| 16/03/2026, 17:35 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Уақыт деген ең әккі ұрының дәл өзі емес пе, шындық та, жалған да түптің түбінде оның уысына барып түседі де, уақыттың тұтқынына айналады. Кристин Лёненс «Құрсаулы аспан»
Бейшара ажалды адам баласы-ай, мәңгі бақи әлденені армандап, мәңгі бақи әлденені аңсайды да жүреді... Шыңғыс Айтматов "Жан пида"
Махаббатсыз неке – неке емес, тек махаббат қана некені қадір-қасиетке бөлейді, сүйіп қосылған неке ғана нағыз неке болатынын түсінбейді бұлар. Лев Толстой «Крейцер сонатасы»
... «жаман кісінің ашуы басы жерге жеткенше» деген. Бастарың жерге жеткенше тістеніп тұратын не әдет осы?! Адамдықтың белгісі – кектесу емес, кешіру. Санжар Керімбай, Әділбек Нәби «Қаныш және ғылыми майдан»
Екеуі ауыл сыртындағы қырқаның үстіне көтерілген. Ли-шансың артына бұрылып, төрт түлік малы өрістен оралған, қосақтап қой сауып жатқан бай ауылға біраз қарап тұрды. – Таң қалам, — деді ол әлден уақытта кешкі ауыл тірлігінен көз алмаған күйі. — Арада аттай екі мың жыл өтсе де, қазақтың өмір салтының еш өзгермегеніне таң қаламын. Сол баяғы киіз үй, сол баяғы мыңғырып жатқан мал, сол баяғы ет пен қымыз... Көшпенділер үшін ай мен жыл ештеңе емес, тіпті тұтас тасырлар орнынан жылжымай тоқтап тұрып қалған секілді. – Бұл жақсылық па, әлде жаманшылық па? — деді Демежан қарсы сұрақ қойып. – Екі жағы да бар. Жақсылық жағы — бұл халықтың өзгермей, бұзылмай, сол бұрынғы пәк күйінде, табиғаттың төл перзенті ретінде таза сақталуында. Қазақтар есігіне құлып салмайтын, қонақ келсе дастарқаны дайын тұратын дүниежүзіндегі бірден-бір халық қой қазір... Ал жаманшылық жағы — әлемдік өркениеттен, қоғамдық дамудан қағаберіс, баяғы орта ғасырлық мешеу сатыда қалып қоюында. Бұл мешеулік көпке дейін сезілмей, тарих өз екпінімен біраз жерге алып келді, әрине. Ал өткен он сегізінші тасырдың екінші жарымынан бастап, көшпенділердің басындағы бақ біржола тайды. Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр»
Қолыңдағы шырақпен өз жоғыңды ғана іздемей, жұрт алдына шам болу – әр азаматтың абыройлы ісі болар... Заман Самалбекұлы «Тірілген тастың күбірі»
Өмір деген шытырманы көп, қиын-қыстау асуы одан да көп, ауыр жол. Жолдың кедір-бұдыры, қия беткейі, шырқау биігі, шөлейт шалғайы тағы бар. Кейде даңғыл жол үстінде дөңкиіп қара тас жатады. Әділ болмайын демейсің, кейде нақ осы жол үстінде көлденең жатқан қара тас тәрізді алдыңды кесе көлденеңдеп ағайын-туыс, жора-жолдас деген шыға келеді. «Ол олай емес, былай» деп жолдың теріс бетіне нұсқайды. Олардың мұнысы, шынын айтса, көбіне, адасқан адамды дұрыс жолға салып жіберудің есебіне, қайта, адасқан үстіне адаса берсін деп, бұрыс жолға біле тұрып салғандай көрінеді. Сәуірбек Бақбергенов «Кентау»
Адамды өсіретін де, құртатын да ой. Мұхтар Мағауин «Көк мұнар» баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 9 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
