Кітап үзіндісі
27/07/2020, 19:15

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Өзгенің көлеңкесінде тұрғанның өз көлеңкесі болмайды. Өз көлеңкесі болмаса – өлгені.

Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние»

 

Адамға бала жастан ең керегі – Ұят деген қасиет. Ол туа бітеді. Бірақ кейбіреуі өсе келе, үлкейе келе ұяттан жұрдай болады.

Бір кем дүние...

Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние»

 

Бидайын алып, сабанын қойған Құдай,

Жақсысын алып, жаманын қойған Құдай...

Бір кем дүние...

Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние»

 

Халық пен халықты, адам мен адамды теңдік дәрежесіне жеткізетін қасиет – білім. Тек чиновник болам, ұлық болам деп оқымасын. «Халқым жіберген алғашқы баршымын» деп, «өзім үшін оқимын, елім үшін өсемін» деп оқысын.

Мұхтар Әуезов «Абай жолы»

 

...Әр адамның өз ойы, өз көзқарасы, өз пікірі болуға тиіс. Әркімнің өз жолы бар, әркімнің өз ұшар көгі бар. Қарға көтерілген көк қандай, қыран көтерілер көк қандай? Бірақ қарғаның аты қарға, қыран көтерілген көкке көтерілемін деп ойлап та жатпайды ол. Егер сен бүгінгі деңгейіңе қанағат тұтсаң, қарға қаралас болғаның. Ал қыран болу қолдан келмейді ғой десең, нағыз барып тұрған талапсыздық.

Төлепберген Тобағабылов «Түсінсең еді мені»

 

Жалпы есіңде болсын: жамансыз жақсы жоқ, майдасыз ірі жоқ. Теңіздің өзі де тамшыдан тұрады. Сосын: Сөз бердің бе, орында! Орындай алмайтының бар, сөз берме. «Серттен тайған жігітті құдай атсын». Мұндай сөзді естігенің бар ма? Орнықты, бір сөзді болуға осы бастан әдеттену керек. Бұл да талаптылыққа жатады. Талпыныссыз ештеңе өнбек емес. Тындырымды жігіт қана тау қопара алады.

Төлепберген Тобағабылов «Түсінсең еді мені»

 

Жұмыр жердің бетін төрт миллиардтан астам адамның аяғы таптап, дүниені өз айқайларымен күңірентіп жүр. Тек жердің астындағыларда ғана үн жоқ. Егер құдайдың құдіретімен сол өлілер қайтып оралса, бұл жалғаннан үн-түнсіз, жым-жырт өтуді тірілерге үйретер ме еді, қайтер еді... бір-біріне қатты сөз айтпай, бірінің тыныштығын екіншісі бұзбай, жылқының жусағанындай бейбіт те берекелі өмір орнатар ма еді...

Оралхан Бөкей «Сайтан көпір»

 

Алайда, өмір жолын теп-тегіс деп және түсінуге болмайды. Қуанышың да, уайым, қайғың да осы жолда. Тастақ жолда табан тілдіруің де мүмкін. Батпақ жолда тайғанақтап, аяқ талдыруың да мүмкін. Тек қиындыққа мойымағандар ғана көк жасыл жазираға шыға алар.

Төлепберген Тобағабылов «Түсінсең еді мені»

 

Кедей – бай, бай Құдай болсам дейді. Нысапсыздық жаман.

Бір кем дүние...

Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние»

 

Шыбынды піл деп ойлап қалма, ұсақ-түйек қиыншылықтарды ауыр деп елестете берме.

Аид әл-Карни «Мұңайма»

 

Әкем де, Ыбыш та осы кезге шейін бетімнен бір сүйген емес, тіпті, айналайын деген сөзді айтқан-айтпағандары да есімде жоқ. «Баланы айналып-толғана берсең әйел тәрізді сынық, жасық боп кетеді» деген әкемнің сөзін әлденеше рет естігенмін.

Дулат Исабеков «Гауһар тас»

 

Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр,

Тұқымы сағат сайын кеміп жатыр.

Өз баласын үйітіп, сирағын жеп,

Көр азабын тірідей көріп жатыр.

Ілияс Жансүгіров

 

Детдомдамыз. Шикі быламық жеп, өліп жатқан балаларда есеп жоқ. Өлгендерін жерге 2-3 бел күрек қазып, бір шұңқырға бірге көме салатынбыз.

