Кітап үзіндісі
30/09/2026, 20:30

 Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Адамға адам жасайтын жақсылықтың, қанша дегенмен, шегі бар. Айталық, сенің біреуге мейірің түсті, сонда оған нендей ьқылас білдіресің? Ақша бересің, киім әперерсің, жылы сөйлерсің, айналып-толғанарсың, маңдайынан сипарсың немесе маңдайынан сүйерсің.
Ал тағы не бар? Бар істейтін жақсылығың беру мен сыйлауға байланысты екен. Берудің шегі — анау үшін өз өміріңді қиярсың. Оның өзі — беру, сыйлау. Енді жамандықты алайық...
Адамның адамға жасайтын жамандығында, мысалы, шек жоқ. Жамандықтың мың-миллион түpi бар және өзгеге шын қырсық тілесең — талмай таба беруіңе болады, таба беруіңе болады.
Әкім Тарази «Шер»

 

— Шындық керек қой, шырағым-ау.
— Оны кім тексеріп жатыр дейсіз...
Қанағат Әбілқайыр «Періштелер жоқ жерде»

 

Өмір шіркін адамды ойға да, қырға да жетелейді. Жаңа арман мен мақсат ұсынады. Біріне қолың жетеді, енді бірінен көңілің қалады. Сөйтіп жүргенде уақыт шіркін ақырын-ақырын жылыстап өте береді екен. Қай жерде қуандың, қай жерде ренжідің, ол да бір бұлдыр сағым сияқты: арада жылдар өткенде соның бірі есте тұрса да, енді бірі өшіп қалады.
Өтен Ахмет «Адасқан ғасыр»

 

— О, заманда, бұ заман баланы ұрыспен, айқаймен, қорқытумен тәрбиелеуді қайдан көрдің, а-а?! Көргенсіз неме, сені де «мұ-ға-лім» дейді ғой! Мұғалімдіктен садағаң қалғыр! Ұстаздық, бұл — қасиетті парыз. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін абыройлы іс. Ал сенікі не? Әлім-жеттік көрсетіп, баланың үрейін алу, жанын жаралау ма? Бар білгенің осы ма?! Қызымды неге ренжіттің? — деп, бағанадан бері шапанының етегінен көрінбей қалған Аяжанды нұсқады, — Сорлы қызда не өшің қалды?!
Жамиля Бекбосынова «Қыз мұраты – бақыт»

 

— Осылай жұмыс істеп қашанғы жүрмексің?
— Бас маман болмайынша.
— Отызға дейін? Қырыққа дейін?
— Уақыт көрсетеді.
— Уақыт өтіп барады, сосын қаласың солып… гүл құсап. Үлкен қала сендерді, әйелдерді бұзған екен.
— «Бұзғаны» қалай?
— Беталысың дұрыс емес. Айтшы, қызға осының керегі не?!
— Біле білсең, мен бес жыл оқыдым.
— Не үшін?
— Ақша тауып, күйеуіме тәуелді болмау үшін.
— Сонда өзіңді еркінмін деп ойлайсың бе?
— Иә. Олай емес пе, не?
— Жоқ! Сен бәрібір жұмысыңа, басшылыққа, қоғамға, мемлекетке тәуелдісің.
Әсел Төлепберген «Таңбалы жол»

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 12 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: