| 07/04/2026, 21:46 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Өзінің де бір кезде бала болғанын еш ұмытпайтын адам ғана нағыз мұғалім бола алады. Василий Сухомлинский «Балаға жүрек жылуы»
Адамға мына жалғанда берілген ең құпия, ең құдіретті сый, тіпті де өмір деп аталмайды, ол — басыңдағы артық қоқыстың ішінен тек керегіңді ғана бөліп алу, сол асылыңды жүрегіңе апарып қондырып, тепе-теңдікке ұмтылу, жүрегіңде мәпелеп өсіріп жатқан ағашта бөтен бұтақтардың шығуына жол бермеу. Міне, дәл сол жерде әр адамға сыйға берілген өмір ағашы жасырынған. Кристин Лёненс «Құрсаулы аспан»
Бірде Қарсақбайға Совнарком төрағасы Нығмет Нұрмақов, комсомол жетекшілерінің бірі Қайсар Тәштитов, Қаныш Сәтбаев үшеуі жергілікті басшының үйіне қонаққа түсіпті. Ет піскенде дастарқанға бас келеді. Қонақтардың үшеуі де беделді кісі. «Басты кім ұстайды?» деген сұрақ туады. Нұрмақов: – Шешімін Қаныш айтсын, – деді. Қаныш: – Онда кезек-кезегімізбен бес минуттан әңгіме айтамыз. Кім сөзіне татардың, не орыстың сөзін қосатын болса, сол жеңілген саналады. Кім қазақша сөйлесе, басты сол ұстасын, – деді. Сөзді алдымен Тәштитов алыпты. Жап-жақсы көсіліп келе жатты да, орыс сөзін араластырып ұсталып қалды. Кезек Нұрмақовқа тиді. Ол да тұтылды. Үшінші кезек Қанышқа тиді. Ол он минут тоқтамай, жолда болған бір оқиғаны баяндады. Әңгімесі таусылғанша, бірде бір бөтен сөз қолданбады. Мәшиненің радиаторын «самаурын», кранды «шүмек» деп қолданды. «Жолда көліктің самаурыны қайнап кетіп, енді бірде шүмегінен су сорғалап, әбден ит болдық» деп бәрін күлдірді. Бәрі бір ауыздан «жеңіс – Қаныштыкі, басты сол ұстасын» депті. Оқиғадан әсер алған Нұрмақов: – Қаныш біздің тіл тазалығын сақтамай, қалай болса солай сөйлейтінімізді аңғарған екен. Қан шығармай сойды, – депті. Санжар Керімбай, Әділбек Нәби «Қаныш және ғылыми майдан»
Біздің адамдар үйленгенде некені жұптасу деп қана қарайды, содан кейін бірін-бірі алдау немесе зорлау шығады. Алдау ғана болса, оның жарасы жеңіл-ау. Ер мен әйел некелі жармыз деп жұрт көзіне қараша қояды да, өздері талай еркек, талай әйелмен ашына болады. Бұл жаман-ақ, дегенмен оған да төзуге болады, ал бірақ, көп жағдайда ер мен әйел өмір бойы бірге отасамыз деп ресми шарттасады да, екі ай болмай жатып, бірін-бірі өлердей жек көріп кетеді, ажырасқысы келіп, айырылыса алмай, содан тамұқтың қып-қызыл отына түседі де, не маскүнем болып кетеді, не атысады, не өзін де, өзгені де улы қасіретке душар етеді. Лев Толстой «Крейцер сонатасы» баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