Бір шал қайтыс болған екен, бұрын бай болған, жерлегеннен кейінгі түні екі жігіт қазып алып жеген. Ақадырда елі жағынан туысымыз болған. Сол кісінің екі ұлы болатын. Бірі – 3-те, екіншісі – 6-да. Туысымыздың көршісі: «Жейтін тамақ жоқ, балаларыңа не бересің? Олар сені өлтіреді не аштан өзің өлесің. Одан да біреуін сойып жейік», - деп азғырған. Содан екеуі үлкен ұлын сойып жепті. Қанша дегенмен ет таусылып, екінші ұлын да сойып жеген екен.

Кейбіреулер баласын бесігімен тастап кетті. Өз қолдарымен балаларын суға лақтырғандар болды. Тышқан, құрбақаны қолы жеткен адам жейтін. Адам жегендер де болды. Тек екі табан, екі алақан, екі беттің ұшы ащы болғандықтан жемейді екен. Қалғанын жеп қояды. Орман деген байдың баласы киіз үйдің ішінде өліп ақлса, біреулер үйдің уығын сындырып, әлгінің санын жеп кетіпті. Жүсіпбек деген шал аштан өлген баласын пісіріп жеген.

Жұмыс істегендерге күніне 500 грамм бидай берді. Ал колхоздың жұмысына шығатын адамы жоқ үйлерге ештеңе берілмеді. Аштықтан өлгендерді жерлеуге шамамыз келмегендіктен, үйлерінің тіреу ағаштарын өгізбен сүйретіп, құлатып, өз үйлерін молаларға айналдырдық.

Еркектердің көбісі тамақ үшін қатындарын қырғыздарға сатқан. Ел атқұлақ, шырмауық, жаужұмыр, желкек, қояншөп деген шөптерді қорек қылды. Байдың қыз-келіншектері алтын-күмісті кебекке айырбастайтын.

Есек жедік. Ұстасақ, тасбақа, қарғаның балапанын жедік. Киіз, арқан, көң пісіріп жейміз. Тапсақ тасбақа жейміз. Ол құр шандыр болады екен.

Мен мектепте оқитынмын. Өзім толық болдым. Молдағұл ағам «біреулер сойып жеп қояды» деп мені мектепке жібермей қойды.

Сол кезде адам сыйлау деген жойылған болатын. Бір туысымыз отбасын алып бажасынікіне барса, бажасы жақтырмай, тек балдызын алып қалып, күйеуін жас баласымен кіргізбепті. Ол кісі баласын көтеріп, зираттың қасынан өтіп бара жатып, ашық тұрған бейітке баласын тастап кеткен де, өзі қаңғып жүріп өлген.

Қарасу деген жерде 1932 жылы күзде көп қазаққа қазан асылды. Өзбекстан басшысы Файзулла Ходжаевтың бұйрығымен көже пісіріліп, аш балаларға тамақ берілді. Көжені ішкен балалар өліп қалды. Сөйтсе, қаланы аштардан тазалау мақсатымен көжеге у қосылған екен.

«Аңыз адам» журналында жарияланған естеліктерден

 

Адамның көптігінен сасық иісі қолаңқаңды ататын вокзалдың бір түкпіріне тығылып, ұзақ таңды атырған шақтарда, Үкібала өз күйеуінің он екі мүшесі сау ұалғанына шүкіршілік етіп, тәңірге ішінен талай рет тәуба айтты. Өйткені станцияларда талай-талай мүгедектерді көріп, жаны түршігіп, жүрегі сыздаған. Тозығы жеткен қомыт шинель киген ақсақ-тоқсақтар, қолы жоқ шолақтар, соғыстың сілікпесін көрген кемтарлар, екі аяқтан бірдей айырылғандар, балдақ сүйенгендер, біреудің жетегімен жүрген әз-соқырлар, көбісі үйсіз-күйсіз, станциядан станцияға көшіп, асханалар мен буфеттерге анталап, мас болып алып, ақырып-бақырып, жылағанда аз бойың қаза тұрады... Оларды алда не күтіп тұр, орны толмас ойсыраған кемістікті немен толтырмақ?

Шыңғыс Айтматов «Боранды бекет»

 

Басыңа тартсаң етегіңе, етегіңе тартсаң басыңа жетпес болымсыз дүниені боз өкпе балаларына тең бөліп, басқалардың ұл-қыздары алдында ұялтпай ішіндіріп, киіндірудің өзі асқан ерлік еді.

Оралхан Бөкей «Бәрі де майдан»        

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 401 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: