| 11/11/2025, 08:49 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Махаббат – қамысқа түскен өрт секілді, ішіне енген кісі өшіріп үлгермейді; махаббат – тайғанақ көк мұз секілді, аңдамай бассаң аяғың аспаннан келеді. Дүкенбай Досжан «Шахеризаданың мың үшінші түні»
Үзбейтін Жаратқаннан үміт дара, Пенде бол бұйыртқанға күліп қарар. Үзілген жапырақтай қара жерге Кетерсің сен де бір күн сіңіп қана. Айбын Ахмадиев
Бір шамадан тұрмақ бір вагон тәтті әкелсең де, анаңның сүтін ақтау қайда?! Бексұлтан Нұржекеев «Ерлі-зайыптылар»
Не қылған шеттерінен тас жүрек адамдар! Қыбыр-жыбыр түкке татымайтын тірліктеріне асығып өліп барады. Біреудің қайғысы мен қазасын қайтсін. Өздері аман болса, қалған дүниені топан су қаптап кетсе де бәрі бір емес пе оларға. Серік Асылбекұлы «Рәбиғаның махаббаты»
Өмір ондай жақсыдан ғана түзілген тәжірибе учаскесі емес, ода бәрі бар, соның жақсысын талғай білу үшін оқимыз, білім аламыз, тәжірибе жинаймыз; сол мақсаттың соңында адасамыз, қиянат көреміз, сонда да бәрібір жеңіп шығу үшін жанталасамыз. Жеңіп шығу үшін өмір тәжірибесін жинаймыз. Жеңіп шығамыз деп өмір сүреміз, сенеміз. Үйренем деген кісі есігінің алдындағы иттің қылығынан да бірдемелер үйренеді, үйрену үшін ештеңеден жиренбейді. Бексұлтан Нұржекеев «Ерлі-зайыптылар»
Саналы түрдегі жалғыздық – санасыз түрде отбасылы болғаннан артық. Айна Досмахамбет «Ажыраспа»
Дүниені бар бояуымен сезіну - адамның аса бақытты кезеңі. Кейінгі кезде сол бояу солғын тартып, мына тіршілік дәмі таңдайына кермек татып бара жатқандай. Жасыл бояуды сезінбейді, жүрегі лоблып құсқысы келеді. Дүкенбай Досжан «Ине ұшындағы ғұмыр»
– Ақыл-сана дамыған сайын жанұя мәселесі екінші кезекке қарай ысырыла бермек. Нұрдәулет Ақыш «Сезім жетегіндегі жігіт» баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 6 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
