның бойында ерге тән қаталдық, батылдық, жігерлілік жатқан секілді еді. Бірақ оның бойында біріншісі ғана бар екен... Міне, Қайыркен, сола-ай-й! Әйтсе де мен енді басқа жақтан бақыт іздемеймін. Іздеп барып дәл үстінен түскен бақыттың маған керегі де жоқ. Мен ол бақытты қиын жерден іздеймін, жоқ жерден іздеймін. Өмір сонысымен қызық, сонысымен мағыналы. Есіңде ме, Қызылжардың жанында сағаен: «Салтанат, мына атпен серуендеп қайт» деп өз атын ақыры бір күні Ыбыштың өзі беретін болады деп едім ғой. Міне, мен ақыры сол дегеніме жетемін. Содан соңғы өмір бұдан да тәтті, бұдан да тамаша болады. Сен үйленесің. Ол, сөз жоқ, әдемі, ақылды, ерке болады. Сендерге біздің үйдің жанынан бөлек үй тігіп береміз. Сонан соң менің апам мен сіңлімді де көшіріп келеміз. Сөйтіп, бәріміз адам қараса қызығатындай, тоймайтындай тәтті тұрмыс құрамыз.

Дулат Исабеков «Гауһар тас»

 

Дүниеде Құдай бар ма, жоқ па, мәселе онда емес. Бірақ адам көбінесе оны жаны қысылып, басына іс түскенде ғана есіне алады. Бұл, әрине, күнә. Басы ауырмаса, Құдайын ұмытып кетеді деп дінсіздер туралы, сірә, бекер айтылмаған болуы керек. Солай ма, жоқ, солай емес пе, бірақ бәрібір дұғаны білген жақсы деп ойлады Едіге.

Шыңғыс Айтматов «Боранды бекет»

 

Тарихта біз білмейтін, бізге көрсетпейтін көп-көп астарлы сырлар бар. Оны ешқашан да ашпайды. Жабулы қазан жабуымен тастағысы келеді. Сөйте тұра жастарды адалдыққа тәрбиелегісі келеді. Өйтіп алдап тәрбиелегеннің, арбап үйреткеннен қандай айырмашылығы бар, аға.

Оралхан Бөкей «Сайтан көпір»

 

Ислам – әлдекімдердің мақсатқа жету жолындағы құралы емес. Алладан түскен пәрман, сенім! – деді ол. – Жалпы қантөгіс, қаталдық, зорлық атаулы дін исламмен бір қазанға сыймайды. Өштік пен қастық тек өзіне қарсы өштік пен қастықты тудырады. Алланың ақ жолы бұл емес. Алланың ақ жолы – еркіндік, құрмет, махаббат! – деген дүние төңкеріліп жатса да сабырлы қалпынан айнымайтын баласы.

Қабдеш Жұмаділов «Прометей алауы»

 

Тіршілікті ең жақын, ең жақсы көретін адамдарымызбен сырласуға уақыт қимай, оларға сұмдық бір қатыгездік жасайды екенбіз ғой. Мұндай мейірімсіздікті басқаға емес, неге ең аяулы, ең қымбатты адамдарымызға жасаймыз? Неге? Себебі олар қашанда кешірімді келеді. Біз соны іштей сеземіз. Біле тұрып, жақсылыққа жамандықпен жауап береміз. Ғұмыр бойы әлгіндей кінәмізді ауырламай, бетімізге баспай жүргеніне алғыс айтудың орнына, оған үсті-үстіне қиянат жасаймыз – онымен сырласуға уақыт таппаймыз.

Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді»

 

Жігіт таңдағанда көңіліңнің қос қанаты ақыл мен сезімді тең ұста. Тек сүйген жанға ғана қосылу қажет, қосылған жігітіңді өмір бойы сүйіп өтетініңе кәміл сенімің болсын. Өзімшіл, өркөкірек жігіттердің өкінішке ұрындыратынын ұмытпаңдар. Жаман жолдастан жалғыздық жақсы.

Әзілхан Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар»

 

Шіркін, дүниедегі дәл осындай рахат сәттер барын өстіп жаурап-жадамасақ, білер ме едік?

Тұрысбек Сәукетаев «Мен жындымын»

 

Жан жарына адал болмаған адам қылған қызмет, істеген іс, атқарған жұмыс, арқалаған қоғамдық міндетіне де адал бола алмайды. Себебі саналы өмірдің бар қызығы махаббатқа тіреледі. Сондықтан да махаббатқа соқпай кететін сезім аз. Анаға сүйіспеншілік, жарға құштарлық, Отанға перзенттік, туған топыраққа борыштылық сезімдерінің бәрі махаббатқа байланысты. Адам бойындағы ең асыл қасиет адамгершілік сезімі де махаббатпен сабақтас. Өйткені махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегін махаббат мекендемейді.

Әзілхан Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар»

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 256 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: