| 10/02/2026, 09:15 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Сұлулыққа тән тигізуге болмайды, тек тамсанып қарамақ керек. Роза Мұқанова «Шатыр астындағы мен»
Адам баласына, ел-жұртқа жасаған жақсылық өлмейді екен. Өз еңбегіңнің қарымтасы кейде тірі кезінде қайтпаса да, өлгеннен кейін болса да ағайын жұртың алғыспен еске ала жүреді екен. Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр»
Біреуге жақсылық жасағанда іштей қарымтасын күтесің, ал қиянат жасағанда неге солай ойламайсың... Заман Самалбекұлы «Тірілген тастың күбірі»
Періштедей бүлдіршіндердің ертегідей ғажайып әлеміне біз де кіре аламыз, ол үшін өзіміз де белгілі бір дәрежеде балалармен бала болуымыз керек. Осылай ету қолыңыздан келсе, балалар сізді өздерінің ертегі әлеміне кездейсоқ келген жан ретінде көрмейді. Немесе ішінде не болып жатқанын ұқпай, жай ғана сыртынан қарап тұрған күзетші деп санамайтын болады. Ф.М.Достоевскийдің «Сот залына біз де кінәліміз деген оймен кірейік» деген тамаша сөзі бар. Сол секілді «Балалық» атты ертегілер еліне біз де соғысы ерекше тап-таза бала жүрекпен, «бір кезде мен де бала болғанмын» деген оймен кірейік. Василий Сухомлинский «Балаға жүрек жылуы»
Ел сүйген, көпті сүйсіндірген жігітті қыз сүймейтін заман боп па еді... Сәуірбек Бақбергенов «Кентау»
- «Енді қайтем» дейді ғой. Жүр ендеше сөйтіп. Айналайын-ау, сен жас емессің бе? Дәл қазір ағысқа қарсы жүзетін мезгілің ғой. Кейде саған қараймын да, таң қаламын, жыным келеді, шынымды айтсам. Сен өзіңнің жас жігіт екеніңді естен шығарып алғансың ғой деймін. Көзің былшықтанып түске дейін ұйықтайсың, тұра сала, тырп-тырп басып мал соңынан жоғаласың. Не кітап оқып жатқаныңды, не жазу жазып жатқаныңды көрмеппін. Жас адам жұтынып тұрмаушы ма еді... Сенікі не? Әрбір таңнан үміт көріп оянушы ек кезінде, сенің көзіңнен ондай от байқай алмадым-ау... - Ой, аға, қайтеміз енді? Не істе дейсіз маған? Құдайдың маңдайға жазғаны осы болса... - Құдайдың жазғаны... Е-ей, бауырым, мен саған жаратылысыңа қарсы кел деп жатқаным жоқ. Алла еш пендесін несібесіз жаратпайды. Үміттену, серпілу керек емес пе? Алла пешенеңе үлкен істер тындыруды жазған болар. Іздену керек емес пе? Есей Жеңісұлы «Сендер бәрің жақсысыңдар, адамдар!..»
Өмір деген өткінші ғой, адам туады, өседі, ұлғаяды, қартаяды. Бәлкім, сондағы бір мағынасы, адамның махаббат деген құдіретті сезінуі шығар?! "Қасірет пен тағдыр" Сәуле Досжан
Іздену керек, оқу керек, жазу керек. Еңбек етуге үйренген жөн. Бойда бар күшіңді аямай, бар ынтаңмен жұмыс істемейінше бірдеңе тындыру мүмкін емес. Мұхтар Мағауин «Көк мұнар» баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 4 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
