| 14/04/2026, 22:52 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Ер жігіттің басына бақыт құсы әртүрлі жолмен келіп қонады. Кейде ол биік мансап, бақ-дәулет болып та, нұрлы ақыл, талант-дарын болып та, жақсы жар, сүйікті бала болып та қонуы мүмкін. Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр»
Сендердің замандарыңа, салттарыңа онша келмесе де айтайын: бөтен үйдің есігін аттаған қыз бала енді осы үйдің түндігінен қараңғы түскен күні өз үйіме қайтып кетемін деп келмейді. Қайта осы үйдегілердің басына не түссе, соның бәрін солармен бірге көтеремін деп келеді. Сәуірбек Бақбергенов «Кентау»
– Сендер жассыңдар, – деді профессор. Орнынан тұрып, тахтаның алдында жатқан кебісін киді. Түбіт шәліні иығына оңдап жамылды да, екі жақ ұшын тамағының астынан тартып байлады. – Жассыңдар, – деді қалтасына дейін салбырап түскен, жалғыз қабат жұмсақ шәлінің ішінен, екі қолын арқасына қайырып ұстаған қалпы, ерсілі-қарсылы адымдап жүріп. – Сендер салқын ақылдың сыбырынан гөрі бір минуттық көңіл күйінің айғайына көбірек ересіңдер. Шұғыл ойлап, келте пішесіңдер. Адамды адамдығына, ғалымды ғалымдығына қарап емес, өздеріңнің антипатия, симпатияларыңа қарап бағалайсыңдар. Мұхтар Мағауин «Көк мұнар»
Ұлтыңнан жерігенмен, түріңнен қашып құтыла алмайсың... Заман Самалбекұлы «Тірілген тастың күбірі»
Ер азамат бір ИДЕЯ үшін, ал әйел заты бір АЗАМАТ үшін өмір сүреді. Санжар Керімбай, Әділбек Нәби «Қаныш және ғылыми майдан»
Мен бір жақсы әйел болып шықтым. Мені біреу алды. Сөйтіп, ол өзін аса бақыттымын деп санады. Бұл дұрыс-ақ, болсын. Ол бақытты бола қалды. Ал, мен ше? Менің бақытым неде? Мен сол біреудің бақытты бола қалғанын қызықтап отырамын ба? Сәуірбек Бақбергенов «Кентау» баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 10 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
