Кітап үзіндісі
01/09/2026, 17:52

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

— Апа, осы Бәйтерек ағам неге келмей кетті?
— Бәрін бүлдіріп отырған ана Азиада! Келін жақсы болса, бала да, немере де осында жүрмей ме? Басын айналдырып алған ба, екі күннің бірінде соның ауылында дейді. Бізге қарай баспайды ғой, жүгермек.
— Сол жеңгемнің аты қызық, иә! Азиада дегені несі екен?
— Ой, қарағым. Ол бір ұзақ әңгіме! Баяғыда біздің елде спорттан жарыс өтіп, сол Азиада болған. Сол жылы туған біраз балаға Азиада деп ат қойды соның құрметіне. Ана Саммит шал да елде алғаш саммит өткенде туыпты.
— Ал сіздің атыңызды кім қойды?
— Кім қоюшы еді, әке-шешем де! Ел енді есін жиып жатқанда құлағымызға Жанель, Амелья, Сабина, Альбина деген есімдер тосын әрі жақсы естіліп тұрды да, аты өзгерсе заты да өзгеретіндей топырлатып қоя бердік қой. Енді, міне, отырысымыз мынау! Эльенора әже болып!
— Күлкілі, иә! Сонда мен кейін Тэмберлейнк ата болам ба?
— Енді амалың қайсы? Бала күнінде қартаймайтындай көрдік те, қойдық қой…
Қанағат Әбілқайыр «Періштелер жоқ жерде»

 

Адам санасы сыртқы дүниемен күнбе-күн қатынасқа түспеген соң, ешбір бұлақ-бастау құймайтын тұйық көлдің суындай сортаң тарта береді екен. Кейде жел шайқап, толқын тұрып, өзінше буырқанғанымен, бәрібір арнасынан аспай, көпіршіп барып басылады.
Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр»

 

Бетке айтылмаған сөз - өсек. Ол есепке алынбайды.
Сәуірбек Бақбергенов «Кентау»

 

– Сен өзгеріп кетіпсің, - деді дауыстап.
– Енді…он сегізге келдім.
– Әлі бір ай жиырма екі күн бар.
– Ұмытпапсыз…
Мұхтар Мағауин «Көк мұнар»

 

Адамның жазмыш деп аталатын тағдырын жолын басқа бір арнаға салып, аяқ асты өзгертіп жіберетін – бір ғана сәт екен. Бір ғана әрекетің. Бір ғана қателігің. Бітті... Сосын өмір деп аталатын жайбарақат қана ағып жатқан өзеніңнің арнасы дереу басқа бір бағытқа бұрылып, астан-кестен тасқынға айналып жүре береді.
Сайлау Байбосын «Ажалын жоғалтқан адам»

 

— Алға бассаң, дамисың, бір орында отыра берсең, кері кетесің, ұқтың ба?! — дейді қатты дауыстап, телефонмен сөйлесіп тұрған ұзын күрең күртелі әйел, — еңбек қана бәрін жеңбек.
Әсел Төлепберген «Таңбалы жол»

 

Қазақ қанша қонақжай болғанымен, үйінде еркегі жоқ жас әйелдің сыпайы сылтау айтып, жолаушыны қондырмай жіберуге қақысы бар. Ертең сөз болады, күйеуімнің бетіне шіркеу келеді деп жасқанар еді.
Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр»

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 5 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: