Кітап үзіндісі
17/02/2026, 18:01

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Дана халқымыз, әр жауапты саланы өз иесімен атаған екен. Мысалы, дінді "ата дін", дәстүрді "ата дәстүр", заңды "ата заң", жерді "атамекен", елді "атажұрт" деп атаған. Себебі, бұл құндылықтарды сақталып, ұрпақтан ұрпаққа аман жетуіне нағыз ерлер жауап береді. Алайда, тілге қатысты "ата тілі" деп атамаған, "ана тіл" деген атау берген екен. Неге? Себебі, барлық идеология, тәлім-тәрбие ана арқылы, ананың ақ сүті арқылы баланың сана сезіміне сіңіріледі екен.

Сырым Әуезхан «Қазақша IQ»

 

Көпті көрген қариялар «Тілекті ұзағынан тілеңдер», – деп отырушы еді. Сол тілекті де ойланып, түпқазығын саралап, түсініп тілеу керек пе деймін.

Зейнеп Ахметова «Көне күнделік беттерінен»

 

Ең жақсы адам, ол – қарапайым адам. Жүрегінде құдайы бар адам – ең бай адам.

Тұрсынбек Əлиұлы «Австралияда нең бар еді, құлыным?!»

 

– Махаббат? Махаббат дегеніміз біреудің біреуді басқалардан айрықша жақсы көруі, – деді ол.

– Ол қаншаға дейін жақсы көрмекші сонда? Бір ай ма? Екі ай ма, әлде жарты сағат па? – деді мырза күлімсіреп, сосын күліп жіберді.

– Жоқ, рақым етіңіз, сірә, сіз басқа бірдемені айтып тұрған боларсыз.

– Жоқ, тақсыр, мен дәл соның өзін айтам.

– Мына кісі айтады, – деп адвокат ханымды нұсқап, араға түсті, – неке, біріншіден, өзара сүйіспеншіліктен, тіпті керек десеңіз, ғашықтықтан тууға тиіс, сол бар жерде ғана, тек сондай жағдайда ғана неке дегеніміз былайша айтқанда, қасиетті антқа айналмақ, – дейді.

Лев Толстой «Крейцер сонатасы»

 

- Қалай болсын, кешкісін өрістен желіні сыздап сиырлар келеді. Біздің үйде үш-ақ сауынды сиыр болатын. Соның ортаншысын жаз айының бір кешінде жайбарақат сауып жатыр едім. Кенет үстіне ызылдап қонған шыбынды құйрығымен қағып-қағып жіберді. Сирақтарын қимылдатқандай болды. Сәлден соң шыбынды қағамын деп шелегімді оң аяғымен бір тепті. «Тыныш тұр» деп ескертіп сауа түстім. Мүйізін шайқап-шайқап қоятын шалқақтау мал еді. Кешікпей бар екпінімен тепкенде ұшып түстім. Шелегім сүтімен ақтарылды. Сыртта жан баласы жоқ. Кіндігімнің тұсын қолыммен қыса ұстап, бүрісіп біраз жаттым. Есімді жинап, үйге қарай жүрдім еңбектеп. Бір жамандықтың боларын сезгем. Дереу күйеуім доғдырды ертіп келді. Бір мезетте төменгі жағымнан жып-жылы қан ақты сорғалап. Осылайша, шаранам шетінеді. «Ауру қайдан деме» деген осы. Ажалдың жезтырнағы адамды сыртынан аңдып, бағып тұратын көрінеді. Сәл әлсіздік, дәрменсіздік, алаңғасарлық танытсаң, тырнағына іліп әкетеді. «Сақтансаң -сақтармын» деп босқа айтпаған. Бірінші рет тепкенде орнымнан ұшып түрегеліп, бұзауды ноқтасынан босатып, емізіп алуым керек еді. Баяғы бір қасық болса да сүтін сауып ішейін деп. Тесік тамақ кейде ештеңені ойлатпайды. Ақыры орта шелек сүт те ішілмеді. Бойыма біткен бала да бұйырмады. Бұл өмірдің бәрі де уақытша деп зар қақсайтыным содан ғой, Ләйләжан. Адамға өмірдің қызығы мен қуанышы, арайлы шақтары, әр сәті, әр минөті бір-ақ рет беріледі. Сенің де бақытты болуға хақың бар!

Мира Шүйіншалиева «Ар азабы»

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 3 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: