| 24/02/2026, 17:47 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Адам рухының шыңдалып, қайратының өткірлене түсуі үшін оны қиындықтың қазанына салып қайнату керек. Осындай қазанда қайнап шыққан тұлғаны оңайшылықпен тұқырта алмайсың. Санжар Керімбай, Әділбек Нәби «Қаныш және ғылыми майдан»
Тәрбие – мұғалім мен баланың үнемі рухани тілдесуі. Василий Сухомлинский «Балаға жүрек жылуы»
Адам іштен батыр болып тумайды, батырлықты заман, уақыт тудырады. Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр»
Дүниедегі ең зор қылмыс жалпыға ортақ қазынаға қол сұғу!!! Оны жасағандар қоғамнан қуылатын, тіпті екі дүниеде сүйкімі жоқ, ең жеркенішті пенде болуы тиіс! Ел арасында осындай пікір қалыптаспай, арамтамақтардан арылу мүмкін емес! Заман Самалбекұлы «Тірілген тастың күбірі»
Ол айтатын: «Жақсылық пен жамандық бірге туған. Сондай-ақ шындық пен өтірік туыс. Жақсылықтың жақсылығын, артықтығын, жамандық бірге жүрген жайда ғана анық көресің. Шындықтың көлеңкесі тәрізді боп, оған қоса өтірік деген жүреді. Шындықтың да нағыз шындық екенін өтірікпен бетпе-бет келгенде бір-ақ ұғатын» дейтін. Сәуірбек Бақбергенов «Кентау»
Адам – әлсіз механизм. Осындай бір сәттер болады. Анда-санда жылап тұру керек. Ешқандай себепсіз-ақ. Көз жасы – көңіл бұлтының нөсері. Бұлт жаумай, күн ашылмайды. Иә. Қуанған адам да жылайды. Неге? Көңіл – кiрiнен тазарсын деп. Мұхтар Мағауин «Көк мұнар»
... Бағана топырақ басында қоштасу-бақұл сөз айтқандары да, әлгінде ас дастарқанында сөйлегендердің де талайы «мәңгі бақи ұмытпаймыз» деп жатты. Соны айтқандар өздерінің қанша өмір сүретінін біле ме? Бір сағаттан соң, тіпті бір минуттан кейін алдында не күтіп тұрғанын сезбейді. Жер әлемде мәңгі жасайтын жан иесі бар ма? Бәрі уақытша, бәрі өтпелі. Бір күні туып, бір күні өлесің, үшінші күн жоқ. Ондай мүмкіндік берілмеген. Шындық деген осы. Сол секілді адамдардың өлім үстінде тағы бір жиі айтатын сөзі: «Жасамаған жасын берсін!», – дейді. Жаңа марқұмның баласына сондай тілек арнады. Жасамаған жасты қайдан шығардың? Марқұмның жасамай кеткен жасын білетін құдіретің бар ма? Жоқ! Егер соңында жасайтын жас қалса, ол өлмес еді ғой. Оған осы жеткен жасынан басқа өмір бұйырмаған, тағдырдың маңдайға жазылғаны орындалды. «Жазмыштан озмыш жоқ». Пенделер болмаған жасты, жоқ жасты, Құдай бермеген жасты тілеп тұр, яғни Құдайдың құдіретіне қол сұғып, астам сөйлеп күпірлік етті. Екінші жағынан алып қарасаң, қарапайым тілмен айтқанда, нөл өмір тіледі, түкке тұрмайтын сандырақ тілек айтты. Қайтқан адамның артындағыларға: «Көрмеген қызық-қуанышын көрсін!» – десе, «шырағы сөнбесін», «түтіні түзу шықсын» немесе «соңына береке-қайырын берсін» деген секілді ақылға сыйымды сөздерді айтса бір жөн. Зейнеп Ахметова «Көне күнделік беттерінен» баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
