31/03/2025, 17:02 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Дүниенің тағдырын адамгершілік қағидалары емес, ақшалы әмиян билейді. Бар тіршілік – ақша үшін. Бүкіл адамзат тарихы – ақша, яғни заттық игілік жолындағы күрес тарихы. Рухани қажеттілік, идеялық мұрат дегеннің бәрі бос сөз. Асып кеткенде, ақшаға жету тарабындағы әдепкі қару ғана. Жеке бас бостандығы, жалпыға ортақ азаттық – ақшаның арқасында ғана жүзеге асатын іс. Тіпті, сіз даурыға мадақтап жүрген тәуелсіздік, яғни кешегі отар елдің егемендігінің өзі – заттық игілік, жеке бір кісілердің байлыққа жетуі үшін ғана қызмет ететін құрылым. Саған сөлекет көрінер, арамза сөз, тасыр топастық көрінер, бірақ анық ақиқаты сол... Мұхтар Мағауин «Жармақ»
Білім малдан қайырлы. Білім сені қорғайды, ал малды сен қорғайсың. Құдайберді Бағашар «Тағылым таразысы»
Мырзалар! Қашанға дейін халықпен тығылмақ ойнайсыздар? Әрдайым отансүйгіштік ұлтқа қызмет ету, ұлт махаббаты, мәдениетке қызмет ету турасында сөз қозғайсыздар. Бірақ ұлт үшін, Отан үшін, мәдениеттің өркендеуі үшін не істеп жатырсыздар? Кейбірі миллиондарды жымқырып, Отанымыздың қазынасына қол салып жатыр. Енді бірі баспасөздерде, мектептерде, университеттерде қызмет жасап жүр. Ал еліміздің шалғай жерлерінде болса, миллиондаған адам іріп-шіріп, маскүнемге айналып жатыр. Григорий Петров «Ұлттың оянуы. Финляндия қалай дамыған елге айналды?»
— Сенікі дұрыс емес, не ол бітпейтін… Бәріне үлгеруге болады. Сен сияқты келіншектер бәріне уақыт табады. Байқаймын, өзіңе мүлдем көңіл бөлмейсің. Бұл — қазақ әйелдерінің кемшілігі. Әйел өзін жақсы көріп, өз жағдайын өзі ойламаса, оны біреу ойлайды деймісің? Еркекке тамағы пісіп, балалары қаралса болды… айтшы, әйелінің үнемі сергек, әдемі болуы үшін не керек деп ойланатын еркек бар ма? Әй, білмеймін-ау, — деп бір тоқтап, аз-кем тыныстап алып сөзін қайта жалғайды: — Әйел тек бала туып, тамақ жасап, одан жұмысқа жүгіру үшін жаралмаған. Әйел өзінің жан түкпіріне үңіліп, әйелдік қасиеттерін ашып, энергия ағынын реттеуі тиіс. Сонда ғана ол жеке адам ретінде іштей рухани өсіп отырады. Әйел өзін сыйлап, құрметтей бастағанда, ол да айналасына өзінен бірдеңе бере алады. Энергия береді. Ол энергия басқаларды да шабыттандырады. Бірақ ол жерде де өзінің мөлшері бар, оның бәрін біліммен реттейді. Сен кімнен кемсің, жарқырап киін, спортпен айналыс, йогаға бар. Қағазға көміліп отыра берме, кім бағалап жатыр оны, денсаулық өзіңе керек. Мына отырыспен… қимылсыз, компьютер алдында ұзақ отыратындардың ғұмыры қысқа болады, ғалымдар зерттепті. Және де осы жаста әйел өзін табуы керек, ертең балалар өседі, кетеді жан-жаққа, сол кезде қалай қартайғаныңды білмей қаласың. Жадыра Шамұратова «Сандық»
– Қаныш ағай – үлкен ғалым ғана емес, қоғам қайраткері, халқымыздың бағына жарық жұлдыз боп жаралған кешегі Шоқан, Абай, бүгінгі Мұхаңдай ұлы перзенті! Ондай алып кісінің тұлғасын жасау үшін тым үлкен талант, зор, шеберлік керек. Ал мен… – деп дереу жалтара бастап едім. – Міні, міні, біздің қазақты сорлататын нақ осындай құрып қалғыр жалған сыпайылық! «Мен емес, басқа біреу, менен де гөрі мықтырақ әдебиетші…» деп өзінен басқаға итеру… – Әлекең кәдімгідей кейіп, қазақтың кертартпа мінезін мінеп, бүгін істейтін шаруаны ертеңге қалдырғыштығын да әжуалап біраз сөйлеп кетті де, іле сабасына түсті. – Біз осында, Мәлік Ғабдуллин, тағы біраз ағаларың өзара ақылдастық, ақыры жөндескен пәтуамыз – сенің мамандығың Қанекеңе жақын, ал жалаң әдебиетшілерге бұл тақырыпты игеру қиындау тиер, өйткені ол кісінің ілімін инженердей түсіне алмайды. Бір ме? Екінші, сен әлі жассың. Жас адам, әсіресе сендей жас қаламгерлер алдына таудай биік талап, қиын міндеттер қою керек! Ау, сендердің жасыңда Мұхаң, иә кеше ғана арамыздан кеткен марқұм Мұхтар Омарханұлы «Қилы заман», «Қарагөз», «Еңлік-Кебекті», «Қараш-қараш» тәрізді кесек туындыларды үйдек-түйдек беріп тастаған-ды… Медеу Сәрсеке «Қуғындалған Сәтбаев»
Жігіттің бір жағынан сергек болғаны абзал. Екіншіден қайда барсаң да адал бол. «Адал адам алаңсыз ұйықтайды» деуші еді бұрынғылар. Арсыздың ұйқысы шала келеді. Адал, шыншыл болсаң, арың таза жүреді. Сәуірбек Бақбергенов «Қайран шешем»
Адам қайта балалық шағында ақылдырақ бола ма деп қалдым. Ол кезде ойынға да, мектепке де, үй шаруасына да, тіпті армандауға да уақытымыз молынан жетіп жататынды. Ал, есейіп, ер жеткен соң «уақыт жоқ» деген сылтауды қалай қолдану керектігін мықтап меңгеріп алдық. Біз өз жалқаулығымызды осы арзан сылтаумен бүркемелеп, өзімізді-өзіміз алдап жүрген жоқпыз ба? Кейде маған солай боп көрінеді. Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді»
Оқыған адам ой айтқыш, оқымаған «қой...» айтқыш. Жақау Дәуренбеков «Ойдауа»
Шіріген жемістерге қарағанда шіріген жандар жиіркенішті көрінеді... Сол бір шіріген, көгерген, сасық алмұрт сияқты жан дүниесі бүлінген жандар да сасық иістерін бүкіл әлемге мүңкітіп таратады... Айгиз Баймұхаметов «Ертегісіз өткен балалық» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 5 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |