| 04/11/2025, 08:44 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
– Неге мүмкін емес?.. Адамның өмірінде көктем жалғыз рет қана кездесе ме? – Ол табиғат көктемі ғой... Онда жаратылыс заңы бар. – Ал өмір көктемінде ше?.. Егер адам бір рет бақытсыздыққа кездессе, өмір бойы жылап өтуге тиісті ме?.. Жоқ, ол мүмкін емес! Адам бақыт үшін жаралған! Сондықтан оның шын бақыты көктемі де болуға тиісті! Әйтпесе дүниеге келудің не қызығы бар? Алдағы күнге сенімің жоғалған күні адам өмірге де сенімін жоғалтады. Сен сеніміңді жоғалтушы болма, сонда ғана өмір сені ұмытпайды. Ілияс Есенберлин «Алыстағы арпалыс»
Өмір деген балқурай салған шайды ішіп өту емес, шырағым. Дүкенбай Досжан «Шахеризаданың мың үшінші түні»
Әрине, өз басыңнан өтіп, жаның ауырмаған іске жауап беру қиын... «Алтын тіс қанша қымбат болғанмен, өзіңдікі емес қой», — дегендейін, жаның қанша ашып тұрса да, іс өз басыңнан өтпегені сезіліп тұрады... Ілияс Есенберлин «Маңғыстау майданы»
Жүрегінде шүкіршілігі бар адам қартаймайды, әрі бұзылмайды... Дүкенбай Досжан «Ине ұшындағы ғұмыр»
Қаншама есейіп, қуаныш-қызыққа қарық боп, белшеден бақытқа батып жүрсе де, адамның өз балалық кезін аңсай беретіні несі екен?! Бексұлтан Нұржекеев «Ерлі-зайыптылар»
Алайда, қызым, ізеттілік әншейін ақырын сөйлеп, абайлап жүру ғана емес. Әдет пен ғұрыпты білу де eмec. Ізеттіліктің ең үлкені – өзгені сыйлау, өзгемен санасу, өзге үшін өзіңді тежеу. Басқаның кінәсін көріп тұрып кешіре білген адам биік. Сондай биік адамдар бар, соларға жолыққан адам бақытты. Бексұлтан Нұржекеев «Ерлі-зайыптылар»
Сендер түсінбейсіңдер... Мынау өмірде махаббат барын, тілмен айтып жеткізуге болмайтын керемет барын түсінбейсіңдер. «Жанұя!»... «Баланы ойлау керек!», «Бұзуға болмайды!...» Міне, сөздерің осы сендердің. Несін айтасың тамаша-ақ! Соның ар жағын ойладыңдар ма сендер? Адам бостандықта болуы керек. Не үшін тәтті бостандық?.. Ал, айтыңдаршы, әшейін өзімізді өзіміз жасанды түрде шырмап тастағанбыз, – деп тоқтаусыз сайрады дейсің келіп. Нұрдәулет Ақыш «Сезім жетегіндегі жігіт»
Сіздің әрекет етпеуіңіз басқа адамды әрекет етуге итермелеуі әбден мүмкін. Айна Досмахамбет «Ажыраспа»
Сайтанға бейнетіңді сатсаң да, жаныңды сатпа, көкешім. Дүкенбай Досжан «Шахеризаданың мың үшінші түні»
Мен сізді жақсы көрем ғой, Сіз неге соны түсінбейсіз! Тым болмаса маған бір сәт көз тоқтатып қарамайтыныңыз не?! Серік Асылбекұлы «Рәбиғаның махаббаты»
«Танысаң адайыңмын, танымасаң құдайыңмын» дейтін өр көкірек, тентек, батыр рудан шыққан. Бірақ шөптің бәрі тікенек, адайдың бәрі тентек емес... Ілияс Есенберлин «Маңғыстау майданы»
– Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола береді. «Күндестің күлі күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжікеңді көрген жерде, сәлеміңді түзу бер. Бір кезде жақсы жақының еді. Кім тентек, кім мақұл? Қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ бол! Жамандыққа кім табылмайды дейсің, жанашырдан айырылма, – деді. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 6 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
