Кітап үзіндісі
16/09/2025, 09:35

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Заман, адам… Баяғы кең дүние тарылып, заманның өзі бұлағай тартып, қағынып кетсе де, бұрынғы аңқылдақ, бейғамдау кең мінезінен айнымаған халқы… Басқа жұртта заман емес, адам өзгереді дейді екен. Жоқ, қазаққа келгенде теріске шықты: заман өзгерді, бүлінді, адамы баяғы қалпында қалды, заманына ілесіп бүліне алмағасын бүл болды. Анығы – күл болды десе болады.

Мұхамедәли Абдуллаев «Кәріптас»

 

Қарап тұрсаң бұл адам баласының істемейтіні жоқ, отты өзі жағады да, сол отқа өзі барып түседі. Сөйтіп өрттің ішінде өртеніп, жанып бара жатып, — жәрдем бер, — деп айқайлайды, не істерсің?..

Баубек Бұлқышев «Алматылықтар»

 

«Алпамыс батыр» жырында «Жалғызда мейірім жоқ деген» дейтін сөздер бар. Менің ойымша, сол сөздегі үлкен сырды қазіргі жастар онша ұқпай барады. Қазіргідей тоқ, баршылық заманда кісіге не жетпейді? Киім көп, тамақ мол, күн көрісіміз қиын дейтіндей себеп жоқ, бәрі жеткілікті. Егер бір нәрсе жетіспесе, бауырмалдық жетіспес. Жалғыз бала, жалғыз шеше көбейіп барады, бауырмалдығы бар адам баланы жалғыз, шешені жалғыз қалдырар ма? Балалы үйдің баласы бауырмалдықты бесігінен үйренеді, біріне бірі сүйеніп, бірін-бірі жұбатып, бір-біріне мейірі түсіп өседі. Жалғыз өскен баланы әке-шешесі әуектетеді, әуектеткен баланың көңілі көкке жетеді, өзінен басқаны көзге ілмей үйренеді. Немесе өзі жылап, өзі жұбанып, өзінен басқа жанашыр көрмей, өзінен басқаға жаны ашымай өседі. Мейірімінің жоқтығынан ол өз басы, бәлкім, өмір бойы жапа шекпейді, өз ырызғысын өзі тауып жеуді туа үйренген бала ғой, есесіне одан жұрт өмір бойы жапа шегіп өтуі мүмкін. «Мейірімінің жоқтығы-ай!» – деп талай жылағандарды естідік, көрдік.

Бексұлтан Нуржекеев "Ерлі-зайыптылар"

 

Әкем бірден: «Баланыкі дұрыс! «Қазан мен қатынның қымбатын ал» деген атаң қазақ. Баяғыда біздің атамыз шешем Шаһарманды айттырғанда шешеміздің інілері не болса соны сұрай беріпті. Сонда Кенжетай атам: «Не сұраса да беріңдер. Ең бастысы Шаһарман босағама келін болып түссін. Құтты келін келсе, жоқтың орны оңалады. Адам жасайтын зат пен Құдай жасайтын құтты келінді теңгермеңдер», – деп жорға атын да, күміспен қақталған ер тұрманын да, ең ақыры сол кездің ең ірі байлығы саналатын патефонды да қалың малға беріпті. Содан міне біз тудық. Құдайға шүкір, жаман болға-ным жоқ» деп естелік айтып, үкімді сол жерде шығарды. Сөйтті де: «Біз дайынбыз. Келінді әкел!» – деді.

Санжар Керімбай «Ойланушы»

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: