Кітап үзіндісі
22/08/2026, 23:16

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

...Жаға жыртылар. Онда тұрған не бар? Қол сынса да, жең ішінде қалмай ма? Көңіл қалса ше?
Қанат Әбілқайыр «Ағыраптағы аты жоқ адам»

 

— Осы біздің несие қашан бітетін еді? — дедім. Сөйтсем:
— Үстіміздегі жылдың аяғында, — дейді. «Дұрыс түсінбей қалдым ба?» деп қайта сұрадым.
— Үс-ті-міз-де-гі!
— Сонда ол қай жыл?
— Биыл! Биыл бітеді. Не болған саған?
Күйіп кеттім.
— Оны үстімізге шығармай-ақ, биыл деп айтсаң болмай ма? Сонда өткен жылды не дейсіңдер? Ол да үстімізде ме, әлде астымызда қалды ма?
Қанағат Әбілқайыр «Періштелер жоқ жерде»

 

— Өмірде де сол, алдан не тосатынын білмейсің, — деп ол шаңытқан көкжиекті нұсқайды. — Бірақ бір орында тұрып қалмай, әлдебір таңбаны бағдар ғып жүре беру керек...
Әсел Төлепберген «Таңбалы жол»

 

— Қалай ойлайсың, қазақ қамшыны неге төрге іледі? — деп сұрайды менен Ернар.
— Қамшы — шаңырақтың киесі, ошақтың қорғанышы. «Жын-шайтан жуымасын» деп ілген, — деп жауап беремін мен.
Ол мырс етеді:
— Әйелі күнде көріп, байынан қорықсын деп ілген.
— Байдан қорықпай, құрметтеу керек деп ойлаушы ем.
Әсел Төлепберген «Таңбалы жол»

 

Ақын – екі дүние елшісі. Ол кейде пенде қатарына түсіп, кейде Періште қанатында ұшып жүреді. Алланың азат құсы да бір, ол да бір.
Алланың азат құсы аспаннан жерге түсіп азапты ғұмыр кешіп жүрсе – қанатынан қайырылғаны, қадірінен айырылғаны. Күндердің күнінде бәрібір өзінің мейірімді мекеніне ұшып кетеді. Наласы да, тобасы да ішінде…
Өлеңі қалып, өзі кеткен ақында өлім болмайды. Абай әлемін, Мағжан мұңын, Мұқағали мұратын, Жұмекен жұмбағын, Төлеген төркінін, Жұматай жұмағын таныған жұрт – ардақтауға, абзалдауға тұратын ұлт.
Исрайл Сапарбай «Абай пайғамбар емес»

 

Қыздар! Сендер қандай ғажап жансыңдар, шіркін! Жаудырай қадалған қап-қара көздерің мен жанды еріткен көмірдей шаштарың, иықтарыңда толқындай тулаған, білектей бұрымдарың қандай әсем еді сендердің. Өзеннің құба талындай солқылдаған бойларың неткен көркем, апырау.
Әзілхан Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар»

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 3 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: