Кітап үзіндісі
13/07/2020, 12:10

 Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Ал, музыка тыңда, кітап оқы, қиял кез. Түбі сен осы бөлмеден не данышпан боп шығасың, не ақылыңнан адасып шығасың.

Дулат Исабеков «Қарғын»

 

Аяулы адамыңмен айырылысу деген жақсы ғой, соңында табысу бар.

Дулат Исабеков «Гауһар тас»

 

Өмір, сенің қызығыңды көріп ем,

Бар отымды жүректегі беріп ем,

Суығына тоңсам-дағы шыдағам,

Ыстығыңнан майдай балқып еріп ем.

Кезім болған күресіңнен жеңілген,

Көзім жассыз, көңілім жылап егілген.

Пендемін ғой мен де туған анадан,

Жаралғам жоқ тастан әлде темірден.

Төлейтін күн таяу қалған тәрізді

Өмір атты уақытша алған қарызды,

Бар сұрарым, ақтай, сірә, алдым ба

Адам деген ұлы борыш парызды.

Ілияс Есенберлин «Махаббат мейрамы»

 

Біреуді ұнатып, сол ұнатқан адамың туралы көп ойлай берсең, бірте-бірте көңілің де, ойың да оған мүлде ауады. Махаббат та осындайдан туады. Ой арқылы біреуді ұнату адам сезімінің өзгеруінде үлкен орын алады. Ол сенің қиялыңның қанатына айналып, жақсы көре бастаған адамыңа тез жетуге себепкер болады.

Ілияс Есенберлин «Алтын құс»

 

Бірақ әлемде бұдан да кем түспейтін кереметтер болады, ол: күлкі, қуаныш, кешірімділік және дәл кезінде тауып айтылған орынды сөз. Егер осыған ие болсаңыз – ғаламның бар байлығы қолымда дей беріңіз.

Александр Грин «Алқызыл желкендер»

 

Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей жауып, жария етілмейтінін қымтап ұстауы абзал. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды.

Әзілхан Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар»

 

«Үш күннен кейін адам тозаққа да үйренеді» дейді. Қиындыққа, тауқыметке төзу, қалыптасу, бәлкім, тіршілік үшін қажет те шығар, бірақ адамның күнә мен қылмысқа, арсыздық пен әділетсіздікке еті үйренуі – ең зиянды, ең қатерлі дағды.

Төлен Әбдіков «Парасат майданы»

 

Көшеде кетіп бара жатқан әдемі келіншекті көрсең, пенделік жеңілтек сезімге беріліп, оған қызығасың. Бірақ, сәл сабырға жүгін. Ол келіншек өзің секілді біреудің жары, қарындасы... Сенің сәбиің секілді бір сәбидің анасы. Міне, осы жерде сен үлкен қатыгездік пен табандылық көрсетіп, өзіңе «Тоқта!» - дей білуге тиістісің. Өйткені бостандық біреуге залалың тимейтін жерге дейін ғана бостандық, одан әрі – қиянат. Егер тоқтай алмасаң, хайуани сезімнің құлына айналасың.

Төлен Әбдіков «Парасат майданы»

 

Дүниедегі ең жаман нәрсе – адамның өзінен-өзі қорқуы. Ондайда ішкі әлемің қатері көп қалың орманға ұқсайды. Бір адассаң, қайтып шығуың неғайбыл. Адасқан сайын қорқынышың ұлғайып, қорқынышың ұлғайған сайын, өзіңді-өзің бөтен адамдай сезінесің.

Төлен Әбдіков «Парасат майданы»

 

Адамгершілік деген қалаған кезде кіре салатын есігі ашық тұрған иесіз үй емес, үлкен рухани жігерді, төзімді қажет ететін, шарты қатал, кіруі қиын сәулетті ғибадатхана. Ал қиындыққа төздіретін, жігеріңді құм қылудан сақтайтын жалғыз нәрсе – өмірге рухани мән-мағынаны ізгілік қана бере алатынын арыңмен, жаныңмен сезінуің ғана.

Төлен Әбдіков «Парасат майданы»

 

Л.Толстойдың жазбаларында: «...Тән үшін сүрген өмірдің рахаты болмайды, тән үшін өмір сүру азап шектіреді. Рух үшін өмір сүрген өмір ғана рахатқа жеткізеді» деген сөздер бар.

Мырзагелді Кемел «Толстой тағылымы»

 

Кейде жалғыз адам күллі әлемнің түсін өзгертіп сала бере алады. Ол адам біреу үшін дәл сен болуың мүмкін.

Торғын Жолдасбекқызы «Араша»

 

Бұл да бір өмір жолындағы кезекті бір баспалдақ шығар. Қардан да көрпе жамылып, бақ-талайымның ащы-тұщы, азап-қызығын кешуге тағдыр жазса, әміріне көнесің де. Күрке ішіндегі ошақтың оты өшпесе – қайыры сол. Осы уақытқа дейін тек өзімнің мүддемді күйттеп, өзгені көзге ілдім бе? Қазір де менің қамымды ойлап, бірі қымтап, бірі тонын жауып, бірі мейірім төгеді. Ал мен оларға не кішілік, не кісілік көрсеттім? Дел-сал, жан жылуы суынған жанмын...

Тұрсын Жұртбаев «Бір уыс жусан»

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 276 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: