| 17/11/2025, 23:51 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Менің тағдырым – менің ұстазым. Ол мені төзімділікке үйретті. Тыз еткен ашудан сақтандырды. Кектенбеуге, тоң-торыс өкпелеп, жөнсіз тортаңдамауға, «ә» десе, «мә» деп оқталмауға әбден ширатты ғой. Уақыт өзі айырар, ақ-қарасын. Кімнің кім екенін керек кезде өздері аршып алар. Енді қартайғанда сонша несіне ақталмақпын?.. Шәрбану Бейсенова «Бір махаббат баяны»
... Адам – айуанның айуаны ғой. Кімнің басына күн туса, соны табалауға, мұқатуға, одан әрі батпаққа батыруға құмартып тұрады: табаласа, аяғымен таптаса, сонда айызы қанады. Әсіресе, ел мақтаған, кірсіз адамды кірлеуге жаны өш болады. Өйткені кір көңіл адам кірсізді көре алмайды, күндейді; өзіндей қылуға тырысады. Жүсіпбек Аймауытұлы «Ақбілек»
Кейбіреулер ынтызар боп қосылып, сырттай тіпті араларынан қыл өтпейтіндей тату-тәтті көрінсе де, тез тарқап, тез суынады. Бұған не себеп? Тек көңілдің аумалы-төкпелілігі ме? Әлде мінез-құлықтарының келіспегендіктері ме? әрине, бұлар да себеп. Бірақ адамның тез қосылып, тез суынуы, көбіне бірін-бірі жетік білмей табысуынан. Ал, екі жастың дұрыс ұғысуларына уақыт керек, оған жүрегі құрғыр шыдай ма? Махаббат шыдамсыз дүние. Шыдамсыздықты жоя алғанда ғана ол берік. Адамды ақыл емес, көбіне сезім билер болса, мұндайда өкініш те қатар тұрады. Ілияс Есенберлин «Маңғыстау майданы»
Көп мәселенің шешімі өміріңізде басқа адамның болуынан емес, біз оның бар болғанына дұрыс әрекет ете алмаудан туындайды. Айна Досмахамбет «Ажыраспа»
Еркек атаулы әдемі қызды әйел қылып алсам-ау деп армандайды, алдайды, арбайды, айтпағанды айтады, қысқасы, қолы жеткенше құлыңша жорғалайды, ал шын мінезін алып алған соң бір-ақ көрсетеді. Бексұлтан Нұржекеев «Ерлі-зайыптылар»
Адам өлмек үшін туған. Бүгін өлдің не, ертең өлдің не? Жүсіпбек Аймауытұлы «Ақбілек»
...Қуанышсыз жүректе құралмас ән, Қайғы басса есіңе ал мұны әрқашан. Ештеңеге риза бола алмайсың Жаңа жауған ақ қарға қуанбасаң.
Жүрекке мейірім мен жылу керек. Сүйсінбеуге бола ма сұлуға ерек? «Ойлай берсең, ой да көп, уайым да көп», Шыққан күнге қуана білу керек!.. Күләш Ахметова баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 2 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
