Кітап үзіндісі
15/06/2020, 14:48

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

Адамның көз жасы – жанының нөсері, сіркіреп-сіркіреп алса, арты айығады, көңілі көгереді.

Оралхан Бөкей «Атау-кере»

 

Өмірге келген екенсің, болмысың мен адам атың бар екен. Не үшін? Бар болғандағы мақсат не? Рухыңды кемелдендіру. Бұдан асқан мақсат жоқ әлемде. Саналы болмыстың кереметтілігі де сонда, күнбе күн рухыңның жарқырауында бітпейтін баспалдақтармен шаршамай жүре бересің, жүре бересің, соңында жетесің.

...Өзіңізді адаммын деп ойлайсыз ғой... Бірақ, бір қызығы, ешкім «күнбе күн» рухын өсіру үшін еңбектенбейді.

Шыңғыс Айтматов «Жан пида»

 

Бірақ, сол мұрат деген не өзі, бар ма, бар болса қандай? Менің ұға бермесім – осы ғана, басқасы... таңның атуы мен күннің батуы арасындағы күнделікті тіршіліктің көп-көп күйбеңі ғой; біреу ерте, біреу жай тұрар, біреу ерте, біреу жай ұйықтар... айырмасы қане?..

Оралхан Бөкей «Өз отыңды өшірме»

 

...Мына бір ән не айтады? Осынау өмірдің баянсыздығын, қамшының сабындай қысқалығын арман етеді. Соның ішінде әсіресе оң жақта отырған қыз ғұмыры қандай қысқа, қыз жолы қандай жіңішке?! Көктемде күн көзіне бой созып, қаулап шыққан қызғалдақтай, кемді күн көздің жауын алып, үкісі бұлаңдап жүреді де, бір күні амалсыз бейтаныс жат жерге ұзатылып кете барады...

Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр»

 

Адам алдана білмесе, кеп-келте ғұмырында басынан кешіретін сан-сапат тауқымет пен азапқа бір күн де төзе алмас еді. Көңілдің қорғанышы – алданыш. Адам армандаймын деп жүріп алданумен болады, алданып жүріп-ақ талайды бітіреді.

Әбіш кекілбаев «Шыңырау»

 

...Жан жарасы дегеніміз бала күніміздегі қара тақтаға бормен жазатын жазуға ұқсас та, тән жарасы тасқа басқан таңба тәріздес екен...

Әзілхан Нұршайықов «Махаббат жыры»

 

...Қызға жігіт жүз процент жақсы боп ешқашанда кездеспейді. Жігітті жүз процент жақсы ететін жақсы жар, жақсы әйел ғана. Сондықтан қыз балалардың дап-дайын жақсы күйеуге шыға қоямын деуі қиын...

Әзілхан Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар»

 

Адамның реніші тамшыдай жиналып, шарасынан асып төгілетін кезә болады ғой. Сол сияқты кісінің бір кездегі біреуге қатты құлаған ықыласы да жіңішкеріп барып, үзіліп кетеді.

Тахауи Ахтанов «Махаббат мұңы»

 

Адамды көзінен тануға болады дейді. Ол рас. Бірақ күлкісінен де тануға болады. Кейбіреулер өтірік күледі. Өтірік күлкі – жаны кіршең, пейілі пәс адамдарға Құдай өзі басып қойған қара таңба.

Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша»

 

Әйел шын ардақтайтын, жақсы көретін адамынан ұялғыш келеді, оның көзінше өзінің ар-ұятын, не болмаса мінез-құлқының кемістігін көрсететін қылықтарын жайып салудан именеді. Тегінде, әйелдер ғана бүйтпейді, адам атаулының бәрі сондай. «Еліме қадірім жоқ, бетімді көреді, қатыныма қадірім жоқ, етімді көреді» деп бекер айтпаған.

Ілияс Есенберлин «Ғашықтар»

 

Жақсы адам – магнит. Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып ала алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйріледі. Өзің жақсы болсаң – айналаңда досың көп; жаман болсаң жалғыз жүресің; орташа болсаң сен де бір жақсының жанын жағалайсың.

Әзілхан Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар»

 

Әуелі тазартып ал іштің кірін,

Болмасын сыртың сұлу, ішің – ірің.

Сәбит Мұқанов «Мөлдір махаббат»

 

  • Қазақта «сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деген мақал бар ғой?
  • Бар...
  • Ендеше, әркімнің сүйгені сұлу емес пе?
  • Рас. Сонда, «сүю» дегеннің өзі не?
  • Барлық жан-тәніңмен берілу...

Сәбит Мұқанов «Мөлдір махаббат»

 

Дүниенің тағдырын адамгершілік қағидалары емес, ақшалы әмиян билейді. Бар тіршілік – ақша үшін. Бүкіл адамзат тарихы – ақша, яғни заттық игілік жолындағы күрес тарихы. Рухани қажеттілік, идеялық мұрат дегеннің бәрі бос сөз. Асып кеткенде, ақшаға жету тарабындағы әдепкі қару ғана. Жеке бас бостандығы, жалпыға ортақ азаттық – ақшаның арқасында ғана жүзеге асатын іс. Тіпті, сіз даурыға мадақтап жүрген тәуелсіздік, яғни кешегі отар елдің егемендігінің өзі – заттық игілік, жеке бір кісілердің байлыққа жетуі үшін ғана қызмет ететін құрылым. Саған сөлекет көрінер, арамза сөз, тасыр топастық көрінер, бірақ анық ақиқаты сол.

Мұхтар Мағауин «Жармақ»

 

 Әйел затын, жалпы, нәзік дейді ғой. Бос сөз. Мықтының ең мықтысы, көнбістің ең көнбісі әйелдер екеніне мен кіммен де дауласуға дайынмын. Еркектер зарығып өлетін ауыр жұмыстарды бұл күнде қыңқ деместен әйелдер атқарып жүр. Оның сыртында үй ішінің тіршілігін істейді, бала өсіреді, кәрі ата-енелерін күтеді. Құдай біледі, еркек бұған төзбеген болар еді.

Бердібек Соқпақбаев «Өлгендер қайтып келмейді»

 

Тасты аяғымызбен таптап жүрміз. Таста жан жоқ деседі. Таста тамыр жоқ деп ғайбаттайды. Сандырақ! Таста от бар. От болса жаны бар. Жаным бар деп жүрген адамдардан артық. Өйткені адам кеудесіндегі от мың күн жанып, бір күн өшеді. Ал тастың тамырындағы от мәңгілік. Бірақ ол мен мұндалап айқайламайды. Адамдар сияқты мақтанбайды. Таулардың өзі – От перзенті. Жердің ішек-қарны ақтарылып, от болып бұрқылдаған да таулар.

Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша»

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 358 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: