22/06/2020, 10:40 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Қоғам атаулы тек ұлы адамдардан ғана құралмайтыны секілді, біздің өміріміз де тек рухани самғау сәттерінен тұрмайды. Шоқан Әлімбаев «Данышпандық субстанциясы»
Өмір – әр адамға тек бір рет қана берілетін өте бағалы әрі шектеулі нығмет. Соған қарамастан, адам баласының ең көп алданып, бос өткізетін нығметі де – осы «уақыт». Шынар Әділова «Тайм-менеджмент»
Даму дәрежесі төмен халықтарға тән жылтырауыққа қызығушылық. Нарбинь Кенжеғұлова «Аордағы алғашқы елшілік»
Кімде-кім махаббаттың зардабын, ауыртпалығын тартпаса, оның қуанышын, қызығын бағаламайды. Карта ойынында қолың шыққандай, махаббатта да оп-оңай жолың бола берсе, адамның оған еті үйренеді, асыл құнын түсіріп алады. Ілияс Есенберлин «Ғашықтар»
Адамның өміріндегі басты қасиет – өз борышына адал болу. Қандай қиындықта да одан шегінуге болмайды. Нарбинь Кенжеғұлова «Қиын шешім»
Маған жар боламын деген қыз елден бұрын төсектен тұруы, ойымды қабағымнан тануы, қонақ келсе бар-жоғымды білдірмей күтіп аттандыруы керек. Дүкенбай Досжан «Өмір арбасы»
Күшті әлсізді зәбірлейді, бай кедейді зәбірлейді, күшті мен бай содан ләззат алады, әлсіз бен кедей содан көңілі қалады. Бексұлтан Нұржекеев «Әй, дүние-ай!»
Қазақ өзінен гөрі өзгені көп сыйлайды, өзгеден гөрі өзін көп сынайды, өзінен гөрі өзгеге көп қамқорлық жасайды. Осы қасиеті басына шоқпар болып тиіп жатса да қорытындысы аз халық. Амангелді Керімтаев «Жиған-Терген»
Биікте тұрған адам биіктегіні көреді. Таудың басында тұрған адамның көрген-білгенін таудың қасында тұрған адам да көріп білмейді. Бірақ екеуі де біз тауда тұрмыз деп көпіреді. Тіпті таудың қасында тұрған басында тұрғанға жеңістік бермей де кетеді. Бексұлтан Нұржекеев «Әй, дүние-ай!»
Кейбір әншілер қайғыны биге, қасіретті арзан күлкіге, мұңды қуанышқа айналдырып жібереді. Ендеше мен неге ондай әншілерді жақсы көруге тиіспін? Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз»
Қиял деген өмірдің өзінен де тәтті. Менің ойымда талай-талай тәтті қиял бар делік. Ол қиял болғандықтан тәтті. Егер балдай боп көрінген қолжетпес сол арманың орындала кетсе, оның күнделікті көріп-біліп жүрген нәрсеңнен түк те артықшылығы болмай қалады. Кей кезде одан жиіркеніп теріс те айналасың. Сондықтан арман атаулының бәрі бірдей орындала бермегені жақсы. Дулат Исабеков «Пері мен періште»
Жастық дегеннің өзі де би емес пе, бойыңа қуат қызуын қайда сыйғызарыңды білмей, жанталасасың, бір орында отыра алмайсың, шыр айналасың, мұның өзін би емес деп кім айтты? Ілиям Есенберлин «Ғашықтар»
Жаңа нәрсе ойлап таба алмаған кезде тым құрымағанда жақсартуға шамамыз келеді ғой. «Жаңадан табылған» деген кейде көнерген дүниені қайта жаңғырту екенін көріп жүрміз. Адамның бәрі дамуға бейімді. Бірақ неге екенін өзгерісті ұнатпаймыз. Көп адам өзгеріске алдан жарық көргендіктен емес, бақай есептен келісіп жатады. Ұлы идеялар сәтті болу үшін оларды да өзгертіп, жаңартып, құбылта білу керек. Генри Форд өзінің алғашқы көлігінде кері жүріс тетігін ұмытып кетіпті. Оның қателігін көп адам біле бермейді. Ал жетістігі туралы барша ел біледі. Егер жасаған ісіңізді күнделікті өзгеріссіз қайталай берсеңіз, жетілу мен діттегеніңе қол жеткізу мүмкін емес. Өзгеріс деген бұл жақсылықтың басы. Соны ұмытпайық. Джон Мэйсон. Шынар Әбділдә «Өзгеріс ойдан басталады»
Сүю – өзгеге тәнің мен жаныңды құл етіп матап беретін тәтті у, сүйкімді жауыз. Дулат Исабеков «Қарғын»
Платонның ақылына сүйенсек, болмыстың түпкі ақиқатын табу үшін жан өзін-өзі қайта жаңғыртуы, тазару (katharsis) кезеңінен өтуі және мәңгілікті түйсінуі (theoria) тиіс. Жан ғарыш пен сезімдік әлем шегінен шығып кетуге, тіпті ақылының табиғи мүмкіндіктерінен асып кетуге тырысуы керек. Осылай ғана ақиқаттың өзегіне үңіле аласың. Бұл – сыртқы ақиқатқа деген ұмтылыс емес, керісінше, өз ақылыңның терең құпияларына бойлау, тіпті «іштің сыртқа ашылуы». Карен Армстронг «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны»
Кей қыздар махаббаттың басты шарты сұлулық деп түсінеді. Неғұрлым жігіттерге сұлу боп көрінсем, соғұрлым махаббатта жолым болады деп есептейді. Сондықтан бетін бояп, қасын түзеп, кірпігін «ұзартып», ернін қызартып, әлек болады. Көп қыздардың ішін сұлуламай, тек сыртын сұлулауға тырысуы өкінішті... Қызға ажары үшін ғана емес, адамгершілігі үшін ғашық болмай ма? Ғашық адам сүйгенінің бойынан өзге де асыл қасиеттер іздейді... ...Ойға емес, опаға, бойға емес, бояуға қызыққан жігіттен не қадір шығар дейсің... Әзілхан Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар»
Жаман деген адамда да біз білмейтін жақсы қасиеттер болады ғой. Мен бұған сенемін. Ілияс Есенберлин «Көлеңкеңмен қорғай жүр» Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 289 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |