Кітап үзіндісі
03/02/2026, 08:53

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Бірақ қазіргі қазақтардың сенетін мифі мен «құдайына» қарасаң таңғаласың.

Олар: «нумерология», «ақша шақыратын әмиян», «ашылатын чакра», «жазалаушы карма», «аффирмация», «реинкарнация», «армандар картасы», «сиқырлы блокнот». Одан бөлек шұбырған техника түріне ұласып кете береді... Бірақ осының бәрі алдамшы. Уақыты келгенде өмірдің шындығы сағым сияқты осы жалған арманның бәрін талқандайды.

Санжар Керімбай, Әділбек Нәби «Қаныш және ғылыми майдан»

 

Алтын берсе арбалып, жан қысылса жалтарып шыға келетін жан кімге опа берген? Жем берсең ит те қолыңды жалайды. Қызықтырар қызылың біткен соң, жалт беретін жалдама адал болар деп алданба. Абыройды жанын пида ететін ерлер ғана сақтамақ. Жұдырықтай жұмылып, намысыңды солар ғана қорғамақ. Туған жеріне емес, тойған жеріне қызмет қылар адамдардың жазасы – өлім!

Самат Өтениязов «Аттила»

 

Өмірде бой жету бар да, бой жете білу тағы бар ғой. Мұның біріншісі — сен талпын, талпынба, ақылды бол, кеще бол — бәрібір бой жетесің, өсесің. Өзіңнің бой жеткеніңді түсініп, салиқалы болуға тырысасың да, өмірде көрген-білгені көбірек кексе әйелдердің айтқанын ұйып тыңдап, «осы қалай болар екен?» дегендей әр жігіттің тамырын бір басып жар таңдайсың. Ал екіншісі — бейкүнә бойжету. Ол тіпті өзінің өскенін де байқамайды: сәбидей аңқау, сәбидей таза. Бірақ олардың сол кіршіксіз таза жүрегінде ешқандай күш төтеп бере алмайтын махаббат сезімдері өзіне де сезілмей өсіп келе жатады. Ондай қыздар, атай көрмеңіз, ешқашан да жар таңдайын деп ойламайды, бірақ, ғашық болып қалғанын да сезбейді. Бұл бірінші махаббат сәтті болсын, сәтсіз болсын, оның есінде мәңгі сақталады. Ондай тәтті сезімдерді, ол өмірінің соңғы минутына шейін кездестіре алмайды. Олар құлай сүйеді, арманына жетпесе апатқа ұшырайды. Сондықтан олардың махаббаты тек еркелетуді ғана сүйеді.

Дулат Исабеков «Ең бақытты түн»

 

Қыз ғұмыры қандай қысқа, қыз жолы қандай жіңішке?! Көктемде күн көзіне бой созып, қаулап шыққан қызғалдақтай, кемді күн көздің жауын алып, үкісі бұлаңдап жүреді де, бір күні амалсыз бейтаныс жат жерге ұзатылып кете барады... Осы бір өткелден өтпейтін қазақ қызы жоқ бұл дүниеде. Қош бол, әлпештеген ата-ана, қош бол, қатар өскен құрбы-құрдас, асыл жеңге. Бұдан кейін көрісер күн бар ма, жоқ па? Шетке кеткен шермендені ұмытпай, естеріңе ала жүріңдер...

Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр»

 

Жалпы көпшілік арасында, соның ішінде жауапкершілігі аздау яғни жалтаң мен жалқауларға тән бір психология қалыптасқан. Не нәрсе болса да Алланың қалауымен дегендей...

Жақсылық немесе қиянатты сен жасайсың да одан біреу ұтып, екіншісі жапа шексе, бұл – Алланың қалауы дейсің ұялмастан, көзің бақырайып... Алла өзіне керек міндеттер мен мүмкіндіктерді шектеп, сені де өз жүріс-тұрысыңды реттей алатын әлеуетке ие еткен.

Пенде мен Адам арасындағы бір айырмашылық – біріншісінің жауапкершіліктен қашуы болса, екіншісінің анау үшін сол жүкті арқалауы. Сондықтан Жер Соты мен Аспан Сотының әділдігі де әр басқа...

Заман Самалбекұлы «Тірілген тастың күбірі»

 

Адамға адам көрсеткен сенім аса зор қасиеттен туады. Сенімге ие болған адам тау құлатардай күшті сезінеді.

Сәуірбек Бақбергенов "Кентау"

 

Қаныштың тілі шыққанда әкесі оған ең әуелі «бісміллә» деген сөзді үйретті. Ұлы сөз ұғар жасқа жеткенде: «Балам, «бісміллә» деген киелі сөз. Не нәрсені ниет қып, қолға алсаң да «бісміллә» деп баста!» дейтін. Әкесі бес уақыт намазын қаза қылып көрген емес. Намаз алдында дәретін алады. Бөкеш әкесінің қолына құманнан су құятын. Кейін бұл істі Қаныш атқаратын болды. Ол Бөкеш ағасы құсап суды шашыратпай, сыздықтатып құюды үйренді. Одан соң әкесі жайнамазын алып намазына кіріседі. Ол тізерлей отыра оқыған дұғамен тамамдалады. Әжесі де бір бүйірде, жайнамазын жайып отағасының қимылын қалт жібермей қайталап тұрады. Артық үн шығармайды, дұғасын күбірлеп қана оқиды. Әкесі намаз оқығанда екі көзін жартылай жұмып, дүниәуи бүкіл тірліктен баз кешкендей күйде тұрады. Алыс-алыста, көз көрмес, құлақ естімес бір шығандарда тұрған құдіретті күшті Тәңірмен тіл қатысып оған деген мұң-зарын шағып тұрғандай болады.

Санжар Керімбай, Әділбек Нәби «Қаныш және ғылыми майдан»

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 9 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: