Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.
Әлқисса...
Кек — кекке жетелейді екен, жауыздық — тек жауыздық қана туғызады екен, ендігі кезек Шақанға жетіп еді.
Бойында жалғыз-ақ сезім қалған. Кек! Қан!
Шақан-Шері тымық ауаны, бүкіл төңіректі жаңғырықтыра, қарқылдап күлді.
Мұхтар Мағауин «Шақан-Шері»
Шақан өзінің ескі қонысына бет түзеді.
Төбесі ойылған, босағасы кұлаған ескі күмбез басында темір кісен күтіп тұр деп ойламаған.
Мұхтар Мағауин «Шақан-Шері»
Дүниеде өзіңді шын жақсы көретін бір адамның барын сезіну қандай рахат болса, өзіңді өлердей жек көретін біреудің жер басып жүргенін мойындау да сондай ауыр еді.
Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр»
— Немене, бірдеңе боп қалды ма?
— Жоқ, тек сенің түрің сондай жабырқау.
— Жабырқау? Мен несіне жабырқауым керек? Бүгін менің туған күнім ғой. Жыл бойындағы ең жақсы күн!
— Сенің туған күнің бе? — деп сұрады Пух, кәдімгідей қайран қалып.
— Әлбетте. Байқамай тұрмысың? Мына сыйлықтарға қарасаңшы. — Иа-Иа алдыңғы аяғын екі жаққа кезек-кезек тарпып қойды. — Туған күнге арналған бәлішке көз салшы!
Пух көз салды — әуелі оң жағына, содан соң сол жағына.
— Сыйлықтар? — деді ол.— Туған күн бәліші? Қайда ол?
— Сен оларды көрмей тұрмысың?
— Жоқ, — деді Пух.
— Мен де, — деді Иа-Иа. — Бұл қалжың, — деп түсіндірді ол. — Ха-Ха.
Пух әбден абдырап, желкесін қасыды.
— Өзі бүгін сенің туған күнің екені рас па? — деп сұрады ол.
— Рас.
— Ойпырмай! Жарайды енді, құттықтаймын сені, әрі бұл күні саған көп-көп бақыт тілеймін.
— Мен де құттықтаймын сені, қонжық Пух, әрі бұл күні саған үлкееен бақыт тілеймін.
— Неге? Бүгін менің туған күнім емес қой?
— Иә, сенің емес, менің.
— Ал сен «бұл күні саған үлкееен бақыт тілеймін» дейсің.
— Онда тұрған не бар? Әлде менің туған күнімде сенің бақытсыз болғың келе ме?
— Ә, түсінікті, — деді Пух.
— Өзімнің-ақ, — деді жыларман болған Иа-Иа. — Өзімнің-ақ сонша бақытсыз болғаным жетер — еш сыйлықсыз әрі туған күнге арналған бәлішсіз, жалпы, естен шыққан, елеусіз қалған, мен сөйте тұрып, қалған басқалардың бәрі де бақытсыз болса…
Милн А.А. «Винни-Пух және бәрі-бәрі-бәрі»
баспаға әзірлеп, жиған-терген
Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>
Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|