17/03/2025, 23:44 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Әбе отызға келген жігіт жаспын десе – қазақтың рухани азып құрығаны болар сірә, туған жер үшін отқа күю керек, терең суға да түсу керек! Елім деп еңіреп, жерім деп тебіреніп жүріп еңбек етпеген азаматты тегінде басына ақ жаулық байлап, қазан-ошақ басына қою керек… Медеу Сәрсеке «Қуғындалған Сәтбаев»
Әжесінің сандық ашқан сайын бір бума ақ матаны алақанымен сипап өтетін әдеті. Бұнысы «кебінім ғой» деп әспеттеп, арасына қалампыр салып жинап қойған кәдімгі ағзон мата. Келіні мен қыздарын шақырып алып: «Ертең мен өлгенде ішіме кіретін жеті адамға үлестіретіндерің» деп тәптіштей беретін таза маталар мен «қарама, үшіме пайдаланып, жеті күндігімді бергенде қазан басындағы келіншектерге үлестіресіңдер» деп жинап қойған пілдің суреті бар шайлар мен ақ орамалдар бір шеттен көзге шалынды. Жадыра Шамұратова «Сандық»
Арман – адамның канаты емес пе? Олай болса, неге біз ер жеткен соң тәтті қиялға берілуге, ізгі мақсатты армандауға уақыт таппай қаламыз? Тіпті бос арман, құрғақ қиял деп әлі де жас балаша армандай алатын жандарды мазақ ететін кездеріміз де болады ғой. Бір кезде адамға қанат жасап, аспанға ұшыруды армандаған жандарды: «Есі ауысқан екен», – деп тірідей отқа тастап, өртегені көне көз тарихқа жақсы мәлім. Бірақ табиғаттың бүкіл әлемдік ұлы заңдарын ашқандар, сол «қияли жандар, есі ауысқандар» ғой. Онда біз неге бүгінгі арманшылдарға миығымыздан күліп қараймыз? Қазіргі қолда бар нәрсенің бәрі бір кезде тек адамдардың қиялында ғана болды емес пе? Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді»
Әке өсиетінен Қаныштың тағы-тағы түйгені: ол әрдайым ата-баба әруағын сыйлап, оған дұға арнап жүруі керек. Дауыстап оқымасаң да іштей ниет қылсаң – сауап. Ебіней Бөкетов «Жас Қаныш» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 10 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |